Сабақтастық жалғасады
VIII шақырылым депутаттарының өткен сессиядағы белсенділігі айқын байқалып, өзектілігі көзге ұрып тұрған көптеген заң жобасының қабылдануына бастамашылық етті. Олардың арасынан әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын және ел азаматтарын лудомания дертінен алшақтататын заңдар қабылданып, қолданысқа енді. Бұдан басқа да еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына серпін берер бірқатар заң қабылданып, сыртқы саясаттағы мәселелерді реттейтін бірталай келісім ратификацияланды.
Жалпы өткен сессияда Мәжіліс қарауына жалпы саны 154 заң жобасы келіп түскен. Оның 81-іне қатысты әлі тиісті шешім шығарылмаған, яғни әлі депутаттар қарауында жатыр. 154 заңның 68-і қабылданып, Сенатқа жолданған екен. Ал Сенат ол заңдардың ішінен бесеуін өзінің биылғы сессиясының күн тәртібіне алып қалып, қалғанын мақұлдап Ақордаға жіберген. Президент қол қойып, қолданысқа енгізген заңдардың саны – 50.
Сондай-ақ жақсы үрдіс болып қалыптасқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін өткен сессияда Парламент заңнамалық база қалыптастырғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамалардың бірі. Енді осы сессияда бұл жобаның да жетілдіре түсер тұстары Мәжіліс назарында болар деген ел үміті бар.
Жалпы, өткен сессия жұмысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкеліп, қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов биыл Парламент жазғы демалысқа шыққан қос палатаның бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын бергенін атап өткен болатын.
– Алдағы сессияда да осы қарқыннан таймауымыз қажет. Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау негізгі басымдық болып қала береді. Еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастырамыз, – деген еді Е.Қошанов.
Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істемек. Сонымен қатар мүлде жаңа Цифрлық кодекстің талқылауға түсуін күтіп отыр.
– Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осылай тығыз жұмыс істеу арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, елімізді өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін, – деген Палата спикері Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажеттігін де айтып өткен.
Су кодексінің шикілігі көп
Жаз бойы елді аралап, сайлаушылармен кездескен депутаттардың алды Астанаға оралып жатыр. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов та электораттың аманатын арқалап, блокнотына біраз мәселені түртіп алған екен.
– Биыл жазғы каникул кезінде өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, көптеген мәселемен таныстым. Өңірлерге шыққанда бірінші кезекте халыққа сол қабылданған заңдардың заңдылық негіздерін жеткізу, елдің құқықтық сауатын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісіне көңіл бөлдік, – дейді Ж.Әшімжанов.
Мәжіліс депутаты уақыт жылжыған сайын барлық бағытта қордаланып қалған мәселелер аз емес екенін де ашып айтты.
– Биыл Алматы, Жетісу облыстарын қатар аралап шықтым. Негізінен шалғай ауылдарға, алыс бөлімшелерге, шекара бойындағы елді мекендерге ат ізін салдық. Жалпы алғанда, еліміздегі проблемалардың бәрі ортақ мүддеге келіп тіреледі. Дегенмен әр өңірдің, әр аймақтың өзіне тән ерекшелігі бар. Соған байланысты депутаттар да өзінің электоратымен жұмыс істейді. Алматы облысында да, Жетісу облысында да шекаралық өңірлерде қалыптасқан проблемалар баршылық. Ең негізгілері – инфрақұрылымдық мәселелер. Яғни жол, ауыз су мәселелері, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдер, әлеуметтік нысандардың жай-күйі, денсаулық сақтау саласындағы, білім жүйесіндегі ахуалдар, үш ауысымды мектептердің проблемасы, шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің қолжетімсіздігі сынды өзекті жайттар тағы да алдымыздан шықты, – дейді Жанарбек Әшімжанов.
Мәжіліс депутаты әлі қолданыстағы тиісті заң жобалары бар екенін және күзде келіп, «Amanat» фракциясы, өзі қатарына кіретін комитет осы бағыттардағы жұмыстарға білек сыбана кіріспекші екенін атап өтті.
Депутат Мәжілістің санаулы күндерден кейін іске кірісетін кезекті сессиясында қаралатын заң жобаларының ішінде Су кодексіне қатысты да пікір білдірді.
– Бұл кодекске қатысты біздің өзіндік көзқарастарымыз, ұстанымдарымыз бар. Өйткені ашығын айту керек, кодекс Мәжіліске шикі күйінде келді. Үкіметтің дайындаған заң жобасы көңілімізден шықпады. Бұл – төменгі палатаның күн тәртібінде тұрған ең маңызды заң жобаларының бірі, – деді Ж.Әшімжанов.
Салық кодексінде де кемшілік бар
Ал жуырда ғана өңірлерді аралап келген «Respublica» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров тұрғындар айтқан мәселелерді Парламентте көтеруге уәде беріп отыр. Айтуынша, еліміздің өзге өңірлеріндегідей, шығыста да проблемалар жеткілікті екен.
Депутатпен кездескен Абай облысының кәсіпкерлері мен шаруалары шағын кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін көтеріпті. Жергілікті өндіруші компания өкілдері Үкіметке Кәсіпкерлік кодексіне қарағанда Салық кодексі маңыздырақ екенін айтып, қынжылған. Кәсіпкерлердің ұстанымы керісінше: күшті бизнессіз салықтың да мәні болмайды. Сондай-ақ несиелерді кепілдендіру және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несиелендіруге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың шапағаты кәсіпкерге жеткенше мәні қалмайтын көрінеді. Экологиялық төлемдерден салық шегерімдерін көтеру мәселесі де өзектілігін жойған жоқ.
– Мәжілістегі «Respublica» партиясы фракциясының алты депутаты еліміздің 15 өңірін аралап шықты. Басты міндет – сессияның басында жұмысымыздың негізін құрайтын проблемалық мәселелерді жинақтау. Олардың бірқатарын Үкіметке депутаттық сауалмен жолдаймыз, басқалары бойынша жұмыс топтарын құрып, нақты министрліктермен жұмыс жүргіземіз. Салық шегерімдері бойынша: кәсіпкерлерден ауыртпалықтың бір бөлігін алып тастау және қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеуді мемлекеттік бюджеттен қарастыру туралы ұсыныс жасауды жоспарлап отырмыз, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Жаңа сессия жұмысында Парламентке, Үкіметке қатысты тағы да бағыт-бағдарлар нақтыланып, қосымша міндеттер жүктелмек. Депутаттар өңірлерден жинап келген жүйелі проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу керек болса, заң жобаларына өзгерістер енгізуге әрекет ететіні сөзсіз.
Ашығын айтқанда өңірлерле қордаланған түйткілді мәселелер әлі де азаяр емес. Олардың тағдыры тек Мәжіліске, заңдарға ғана қарап тұрған жоқ. Үкіметке, жалпы жергілікті атқарушы билікке, облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихаттардың құзыретіне тіреліп тұрған біраз жұмыс бар. Ендігі сессияда Парламентке ел-жұрттың да артып отырған үміті аз емес.