Сенат • 03 Қыркүйек, 2024

«Senat Open» республикалық турнирінің финалдық кезеңі

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шахматтан Парламент Сенатының Ашық кубогі – «Senat Open» турнирінің финалдық кезеңінің ашылу рәсіміне қатысты.

«Senat Open» республикалық турнирінің финалдық кезеңі

Суретті түсірген – Н.БАЙБУЛИН

«Senat Open» сайысына 2000-нан астам әуесқой шахматшы қатысты. Олардың қатарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, облыстық және қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері бар.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мұндай турнирлер елімізде, оның ішінде өңірлерде шахматты дәріптеп, дамытуға айтарлықтай ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ ол бұл бағытқа Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде шахматты дамытуға және дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның аясында зияткерлік ойынды дәріптеу мақсатымен «Senat Open» турнирін өткізуді қолға алдық. Сайысқа Парламент пен мәслихат депутаттары, әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Бүгін – 5 айға жалғасқан турнирдің шешуші кезеңі. Финалдық кезеңге облыстық, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент мәслихаттарының төрағалары бастаған барлық өңірдің делегациялары қатысып жатыр», деді Палата спикері.

Сонымен қатар Сенат төрағасы былтыр елімізде Шахматты дамытуға арналған 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат шахматты балалар мен ересектер арасында кеңінен насихаттауды, отандық шахматшылардың әлемдік аренадағы деңгейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ қазіргі таңда мектептерде шахматты үйрету «Денешынықтыру» пәнінің үлгілік оқу жоспарына енгізілгенін айта кеткен абзал. Соның нәтижесінде жүздеген мектепте шахмат спорты бойынша факультативтер жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Senat Open» турнирі Парламент Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр. Іріктеу кезеңі 21 сәуірде басталды. Жарыс еліміздің барлық өңірінде, нақты айтқанда, 15 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада ұйымдастырылды. Әр өңірден үздік 25 ойыншы солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталық болып аймақтық қағидат бойынша құрылған жартылай финалдың бірінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Солардың арасынан Астанада өткен финалдық кезеңге 120-дан астам шахматшы жолдама алды.

«Senat Open» турнирі мәслихат депутаттарын, қоғам қайраткерлерін және БАҚ өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырған шахмат марафонына айналды. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылды нығайтуға септігін тигізді. Осындай ынтымақтастық шахматты халық арасында кеңінен дәріптеуді, мектеп бағдарламаларына шахматты енгізуді және зияткер ұлт қалыптастыруды көздейтін жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл біздің ұлттық мүдде жолындағы басым бағыттарымыздың бірі. Биыл алғаш рет өткізілген Сенат кубогі дәстүрлі жарыс­қа айналады деп сене­мін», деді KazChess президенті Тимур Турлов.

Айта кетейік, финалдық кезең­нің жеңімпаздары 9 турдан тұратын рапид сайы­сының қорытындысы бойынша анықталды.