Мирас • 04 Қыркүйек, 2024

Сұрмерген

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ежелгі көшпелілердің жауынгерлік өнерін зерт­теген орыс ғалымы А.И.Ма­заев және моңғол оқымыстысы О.Намнандор­жылар­дың еңбегінде ертедегі ғұн, сақ дәуірінде ел ішіндегі мергендерді сынайтын: теңге ату, жебе жарыстыру немесе оқ оздыру, керген тері ату (саранпай), жалау ату, сұр (қайыс) ату деген сайыс түрлері болған деп жазады.

Сұрмерген

Осындағы сайыс түрлерінің қайсыбірі кейбір халықтар арасында әлі күнге дейін сақталғаны аңғарылады. Мысалы, моңғолдар күні бүгінге дейін сұр атудан мемлекеттік чемпионат өткізетін болса, мажар бауырлар арасында оқ оздыру жарысы жеке адамдар арасында өткізіліп келеді. Сол тәрізді мысырлықтарда сәл өзгеше, ат үстінен шауып келе жатып жердегі нысанаға қиғаш ату түрі бар. Ал корей ағайын­дардың керген теріге жол­барыстың бейнесін салып, оны 150 метр қашықтан ататын дәстүр күні бүгінге сақталып отыр.

Осылардың ішіндегі сұр-қайыс ату түріне тоқталар болсақ, бұл сайысқа қатысушы мергендер 30, 35, 40 құлаш болатын мелжемді жерге тізім қойылған немесе қабырға сияқты жинап жасаған қайыс нысананы атады. Нысана домалақтап өрілген қайыстан немесе ірі қара малдың шылғи терісін жалпақтап тіліп, доп сияқты формада жасалатындықтан, сайыс «қайыс ату» деп аталған. «Қайыс» сөзі ескі түркі-моңғол тілінде «сұр» деп аталады екен. Күні бүгінге дейін кейбір өңір қазақтары кепкен қайысты «сүрі қайыс», кепкен етті «сүрі ет» деуі осыдан. Соған қарағанда қазақтың «Сұрмерген» деген сөзі осы сұр-қайысты атып жеңіске жеткен адамға берілетін атақ сияқты. Мысалы, 2004 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты көптомдықтың 52-ші томының 166-бетінде былай деп жырланыпты:

«Сұрмерген келе жатыр мылтық алып,

 Кезек берді баршасы қарай қалып.

Көздеп тұрып мылтықты басып еді,

Оғы кетті жамбыны жұлып алып».