Оқиға • 05 Қыркүйек, 2024

Шымкентте 700 млн теңге жымқырған экс-шенеунік сотталды

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте аудан әкімі аппаратының бұрынғы басшысы 700 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте 700 млн теңге жымқырған экс-шенеунік сотталды

Фото: arasha.kz

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты  М.-ға қатысты аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы қызмет бабын пайдалана отырып ысырап ету  және К. мен Б.-ға аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін топ адаммен ұрлау, аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару және құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. 

Сот 2019 жылы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы М.  ЖШС директоры Б. және құрылтайшысы К. бірге қылмыстық мақсатта әкімдіктің бюджет қаражатын жымқыруды көздегенін анықтағанын хабарлады.

«Олар тұрғын үй аулаларын абаттандыруға арналған сметалық құжаттарды (қоқыс жәшіктері, шағын беседкалар, орындықтар, ойын және жаттығу алаңдары) материалдардың құнын асыра отырып әзірлеу арқылы шамамен 700 млн теңге көлемінде мүлікті ысырап етті. Өз кезегінде К. ұйымдастырушы ретінде Б.-мен бірге декларацияларға әдейі бұрмаланған деректерді енгізу арқылы салық төлеуден жалтаруды ұйымдастырып, мемлекетке 194 млн теңгеден астам зиян келтірді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар Б. салық органдары алдындағы қарызын жасыру мақсатында 130 млн теңгеден астам сомаға банк кепілдігін жасау үшін банк фирмалық бланкін қолдан жасағаны белгілі болды.

Прокурор сотталушыларға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ұсынған, жәбірленушілердің өкілдері заңға сәйкес жаза тағайындауды талап еткен. Бірақ, сотталушылар өз кінәларын мойындамай, оларды ақтауды сұраған.

Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып – кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, әрқайсысына қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, М.-ны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Сондай-ақ, Б. ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатылды, қылмыстық іс бұл бөлікте тоқтатылған.

 Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.