Бизнес • 29 Тамыз, 2024

Шағын және орта кәсіп демеуге зәру

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет экономикадағы жеке сектор үлесін арттыру бағытына қарай белсенді ­ойысып келе жатыр. Кейінгі жылдары, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау кешенді түрде іске асырыла бастады. Шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлердің қаржылық ресурстарға қол жеткізуіне, бизнесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуіне жағдай жасау дәл қазір мемлекеттің басты міндетіне айналған.

Шағын және орта кәсіп демеуге зәру

Кәсіпкерлерді қолдау шаралары сан қилы. Қаржыландыру тетіктері­нің қатарында субсидия, грант, жеңіл­детілген несие мен салық жеңілдіктері ескерілген. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіп иелері жаңадан жабдықтар сатып алады, өндірісті кеңейтеді, қызметкерлер біліктілігін арттырып, бизнестің дамуы мен өсуіне ықпал ететін түрлі мақсатқа мойын бұрады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмриннің айтуынша, кейінгі жеті айда шағын бизнес саласында ­2 млн 25 000 компания жұмыс істеп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10%-ға өскен.

«Ал орта кәсіпкерлік сегментінде шамамен 3 000-ға жуық компания бар. Олардың өсу деңгейі өте төмен, 0,5%-ды әрең құрайды. Мемлекет басшысы орта бизнестің тұрақты дамуына қатысты нақты тапсырма берді. Біз шағын бизнестің орта бизнеске өтуіне, ал орта бизнес санының одан әрі арта түсуіне мүдделі болуымыз керек», дейді.

Сарапшылар шағын бизнестің орта биз­неске ауысуға асықпайтынын, ал орта биз­нестің жасанды түрде ұсақ фирмаларға бөл­шек­тену үрдісі бар екенін айтады. Оның төр­кінін мамандар заңнамадағы тұрақсыз­дық пен салыққа қатысты өзгерістерден іздейді.

«Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Мөлшерлемеге қатысты нақты ұсы­ныстар бар. Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісіп, орта бизнесті қолжетімді құралдармен қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қаржы шағын бизнес үшін де қажет. Қаржыландыру туралы сөз болғанда, әлбетте, мемлекеттік бағдарламалар алға тартылады. Таяуда Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау бағытында бизнестің жол картасы мен қарапайым заттар экономикасын біріктіретін кешенді шаралар бағдарламасын қабылдады. Онда несиеге кепілдік беру тетіктерінің қолданылу аясын кеңейту мен мемлекеттік шығындарды оңтайландыру мәселесі қарас­тырылған. Бизнесті қолдауға қатысты мем­ле­кеттік бағдарламалардың бүгінде қанша­лықты тиімді болып жатқанын бағалау әрі талдау маңызды», дейді «Атамекен» өкілі.