Сот жүйесі үшін Конституция күні ерекше маңызды. Себебі судьялар конституциялық құндылықтарды, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды іске асырады. Қазіргі таңда Әділетті Қазақстан құру үшін заңның үстемдігін, әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету басты міндет және солай болып қала береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сот жүйесін реформалау және цифрландыру бойынша бірқатар заңнамалық әрі практикалық шара қабылданып жатыр.
Жоғарғы сот басшылығымен әкімшілік әділет саласын, ювеналды соттардың соттылығын кеңейту, кассациялық сатыдағы сотты өз алдына дербес шығару, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін жеңілдету және судьяларға жүктемені теңестіру үшін қалалардағы бірінші сатыдағы соттардың біріктіріп, болашақ судьяларды даярлау бағыты бойынша да нақты қадамдар жасалып жатыр. Осы және басқа да жаңашылдықтың барлығы сот жүйесінің басты міндетін шешу, яғни сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары сапасын қамтамасыз ету болмақ.
Биыл қазан айында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан судьяларының IX съезінің өтуі жоспарланып отыр. Аталған кездесуде кейінгі төрт жылда атқарылған жұмыстың есебі тыңдалып, сот жүйесінің алдына қойылатын мақсаттар айқындалады.
Сот саласында қызмет жасап, Сот төрелігі академиясын тәмамдап, Жоғарғы соттың және Жоғары сот кеңесінің жас мамандарды қолдауымен, Президенттің сенім білдіруімен алғаш рет Астана қаласы бойынша ең жас судья болып тағайындалдым. Сондықтан биылғы Конституция күні мерекесінің менің өмірімде алатын орны ерекше.
Отандық сот жүйесінің алдында келелі мақсаттар тұр. Бұл – сотқа деген көпшіліктің сенімін арттыру. Осы орайда отандастарымызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, заң үстемдігін жүзеге асырудағы қызметте табыс тілеймін.
Рахымжан ДҮЙСЕНБАЙ,
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы