Атқаратын шаруа көп
Президент Жолдауында депутаттық корпустың белсенді жұмысы ерекше атап өтілгенін тағы бір рет еске салған Палата спикері жаңа сессияда да атқаратын шаруа шашетектен екенін жеткізді. Өйткені бірқатар тапсырма тікелей депутаттарға арналғанын айта келіп: «Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Жолдауда айтылған көптеген мәселе заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін көріп отырмыз. Мәселен, қолданыстағы «Банктер туралы» заң 1995 жылы қабылданған. Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан біз банктер туралы жаңа заң қабылдауымыз керек. Сонымен қатар алдымызда еліміздің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр. Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз. Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек. Осы кодекс бойынша алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оған барлық депутат, барлық фракция атсалысуы қажет», деді.
Бұдан басқа, Мәжіліс төрағасы Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясындағы жұмыс жалғасын табатынына тоқталды. Оның айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қабылдау кезінде бұл мәселе жан-жақты талқыланған. Енді осы тақырыпқа қайта оралатын кез келгенін жеткізіп, мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың оңтайлы саясатын заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін алға тартты.
«Осы сессияда біз активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастырамыз. Қайтарылған қаражат та, активтер де ел халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет. Бұл үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – Президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек», дейді Е.Қошанов. Сондай-ақ ол Жолдаудың басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделгенін атап өтті.
«Біз өңірлерде халықпен кездестік. Президент айтқан мәселелер жұртшылықты толғандырып жүргенін білеміз. Соның ішінде кейінгі жылдары жол апаттарының артуы, соның салдарынан адамдардың опат болуы алаңдатпай қоймайды. Әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалып жатыр. Сан түрлі өршіген алаяқтық әрекеттермен халық күн сайын бетпе-бет келіп отыр. Осы мәселелерді шешуге депутаттық корпус – біз атсалысуымыз керек», деді Палата спикері.
Президент Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаудың маңыздылығына тоқталған Мәжіліс төрағасы: «Өйткені елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтер, ветеринарлар, су саласы мамандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбірек қажет. Сондықтан біз оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап Үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын», деді.
Сонымен қатар жұмыскерлердің осындай санатын жеке мемлекеттік наградамен марапаттау елеулі ынталандыру болмақ. Осыған орай Палата спикері: «Біз, депутаттар Президенттің бұл идеясын өз тарапымыздан заңнамалық деңгейде қолдайтын боламыз. Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмысын да одан әрі жалғастырамыз. Мәжілісте жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленіп те қойды. Жақын арада Мәжілісте жобаны талқылау басталады», деді.
Сөзінің соңында ол қоғамда қызу талқыланып жатқан Атом электр стансасын салу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба. Бұған халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Алайда мәселені түпкілікті шешу үшін қоғамның бірігуі қажет. Сондықтан халық үніне құлақ асу үшін 6 қазанда референдум өтеді. Бұл мәселеде де депутаттық корпус Президенттің осы прагматикалық идеясын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеріне сенім білдірді.
Тұтынушы құқын қорғау – уақыт талабы
Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025–2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобалары қаралды. Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттардың мақсаты мен орындалу барысын талқылады.
Жыл сайын тұтынушылардың шағымы көбейіп жатқандықтан «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңды жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы екі жыл бұрынғы Жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынастарды түбегейлі өзгерту тапсырылған. Бұл орайда мемлекет барлығына тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етуге міндетті екенін айтқан сала басшысы: «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға соңғы түзетулер төрт жыл бұрын енгізілген. Бірақ құқық қолдану тәжірибесі құжаттың қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейтінін және тұтынушыларды қорғаудың тиімділігіне әсер ететін құқықтық кемшіліктерін көрсетіп отыр», деді.
Біріншіден, тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешудің төрт кезеңдік тәртібі тұтынушының сотпен қорғауға конституциялық құқығына кедергі келтіреді. Өйткені тұтынушылар сотқа жүгінбес бұрын жоғарыдағы кезеңдерден өтуге мәжбүр. Екіншіден, олардың құқықтарын қорғау туралы заңның қолдану аясы бөлшек сауда және тұрмыстық қызметтермен ғана шектелген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғын үй-коммуналдық, көлік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және тағы басқа маңызды қызмет салаларында тұтынушы құқықтарының бұзылуына орай іс-шаралар қолдана алмайды. Үшіншіден, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері әлі де жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істемейді. Төртіншіден, тұтынушылардың өтініштерін бизнеспен қабылдау және қарау үдерісін автоматтандыру үшін іске қосылған «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі кәсіпкерлердің оған ерікті түрде тіркелгенінен күтілген нәтижені көрсетпеді. Бесіншіден, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін тек ескерту көзделген.
Министр жосықсыз бизнестің іс-әрекеттеріне жыл сайын тұтынушылардың шағымы артып жатқанын айтады. Мысалы, 2021 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 25 мың өтініш түссе, 2022 жылы 30 мың, 2023 жылы арыз саны 51 мыңға дейін өсті. Сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарға түскен өтініштер саны да өскен. Айталық, 2021 жылы 45 мың, 2022 жылы 47 мың, ал 2023 жылы 74 мыңнан асыпты. Тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы бұзушылықтарға қатысты шағымдары былтыр 7 732-ге дейін күрт өскен.
Қолданыстағы құжаттың осындай олқылықтары оңды-солды сараланып, шетелдік тәжірибеге де ден қойылып отыр. Сонымен бірге заң жобалары барлық мемлекеттік органмен, соның ішінде Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісіліп, Мәжілістің барлық комитетінде қаралып, қолдау тапқан. Себебі заң жобалары тұтынушы құқығын қорғау жүйесін күшейтіп, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов та заң жобасының негізгі мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тәсілдерін жетілдіру екенін жеткізді.
Салық саласына да өзгеріс қажет
Сонымен бірге палата отырысында қаралған салыққа қатысты құжаттар да халық игілігі үшін жұмыс істеуі қажет. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельеваның айтуынша, салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдердің саны қысқармақ. Әрі салық режімдері оңтайландырылып, жеңілдіктерге талдау жүргізілетін болады. «Салық саласында әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты жұмыстар жүреді. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанын айта кеткен жөн», дейді ол.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордан трансферт және 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы құжаттар да ратификацияланды. Татьяна Савельева келесі жылы бюджетке 21 триллион 700 миллиард теңгеден астам қаржы түседі деп жоспарланғанын айтты. Ал шығысы 25 триллон 800 миллиард теңгені құрап отыр. Яғни бюджет тапшылығы 4 триллион теңгеден асуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қордан аударылатын қаржы 5 триллион теңгеден асты.
Депутаттарды халықтың жағдайы қатты алаңдатады. Депутат Болатбек Нажметдинұлы Үкімет назарын ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне аударуды сұрады. Оның айтуынша, ветеринарлық бақылау комитетінде қалыптасқан мәселе көп, шегірткенің таралуына қарсы күреске дайындықтың сәтсіз аяқталуы да көп жағдайды түсіндіреді. Алайда осындай олқылықтар үшін басшылықтың жазаланбауы жағдайдың түзелуіне жол бермей отыр.
Ал Мархабат Жайымбетовтің сауал жолдауына экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегі арқау болды. Оның сөзінше, «САТ» жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегенайы, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынған. Салдарынан Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен теңіз жағына қарай 48 млрд текшеметр шамасында су зая кеткен. «Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? Тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаның мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы», дейді депутат. Сондай-ақ ол айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Ең қызығы, жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Тіпті жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей, қаражат игеріліп қойған.
Бұдан басқа, депутаттар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұған дейін де Қазақстан Халықтық партиясының фракциясы ТжКБ-дағы жүйелі проблемалар туралы құзырлы министрлікке жүгінген. Олардың айтуынша, ТжКБ-ны жеткіліксіз қаржыландыру, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудегі диспропорция, дуалды оқытуда колледждердің кәсіпорындармен өзара әрекеттесу деңгейінің төмендігі, түлектердің құзыреттері мен дағдыларын объективті, халықаралық деңгейде бағалай алатын тәуелсіз сертификаттау жүйесінің болмауы, заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын енгізудің төмен деңгейі секілді мәселелер уақыт күттірмей шешілу қажет.
Сонымен қатар депутаттар автомобиль жолдарының жай-күйі мәселесін көтерді. Шынында да, жыл сайын айтарлықтай қарыз және бюджеттік қаражат бөлінгеніне қарамастан, жолдардың сапасы жақсармай отыр. Ескірген техника, құрылыс маусымында битум тапшылығы, жолдарды бұзатын ауыр жүк көлігінің басымдылығымен күрес және жол бойындағы сервисті дамыту әлі де өзекті. Олардың пікірінше, мемлекеттік сатып алу шарттары арқылы автожол жұмыстарын ұйымдастырудың қолданыстағы әдістері сыбайлас жемқорлыққа, жолдардың сапасыздығына және жыл сайынғы жол жабындарын жөндеу қажеттілігіне әкелді. Мұндай шарттар бойынша мердігерлер көздейтін жалғыз мақсат – қысқа мерзімге жету және мемлекеттен ақша алу, ал жолдардың сапасы мәселесі екінші орынға шығады. Сол үшін МЖӘ арқылы бюджет қаражатын үнемдеу тетігі қажет.