Білім • 03 Қыркүйек, 2024

Университет экожүйесін дамыту қадамы

127 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сапалы білім – кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші. Осыған байланысты еліміздегі жоғары оқу орындары эко­жүйесін бәсекеге қабілетті ету уақыт талабынан туындап отыр. Кейінгі жылдары республикадағы білім сапасына, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы, оқытушылар құрамы мен білім бағдарламаларын жетілдіру мәселесіне қатысты сын жиі айтылады. Әсіресе рейтинг көрсеткіші мен білім сапасы сәйкес келе бермейтін университеттердегі білім үрдісіне алаңдаушылық басым.

Университет экожүйесін дамыту қадамы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазіргі кезде елімізде статис­тика бо­йынша 120 жо­ғары оқу орны бар. Оларда білім ­алатын студенттер саны 700 мың­ға жуықтайды. Ендігі кезекте білім алу­ға талпынған жастарға заманауи мүм­кіндіктер қарастырып, әлеуметтік эко­жүйеге де басты назар аудару қажет бо­лып отыр. Бұл өңірлерден келетін студент­тер­ді баспанамен, заманауи жабдықталған аудиториялар, ғылыми зерттеулерге арнал­ған зертханалар, оқу-әдістемелік кешенге бай кітапханалар, коворкинг орталықтармен қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

Бүгінгі таңда республикадағы жоға­ры білім мекемелерінің цифр­лық эко­жүйесіне ерекше назар аудару­дың ма­ңызды екеніне көз жеткізіп отыр­мыз. Осы орайда «LMS» (Platonus, Univer, Moodle және басқа) платформалары­­на қосу жұмыстары, инновациялық технологияларды қолдануда «Coursera», «Huawei Technologies Kazakhstan» «LLP», «Binance Kazakhstan» сияқты ірі компаниялармен ынтымақтастық жал­ғасады. Бүгінде «Huawei» сер­тификатталған курстары 35 жоғары оқу орнында іске асса, «Binance Ka­zakhstan» қолдауымен 22 жоғары оқу ор­нында ақпараттық технологиялар фа­культеттерінің оқытушылары блокчейн-технологиялар бойынша білімін толықтырды. «OpenSearch» жобасына ІТ саласындағы студенттерді тарту және салалық деңгейде тәжірибе жинақтау мақсатында министрлік пен «Amazon» компаниясы меморандумға қол қойып, биылғы оқу жылында 15 жоғары оқу орны «Google»-дың жасанды интеллект курсын енгізе бастады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Google for education» қанатқақты жобасына қатысуы жоғары білім кеңістігінде жаңа білім дағдыларын игеруге ықпал етеді. Осы орайда педагог кадрлар даярлауда көш басында тұрған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында Лотарингия университетінің (Франция) филиалы ашылып, екі университет арасында ынтымақтастық жасалды. Бұл бағытқа 95 грант бөлінген. Білікті мамандар даярлау мақсатында ҚазҰПУ-да биыл ректор бастамасымен 2-4 курстың үздік студенттеріне «Абай шәкіртақысы» тағайындалды. Мұнымен қоса университетте Түркістан, Алматы облыстарынан келген студенттер көш бастап тұрса, биылғы оқу жылында Алматы қаласынан түскен студенттер қатары көбейген. Жаңа формациялы педагогтермен қамтамасыз ету мақсатында Астанада Абай универ­ситетінің білім факультеті ашылып, 297 грант бөлінді. Ал биылғы оқу жылынан бастап педагог дағдыларын шыңдау үшін 1-курс студенттері мектептерде тәжірибеден өтеді.

Жоғары білім беруде бәсекелестік көшінде көп арасынан оза шабу білім сапасымен ғана айшықталмақ. Осы орайда білікті кадрлар даярлауда білікті басшының рөлі жоғары екенін көре­міз. Республикада білікті басшылармен қамтамасыз ету мақсатында ректорларды конкурс арқылы тағайындау жүйесі де университеттерді дамытуда басымдыққа ие болып келеді. Осы негізде ректорлық корпус 50 пайызға жаңартылған. Ал «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың да басшылыққа келуі білім кеңістігінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенім мол.

Мұнымен қоса қазіргі кезде 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орындары іріктеліп, академиялық шебер­лік орталықтарын құру көзделіп отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоға­ры білім министрі С.Нұрбек: «2029 жыл­ға дейінгі Жоғары білім мен ғылым­ды дамыту тұжырымдамасында «университет ғылымы» бөлімі көздел­ген. Онда технологиялық және инжиниринг парктерін құру, университеттер мен ғылыми ұйымдарды интег­рациялау, эн­даумент-қорларды қа­лып­тастыру сияқ­ты үш негізгі бағыт шоғырланады. Мемле­кет басшы­сы­ның тапсырмасы аясын­да ғылыми зертха­на­лар мен тәжірибелік-сынақ инфра­­құрылымын дамытуға мақ­сатты грант бөлініп, университеттер жа­нын­дағы ғылыми-технологиялық парк­тер­ді қолдау бағдарламасы іске аса­ды. Бағдарламалық-нысаналы қаржы­лан­дыру аясында конструкторлық бюролар, инжинирингтік орта­лық­тар, бизнес-инкубаторлар, иннова­ция­лық орталық­­тар, технология­ларды ком­мерция­ландыру ­мен трансферт­теу­дің өңірлік орталық­та­ры, жобалық кон­структорлық бюролар жұмыс істеуі үшін университет­­­­тер жанындағы ғылы­ми-технологиялық ­парк­­тер мен инжи­нирингтік орталық­­тар­­ға қолдау көрсету пысықталып жатыр», деп атап өткен еді.

Студенттер мен жас ғалымдар зерттеу экожүйесі мен жаңа технология­ларды дамыту мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ және Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-ге зерттеу университеті мәртебесі беріліп, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми зерттеу хабы құрылды. Биыл бұл оқу орны базасында Гонконгтің «CityU» университеті ашылғаны белгілі. Ендігі кезекте Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық негі­зінде ҚазҰТЗУ-да Корея өнеркәсіптік институтымен сирек металдар орта­лы­ғын құру жөніндегі келісім жа­сал­ды. Сарапшылар университеттер база­­сындағы зертханалар жаңа инно­вациялық жобаларға серпін беріп қана қоймай, технология саласында бренд қалыптастыру қажеттігін алға тар­тады. Заманауи зертханалармен қам­тамасыз ету талантты жастардың әлем­­дік технологиялар көшіне ілесуге ықпал етеді. Ол үшін инновациялық қадамдармен қатар студенттерге қолай­лы жағдайлардың да жасалғаны керек. Өйткені көп жағдайда студенттер зертханада зерттеулер жүргізіп, өнді­рістер­де тәжірибеден өткеннен гөрі күн­де­лік­ті әлеуметтік жағдайына көп көңіл ауда­ра­ды. Сондықтан университеттер білікті маман, болашақ ғалым, өндіріс инженерле­рін даярлауда озық тәжірибелерге назар аударғаны абзал.

Жоғары оқу орындары қауымдас­ты­­ғының президенті Рахман Алшанов­тың пікірінше, елімізде өңдеу өнер­кәсі­бін­де ­мамандар жетіспейді. Көлік, аграрлық сала, құрылыс және басқа да са­ла­­ларда шикізатқа бағытталған өн­­­ді­ріске өнеркә­сіп инженерлерін даяр­­­­лау уақыт күттір­мейді. Қазіргі кезде шағын және орта бизнес ­заманауи ма­ман­дарға мұқтаж. «Өкі­ніш­ке қарай, әр­түрлі саладағы кәсіпорын­дар мен аймақ­­тарда өндіріске бағыттал­ған кадр­ларға сұранысты нақты анықтай ­алмай отырмыз. Ал жаңа технологиялар­мен жабдықталған өндірісте жұмыс істеуге озық технологияны игерген мамандар қажет. Ал ол мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары. Сондық­тан уни­верситеттер де, кәсіпорындар да маман даярлау мәселесінде инновациялық бағдарды бірлесіп жүзеге асыруы қажет», дейді профессор.

Министрлік дерегіне сүйенсек, биыл озық кадрлармен қамтамасыз ету мақ­сатында жоғары оқу орын­дары­ның, әкімдіктердің және бизнес-құры­лым­дармен бірлесіп, «Мамандығым – бола­шағым» жобасы жалғасын табады. Бүгінде Маңғыстау, Атырау, Ақ­төбе, Ақмола, Жетісу облыс­та­рында форсайт-мектептер ұйымд­асты­рылып, 50 жоғары оқу орны жаңа білім бағдарламасын енгізіп отыр. Ал «EduSystem» компаниясымен ын­тымақтастық аясында инновациялық бағ­дарламалау мектептері ашылып, 20 өңірлік университетте іске аспақшы. Ол Ш.Есенов университетінде қанатқақты жоба ретінде жүзеге асатын болса, Жез­қаз­ған қаласында Ұлытау техникалық ­ун­­иверситеті, Қонаев қала­сында инно­ва­циялық орталығы, жаңа заманауи уни­верситеті бар академиялық қалашықты тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр.

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында 200-ден астам бірлескен білім бағ­дарламалары мен қос дипломды бағ­дар­ламалар іске аса бастады. 8 мыңнан астам білім бағдарламасы енгізіліп, оның 50 пайыздан астамы жаңартылды. Осыған байланысты шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жал­ғасады. Еліміздегі білім жүйе­сін дамыту, халықаралық озық тәжіри­бені трансферттеу, шетелдік студенттер­дің үлесін арттыруға мүмкіндік бере­тін ынты­мақтастық аясында 19 стратегия­лық әріптестік, оның ішінде 15 шетел­дік жоғары оқу орындарының филиал­дары, 8 стратегиялық серіктестікке басым­дық беріліп отыр. Осы ретте ашылған ­De Montfort University Kazakhstan, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы Ұлттық ядролық зерттеу универси­теті С.Өтебаев атындағы Атырау Мұ­най және газ университетінің базасын­дағы Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситеті базасындағы Аризона уни­вер­ситеті, М.Дулати атындағы Тараз өңір­­лік университетінің базасындағы Д.Мен­­делеев атындағы Ресей химия-техно­логиялық университетінің филиалы, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің базасында ашылған Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты, Ш.Есенов университеті базасында қазақ-неміс консорциумы шеңберінде Берлин техникалық университеті филиалының ашылуы халықаралық кеңістікте бірлесе маман даярлауға ықпал етеді. Ендігі кезекте жоғары оқу орындарын ғылыми зерттеу форматына көшіру міндеті тұр. Осы бағытта шетелдік жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ Қазақстанда оқитын шетелдік студенттермен ты­ғыз ынтымақтастықты дамыту уақыт күттірмейді.

Қазіргі кезде жоғары оқу орындары студенттерін баспанаға мұқтаждық алаңдатады. Елімізде сапалы білім алу­ға бағытталған тетіктің бірі – жатақхана­мен қамтамасыз ету. Студенттерді жай­лы тұрғын-жаймен қамтамасыз ету бар­лық жоғары оқу орнында қыркүйек­тің ортасына дейін жалғасады. Қазіргі кезде еліміз бойынша 14 жоғары оқу орнындағы жатақханаларда күрделі жөн­­­деу, 63 жоғары оқу орнындағы 175 жатақханада ағымдағы жөндеу жүр­гі­зі­ліп жатыр. Десек те жатақхана жетіс­пеу­шілігі Алматы мен Астанада өзекті болып отыр. Министрлік жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын ны­ғайтуға мемлекет-жекеменшік әріп­тестік тетігімен жұмыс істей отырып, нәти­же­сінде, 27 мың орынға арналған 126 нысан, жыл соңына дейін 10576 орын­ды 27 жатақхананы пайдалануға беру­ді жос­пар­лап отыр. Заманауи дизайнда, жасыл кампус тұжырымдамасын жүзеге асыру қолға алынып, шетелдік студент­тік резиденциялар форматына сәйкес келетін жатақханалар салу көзделген. Оған мысал ретінде Алматы қаласында пайдалануға берілген «Emen» студенттер үйін айта кетейік. Нархоз акционерінің қаражаты есебінен салынған жатақхана жалпы ауданы 8700 шаршы метрді құрайды. Мұнда 3, 5, 7 қабатты ғимараттар кешені бар. Студенттер үйі жиһаз, техника, кли­маттық бақылау және автоматты өрт сөн­діру, жеке санитарлық тораптармен жабдықталған. Бөлмеге сандық код құлыптарын, саусақ іздерін сканерлеу арқылы кіруге болады. Алматы мен Астанаға оқу жылы басында студенттер көптеп келетіндіктен қазіргі кезде бір­ыңғай колл-орталық пен ахуал орталығы жұмыс істеп жатыр. Алайда студенттер санының жыл сайын ұлғайып бара жат­қаны жатақхана тапшылығы мәсе­лесін түпкілікті шешуге мүмкіндік бермейді. Мұның нақты шешімін сарапшылар өңірлерде жоғары оқу орындарын ашып, инфрақұрылымын дамытып, өндіріс аумақтары шоғырлан­ған өңірлерге қажетті мамандарды даяр­лайтын кеңістікті барынша жетілдіру қажеттігін алға тартып отыр.

 

АЛМАТЫ