Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 03 Қыркүйек, 2024

«Бірлік керуені» Астанаға жол тартты

94 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталатын күн таяп қалды. Этностық спорт түрлерінен өтетін дүниежүзілік додаға әр ай­мақтан қатысатындардың да қатары көп. Көшпелі жұрт өрке­ниетін қайта жаңғыртуды көздеген ойында Сыр өңірі атынан сынға түсетіндер Астанаға жол тартты.

«Бірлік керуені» Астанаға жол тартты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр ана» мону­ментіндегі «Бір­лік керуені» іс-шарасына қаты­сып, ойыншыларға сәттілік ті­леді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ­стандағы Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары ірі оқиға болмақ. Олар ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау үшін де, бауырлас ха­лық­тар – Ұлы дала көшпелі өр­кениетінің мұрагерлері ара­сындағы мәдени және гума­нитарлық байланыстарды ке­ңейту үшін де маңызды», деп атап өткенін білесіздер. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары аясында бүгінге дейін түрлі деңгейдегі 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Су алу рәсімі көнеден керуен тартқан, көшпелілер өркениетінің тарихынан сыр шертетін қарт Қа­ратаудың етегіндегі Са­уыс­қандық шатқалында өткі­зілді. Бағзы бабалардан қал­ған археологиялық мұра – Са­уысқандық петроглифтері қа­дым заман куәгері. Біздің за­ма­нымызға дейінгі ІІ мыңжылдық басында Ұлы даланың байрақты ұлдары өмір тіршілігін тасқа қашап жазып, әлемдік рухания­т пен мәдени мұраға өлшеусіз үлес қосқан шатқалдан басталған су алу рәсімі бүгін Қызылорда қаласында жалғасын тауып отыр. Сыр өңірінен Астана қаласына аттанатын киелі суды жеткізетін батырларымыздың, сенім артқан елшілеріміздің сапары сәтті болсын», деді өңір басшысы.

Нұрлыбек Нәлібаев керуен көшбасшысы, «Қазақстан барысы» Мақсат Исағабыловқа торсыққа құйылған суды табыс­тап, сайыста сәттілік тіледі.

«Сыр ана» монуметінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға жиылғандар Сыр­дан елордаға аттанатын батыр­лар мен елшілер керуенін қоше­метпен шығарып салды. Сән-салтанатымен сапарға аттанған керуен Бейбарыс сұлтан даңғы­лымен жүріп өтіп, жолға түсті.

Сананы серпілтіп, тарихи жадты жаңғыртатын ауқымды іс-шарада Сыр өңірінің атынан 3 спорт түрінен 4 жерлесіміз сайысқа түседі. Жалпы, 7 күнге созылатын жарыстарға 100-ден аса елден 3 мыңға жуық қа­ты­сушы келеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА