Спорт • 29 Тамыз, 2024

Алмастың асуы: IJF президентінің кеңесшісі қазақ жігіті туралы не білеміз?

124 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кейінгі екі жазғы Олимпия ойындарында еліміздің боксшылары сүреңсіз өнер көрсеткені мәлім. 2021 жылы Токиода біздің жігіттерге қос қола медаль ғана бұйырды. Сол кезге дейін төртжылдықтың басты додасынан бас жүлдесіз оралмаған біз үшін бұл үлкен соққы еді. Арада үш жыл өткен соң, тағы да сәтсіздікке ұшырадық. Парижде жалғыз күміске қолымыз жетті. Нәтижесінде, жоғарыда аталған екі жарыстың қорытындысында жерлестеріміз қалың топтың арасында қалып қойды.

Алмастың асуы: IJF президентінің кеңесшісі қазақ жігіті туралы не білеміз?

Иә, кейбір жекпе-жектегі төре­шілердің шешімі күмәнді болғаны рас. Таразы басы теңселіп тұрған бәсекеде олар қарсы жақтың қолын көтерді. Оны көзіміз көрді. Тіптен біздің жігіттер басым болған жағдайда да қазылар қиянат жасаудан арланбады. Әділетсіздікке күйінген жанкүйерлер «Осы спорт тізгінін ұстаған басшылар ай қарап жүр ме? Олар Парижге жай қыдырып қайту үшін ғана барған ба? Жерлестерімізге араша түсетін бірде-бір атпалдай азаматтың табылмағаны ма?» деген жанайқайын жеткізді. Осындайда елдің елдігі сынға түскен кезде арамызда Бекет Махмұтовтың жоқтығы анық сезілді. Шоқтығы биік тұлға АИБА-ның бірінші вице-президенті болып, ел боксының басы-қасында жүргенде қазақ боксшыларына ешкім қиянат жасай алмайтын. Кейіннен ол бұл саладан алыстаса, 2020 жылы фәниден бақиға аттанды. Шыны керек, Бекет Сапабекұлы кеткелі қазақ боксының басынан бағы тайғандай...

Ал дзюдо күресінде ешбір басшы мен қосшыдан қаймықпай, ақырып теңдік сұрай алатын дара тұлға бар. Ол – Алмас Әлсенов. Бұл азамат қазіргі кезде Халықаралық дзюдо федерация­сы (IJF) президенті Мариус Визердің кеңесшісі қызметін атқарып жүр. Оны дүбірлі додаларда жиі жолықтырамыз. Қашан көрсек те бірқалыпты, сабырлы, салиқалы, ешуақытта асып-саспайды. Әлсенов мырза қазақ балуандарына үнемі қамқорлық көрсетіп, оларды әр кез қолдап жүреді. Сол себепті IJF секілді 200-ге тарта мемлекеттің ұлттық федерациясының басын қосқан аса белді ұйымда қиянатқа жаны қас ерен тұлғаның бар екенін білетін қазылардың біздің дзюдошыларға қиянат жасауға жүрегі дауаламайды.

Алмас 1981 жылдың 14 тамызында Қарағандыда зиялы отбасында дүниеге келді. Әкесі Жеңіс Қаменұлы – техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ұзақ жылдар Қарағанды техникалық университетінің Тау-кен машина құрылысы кафедрасында еңбек етті. Анасы Гүлшара Мұқышева – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағандыдағы техникалық лицейдің директоры, жоғарыда аталған университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Саналы ғұмырын ғылым мен ұстаз­дыққа арнаған ерлі-зайыпты Әлсеновтер перзенттеріне жақсы тәрбие берді. Алмас бала кезінен музыкамен айналыс­ты, шет тілдерін жетік меңгерді. Бозбала шағында дзюдоға ден қойды. Күрестің осы түрінен біраз белесті бағындырды. Әуелі еліміздің жасөспірімдер мен жас­тар құрамасына қабылданды. 2000 жылы Азия біріншілігінде қола медаль иеленіп, Германияда ұйымдастырылған «Under 21 International Masters» турни­рінде бас жүлдені олжалады. Кейіннен ұлттық құраманың сапында өнер көрсетіп, бірқатар республикалық және ха­лықаралық турнирлерде та­бысқа жетті. 90 кг салмақтағы еліміздің белді балуандарының бірі болды. Спортпен шұғылдана жүріп, білімін де жетілдірді. Кейіпкеріміз Қаржы және несие мамандығы бойынша Астанадағы А.Құсайынов атындағы Еуразия гумани­тарлық институтын тәмамдады.

2004 жылы кезекті бір жарыста ауыр жарақат алған Алмас үлкен спортпен қош айтысты. «Иә, спорттық ғұмырым­ның келте болғаны рас. Әлі де бірер жыл күресіп, биік белесті бағындыруға күш-қуатым мен қажыр-қайратым жететін еді. Бірақ жарақат алғаннан кейін татамиге қайта оралудың мүмкіндігі болмады. Өз басым оған өкінбеймін. Өйткені дзюдоның маған бергені көп. Ең бастысы, осы спорт түрінің басты қағидасын қаперіме мықтап түйіп, сол қасиеттерді бойыма сіңіре білдім. Дзюдо маған түрлі ортаға тез бейімделуді, қандай да қиын жағдайдан шығудың жолын табуды, дене күші мен ақыл-ойдың қуатын тиімді пайдалануды және командалық жұмысқа машықтануды үйретті. Уақыт оза осы қағидаттарды мен жеке өмірімде де, бизнесте де ұтымды пайдаландым», дейді ол.

Балуандық мансабын аяқтағаннан кейін Алмас бизнеске мықтап ден қойды. Әуелі елімізде, одан кейін Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) мен Швейцарияда жеке кәсібін ашып, өзінің еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында шаруасын дөңгелетіп әкетті. Бизнестің бел ортасында жүрсе де, Әлсенов спорттан алыстаған жоқ. Керісінше, отандық дзюдоны өркендетуге барынша атсалысты. 2009–2013 жылдар аралығында ол Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті, одан кейін Азия дзюдо одағының маркетинг бойынша директоры, Еуропа дзюдо одағы президентінің кеңесшісі қызметтерін абыройлы атқарды.

Бұл күндері Алмас Жеңісұлы Швей­царияда тұрып жатқанымен, еліне жиі ат басын бұрып тұрады. Келген сайын спортты серік еткен жандарға қамқорлық көрсетіп, шапағатын тигізіп жүр. Мәселен, 2022 жылы ол өзінің кіндік қаны тамған Қарағандыда «Жеңіс» деп аталатын кәсіпқой дзюдо клубын құрды. Аталған ұжымның қатарына еліміздің бірқатар белді балуандары мен дарынды жастары қабылданды. Ерлер мен әйелдер құрамасының капитаны болып даңқты дзюдошылар Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова тағайындалды. Директорлық қызметті самбодан Әлем кубогінің иегері, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Талғат Байшолақов атқарса, жұмысты үйлестірушілер қатарында Тимур Тұрсынбаев пен Марат Айдашев сынды іскер азаматтар бар. Ал Ғалымжан Жылкелдиев, Сергей Раков, Андрей Штурбабин бастаған бір топ білікті бапкер шәкірттерді даярлайды. Қарағандылық ұжымның штаттық бірлігінде 35 дзюдошы мен 10 жаттықтырушы еңбек етеді. Олардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуға қаражат табу, спортшыларға еңбекақы мен сыйақы тағайындау, сол секілді басқа да қажетті шығындардың барлығы да – Әлсенов мырзаның мойнында. Айналдырған екі жыл аралығында «Жеңіс» клубының құлашын кеңінен жаю­ына 4 млн еуро жұмсады.

Былтыр «Жеңіс» клубы жергілікті дзюдо федерациясымен бірлесе отырып, Қарағанды облысындағы барлық дзюдо залдарына татами сатып әперіп, қажетті құралдармен жабдықтады. Балуандар мен бапкерлерді халықаралық стан­дарттарға сай спорттық киімдермен қамтамасыз етті. Оған қоса әр ай сайы­н қосымша тағам, қажетті витамин және дәрі-дәрумен әперіп тұрады. Бір сөзбен айтсақ, қазіргі кезде Қарағанды облысының құрама командасы мен «Жеңіс» кәсіпқой клубы мүшелерінің еш алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Ал дзюдошылар өз кезегінде жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен атқарып, түрлі байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтеріліп келеді. Бір ғана мысал, былтырғы желтоқсан айында Алматыда «Жеңіс» клубының жүлдесі үшін аса ірі халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде 11 мемлекеттен келген 17 команда күш сынасты. Сол жарыста «Жеңіс» сапындағы сайыпқырандар жасындай жарқылдады.

Кейінгі бір-екі жыл аралығында Алмас Жеңісұлының шақыртуымен дзюдо күресінің дүлдүлдері Қарағандыға келіп, жергілікті балуандарға шеберлік сабағын өткізді. Арқа төсіне ат басын бұрғандар арасында Жапонияның жұлдыздары Шохей Оно (Олимпия ойындарының екі және әлемнің жеті дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы) мен Дзёсиро Маруяма (әлемнің екі дүркін чемпионы, екі дүркін күміс жүлдегері, Азиаданың финалисі), Ресейдің марғасқалары Тамерлан Башаев (Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионы), Инал Тасоев (әлем чемпионы, сол жарыстың екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, сол жарыстың екі дүркін финалисі), Матвей Каниковский (Еуропа чемпионы) сынды саңлақтар бар.

2022 жылдан бері Алмас Әлсенов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүр. Күні кеше ғана Парижде өткен Олимпия ойындарында аса жеңіл салмақта сайысқа түскен Елдос Сметов финалда «Гран-Пале-Эфемер» кешенінде сан мың көрерменнің көз алдында жергілікті жұлдыз Луки Мхеидзені ұтып, бас жүлдені олжалағанда күллі Алаш жұрты бөріктерін аспанға атып қуанды. Сол бәсекені Эмманюэль Макрон да тамашалады. Жарыс аяқталғаннан соң, Франция президенті өзгені емес, «Жеңіс» клубының басшысы Алмаз Әлсеновтің қолын алып «Сізді және Қазақстан халқын дзюдо күресінен жеңіп алған Олимпиаданың тұңғыш алтын медалімен құттықтау – мен үшін зор мәртебе. Дәл осы тарихи оқиғаның біздің елде – Францияда болғанына қатты қуанып отырмын. Күллі Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа менің құттықтауым мен сәлемімді жет­кізіңіз», деп жылы лебізін білдірді.

Олимпия ойындары барысында еліміздің бірде-бір дзюдошысына көпе-көрінеу қиянат жасалмағаны баршаға мәлім. Осы мәселенің барлығын Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) президентінің кеңесшісі өз бақылауында ұстады. Белді ұйымда арқасүйер ағалары, әділетсіздікке тап болған жағдайда ақырып теңдік сұрай алатын азаматтың барын білетін қазақ балуандары бозкілемде барын салып айқасты. Өздерінің ерен еңбегі мен асқан шеберліктері, жанкештілігі мен жанқиярлығы, өжеттігі мен төзімділігі және қайтпас қайсар мінезінің арқасында Елдос Сметов чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Ғұсман Қырғызбаев қола медальді мойнында жарқыратты. Әбиба Әбужақынова үздік бестіктің қатарынан көрінді. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте жетінші орынға жайғасты. Бұған дейін отандық татами шеберлері дәл осындай биікке көтерілген жоқ. Жерлестеріміздің қол жеткізген орасан зор табысына бүгінгі кейіпкеріміздің де қосқан үлесі бар. Оның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Елге оралған соң, Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алмас Жеңісұлының кеудесіне «Құрмет» орденін тақты.

Енді, міне, Францияның бас шаһа-рында Паралимпиада ойындарының алауы тұтанды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыста еліміздің белді дзюдошысы, әлем чемпионы, Азия ойындары мен көптеген дүбірлі доданың жеңімпазы Ақмарал Науатбек өнер көрсетеді. Бұл балуан да Алмас Әлсенов жетекшілік ететін «Жеңіс» клубының мүшесі екенін де айта кеткен абзал.фч