Суретті түсірген – Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ
Мұны айтып отырғаным, бала кезімізде жылқыға жаманауыз жиі тиетін. Аңшылар сайланып шығады, түз тағысы алдыра бере ме? Басқа өңірді қайдам, біздің елде қардың бетімен жүретін «Буран» көлігі бола қоймады ма екен, жылқыға күзет қойып, ел «қырғын» болатын. Ақ, адал малы ит-құсқа жем болғаны оңай дейсіз бе? Қанша жерден жылқышылармен бірге күзет қойып, аңшылар сайланып шығып, қуып-үркітіп, арасында атып алып жатса да, ананың байталын, мынаның жабағысын жеп кетіп жатады. Қар бекіген сайын жаманауызың да құтыра түседі. Бірінен соң бірін топырлатады. Қазір ғой, техниканың күші озып, басылып тұрғаны. Ертеде елдің жылқысын топырлатып жеп, көп шығынға ұшырататын. Болмаған соң, халық жылқысын қолына алады. Күндіз бағып, іңірттетіп әкеліп қорасына қамайды. Ондайда шөп шақ келе ме? Қой мен сиырға шауып, үйген пішенді отап салады жылқы жарықтық. Әйтеуір ел болған соң бір-біріне сүйеніп амалдап тығырықтан шығады ауыл.
Бір ғажабы, біздің үлкен үйдің жылқысы алты ай қыс далада жата беретін. Атама біткен Торы айғыр үйірінен шашау шығармайтын жылқының пірі еді, жарықтық. Алты ай қыста бір жабағы жегізбейтін, ұрыға да алдырмайтын болса керек. Үйір шығынсыз, аман-есен далада қыстап шығатын. Қасқыр маза бермеген соң ел қыс ортасында жылқысын қорасына әкеп бағып, далаға көктемде бір-ақ жібереді. Бұл уақта атам үйінің жылқысын әкем даладан түгендеуге әкелер еді. Жылдар бойы солай жалғаса берді. Бес, бәлкім одан да көп жыл. Бір күні қыс ортасында жылқы түгендеуге кеткен әкем «Торы айғыр жоқ» деп келді. Жемтігін кейін іздеп зорға тауыпты, ит-құсқа ақыры өзін алдырған екен жануар. Торы айғырды қасқыр жеп кетіпті. Қаншама жылқыны бірнеше жыл аман сақтап келген Қамбар атаның құтындай жануар, тіршілігінде жауға бір құлын бермей, соңында өзін құрбан еткені – адам баласын ойландырмай қоймайды. Жылқы-екеш жылқының өзі ұрпағы үшін жанын беріп, ерлікке барып тұр ғой. Бұдан кейін жылқының естілігі туралы қаншама шығарма оқып, кино да көрдік. Соның бәрінде осы Торы айғырдың ойқастап үйірін бөріден қорғап жүргені елестейді. Әкем айтатын «бірде бұрқасындатып жылқы түгендеуге барсам, үйір төбенің басында шоқтай болып иіріліп тұрғанын алыстан көрдім, айғыр сыртында ойқастап жүр екен. Мен барғанша, үйірін айналып солай ойқастаумен болды. Желе жортып жетсем, төбенің астында бес бөрі кетіп барады екен. Соңдарынан мылтық аттым. Қар белуардан болса да, жылқы тұрған жердің топырағы көрініп қалыпты, қаншама уақыт алысып, күш қылады екен ғой, жануарлар» дейтін.
Жылқысы мұндай қазақтың жұрты қалай жатбауыр болмақ. Жылқы мінез ел емес пе едік?