Әдебиет • 29 Тамыз, 2024

Тұрмыс пен ұлы оқиғалар

74 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Цензура бар кезде мықты болған шығармашылық иелері цензура жойылып, еркін құлаш сермеуге мүмкіндік туғанда неге саябырсып қалды?» деген сөз жиі айтылады. Мұндайда тәуелсіздіктен кейінгі жас буынның күмілжіп қалатыны да рас.

Тұрмыс пен ұлы оқиғалар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, кеңестік кезеңде қазақ әдебиеті өзінің алтын дәуірін бастан кешірді деп жатады. Шоғыр-шоғыр шығармалар дүниеге келді. Рухани тұғыр биіктеп, әдебиетке деген өлшем өсті. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сынды әдеби газет-журналдардың таралымы шырқау шегіне жетіп, тіпті әрбір шопанның саптама етігінің қонышында жүрді. «Барында оралыңның ойна да күл, Советтің социалистік заманында» дейтұғын ұраншыл өнер де етек алды сонда. Қария уақыт бәрін екшеді. Қатал диірменнен өткен қадау-қадау дүниелер санамызда жаңғырды, болашақ кемесіне мінді.

Ал бүгін неге сол бір томдықтар сая­бырсып қалды? Әлбетте, әртүрлі факторды тарақтауға болады. Бірі Кеңес­тік кездегідей қомақты қаламақы мәселесінің жолға қойылмауы дер едік. Карл Маркс «Сананы тұрмыс билейді» деп бекер айтқан жоқ. Қазақтың Қадыры: «Мені еңбекқор еткен – кедейлік» десе, бұл сөздің жаны бар. Неге десеңіз, алдын ала қаржысын алған қаламгерлер емін-еркін шығармасын жазуға отырды. Ал тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі өліара шақтарда көп дарынның базар жағалап, нәпақа табу мұратына көшкені – шындық, трагедиялы шындық. Әлем әдебиеті тарихына назар салсақ, материалдық күштің шығармашылық иесіне едәуір әсер еткенін байқаймыз. Бальзак көптеген шығармасын ақша үшін тудырса, Есенин «Парсы саздарын» жазып болып, досына жолдаған хаты бар. Сонда өлеңдерден түскен қаржыны қарындастарына тезірек жеткізуді аманаттайды. Кейде саралап қарасақ, көптеген құнды дүние тапсырыс­пен жазылғанын аңғарамыз. Мәселен, сан ғасырға даңқы кеткен «Шахнама» дастаны Махмуд ханның арнайы тапсырысымен жазылғаны айқын. Ақыры дастанның әр тармағына бір алтын динар сұраған паң Фирдоуси мұратына жете алмайды. Бұл ақынның материалдық тәуелділіктен құтылу жолындағы ұмтылысы еді. Рүстем батыр арқылы бүкіл бір заманның келбетін көрсеткен «Шығыс жұлдызы» өмірінің соңында ханға қапа күйде қаза табады. Генрих Гейненің осы оқиға жөнінде арнайы балладасы да бар. Ал «Ұлы хас хажиб» атағын алған Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанын ханға тарту еткені белгілі. Тіпті әйгілі шығарма патшаның арнайы ықпалымен жазылған болуы бек мүмкін. Египет билеушісі Исмаил паша Суэц каналының ашылу құрметіне еліне әшекейлеп, манаттап опера театрын салғызады. Дүр өнер ордасын салтанатты рәсіммен ашу үшін патша әйгілі итальялық Джузеппе Вердиге музыкалық тың дүние жазуға тапсырыс береді. Солайша композитор қомақты қаламақыға бүгінге дейін құнын жоғалтпаған атақты «Аида» операсын өмірге әкеледі.

Әрине, материалдық жағдай өз алдына. Бірақ өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиеттің қарқындап өсуіне ең бірінші әсер еткен фактор, меніңше – Екінші дүниежүзілік соғыс. Өйткені Руссо айтқандай, «ұлы оқиғалар ұлы шығармаларды тудырды». Бұл – талассыз ақиқат. Нанбасаңыз, арғы-бергі тарихты саралап, терең ойға сүңгіп көріңіз, оқырман.

 

Робинзон Крузо

Жалғыз өзің жар жағалап адасып, елсіз аралда қалдың делік. Айнала тау, орман, сан-салалы қарағай, шетен, қойбүлдірген, бөртегүл, кәрі сексеуіл... Аспанға қарап, ойға шомып, арқыраған толқынға көз суарып, міне, сонда ғана сен өз жалғыздығыңмен қауышып, өзің туралы ойланар едің. Қайдан келдім? Осы уақытқа дейін не істеп жүрмін? Кімге ердім? Кімнен не естідім? Неден алдандым? Ал қазір... өз ішіңе енді үңіле бергенде, телефон шыр етеді, көлік дыбысы естіледі, бала жылайды... әйтеуір өзіңе келгенде уақыт та, басқа да тапшы. Өмірдегі барлық бақыт, байлық, жақұт, зүбәржат-әшекей өз ішіңде жатқанын білсең ғой. Білмеген соң, сырттан іздеп сандалып, тау-тасқа соғылып жүргенің. Дәл қазір саған бәрін тоқтатып, бір тұлғаға еліктеу керек. Кімге? Мысалы, Робинзон Крузоға. 

Соңғы жаңалықтар