ЖОЛДАУ • 04 Қыркүйек, 2024

Жұмысшы мамандарды көтеретін уақыт келді

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы, әр жылғы Жолдаудың бір-бірінен айыр­ма­шы­лығы және үнемі байланысы болады. Олай дейтін себебім, мәселен, 2022 жылғы Жолдауда негізінен сая­си бағыт басым еді. Ал былтыр Президент көбіне экономикалық мәселелерге кеңірек тоқталды. Биылғы Жолдауда негізінен барлық сала, біраз бағыт қамтылды. Өзім «Ауыл» партиясының мүшесі болғандықтан, Жолдауда айтылған оннан аса бағыттың ішінен мені асыраушы салаға қарата айтылған мәселелер көбірек қызықтырды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты Үкіметтен беріліп жатқан қаржының жетпіс пайызы мемлекеттік бюджеттің ақшасы екенін атап өтті.

Жұмысшы мамандарды көтеретін уақыт келді

Осыны дұрыс игеру керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы субсидия мәселесін азайтып, орнына тауарлы-кредит беруді көбейту керектігін баса айтты. Бұл мәселені мен депутат ретінде де, азамат ретінде де бұрыннан қозғап жүр едім.

Жалпы, мен субсидия беруге қарсымын. Өйткені оның айналасын  жемқорлық та айналшықтап жүреді. Егер Мемлекет басшысы айтқан шаруаларға тауарлы-несие немесе төмендетілген несие берілетін болса, біріншіден, ол жерге сыбайлас жемқорлық жоламайды. Екіншіден, несиенің үстіндегі мөлшерлемесі төмен болатын болса, оған орта бизнес те, шағын бизнес те, ауылшаруашылық тауарларын өндіретін фермерлер де қызығушылық танытар еді. Банктен несие қаражатын алғаннан кейін кез келген адам бұл ақшаны қайтаруға борышты, мүдделі болады. Сондықтан бұл жерде жемқорлық жүрмейді. Президенттің осы төңіректе айтқан бастамалары көңіліме қонды.

Жұмысшы кәсіп иеле­рі­нің қатарын көбейту бастамасы да қолдауға тұрарлық. 2016 жылы Иранға іссапармен барғанымда осы мәселені көрдік. Сол кезде-ақ Иранда жұмысшы тап өкілдері өте қатты дамып келе жатқан. Қазір ол ел орта және шағын бизнесте жоғары деңгейге жетті. Біздің ШОБ қазір 7 пайызда тұр. Президент 2029 жылға қарай орта биз­нес­тің ел экономи­ка­сын­дағы үлесін 15 пайызға жеткізуіміз керек­тігін баса айтты. Осы межеге жеткізе алмай келе жатқан себебіміз неде? Бұл бірінші кезекте жұмыс­шы мамандықтардың тап­шы­лығының салдары. Жұ­мысшылар шын мәнінде жоқ. Елімізде 580 мыңға жуық студент колледжде оқиды екен. Олар оқуын аяқтаған соң, егер шын ста­тистикаға сүйенсек, 50 па­йызы жұмысқа тұрмайды. Өйткені колледж бітірген маманды бізде ешкім жұмысқа бірден алмайды. Барлық колледж жұмысшы мамандарды даярлап жатқандай көрінеді, бірақ олардың ешқайсысында кәсіби білік­тілік жоқ. Одан бөлек, дуалды оқыту дегенге де мен аса қатты сенбеймін.

Мекемелер мен өндіріс орындары өздеріне қажетті мамандарды колледждер мен  ЖОО-ларға тапсырыспен оқытпайынша, біз жұмысшы мамандарды даярлай алмаймыз. Мем­лекет басшысының айтып отырғаны – осы мәселе. Өйткені қазір біз­дің құрылыста, бау-бақша саласында да көбіне көр­шілес елдердің азаматтары жүргені белгілі. Неге осы жұмыстарды өзіміздің отан­дастар атқармайды? Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы қол еңбегі өкіл­дерінің мәртебесін көтеріп, жағдайын жасап, оларды марапаттаудың жолдарын қарастыру керектігін жақсы айтты. Жалпы, жұмысшы тапты көтермелеуіміз керек екені рас.

Сонымен қатар Прези­дент банк саясатын өзгерту керектігін де міндеттеді. Яғни Жолдауда цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету, банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды екені орынды айтылды. Бір сөзбен айтқанда, банктердің экономикаға көбі­­рек қаржы құюына жағ­дай жасау қажет. Бұл ретте Пре­зидент Банктер туралы жаңа заң қажеттігін ұсынды.

Расында, банк жүйесіне күрделі өзгерістер енгізу уақыты осыдан оншақты жыл бұрын келген. Себебі несиенің пайыздық мөлшер­лемелерін көрші­ле­рімізбен, өзге елдермен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Президенттің осы банктік сая­сат төңірегіндегі жаңа заң қажет дегенін Пар­ламентке халықтың жеңіл­де­тілген несие алу арқылы кәсібін дөңгелетіп, тұрмыстық табысын арттыруға бағыт­тал­ған нормативтік-құқықтық базаны жасақтау жөніндегі тапсырмасы деп ұқтым.

 

Ерболат САУРЫҚОВ,

Мәжіліс депутаты