Байқау • 05 Қыркүйек, 2024

Араға үш жыл салған «Алтын қалам» әдеби байқауы қайта жарияланды

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің бастау алғанына 15 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай, араға үш жыл салып барып, әдеби ортада танымал, тек қазақ тілінде өтетін байқау жаңа маусымын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Араға үш жыл салған «Алтын қалам» әдеби байқауы қайта жарияланды

Алдымен «Алтын қалам» байқауы әдеби шығармаларға жазушылар емес, оқырмандар баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде екендігін еске сала кетуге болады.

Жүлделі орындардан таласты туындылар қыркүйектің 05-нен бастап, қарашаның 20-не  дейін қабылданады. Осы аралықтар оқырмандар «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік сатирасы», «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы», «Жылдың үздік киносценарийі мен драматургиясы» сынды атаулы сыйлықтарға лайықты дейтін шығармаларға дауыс береді.

Қалам ұстаған қауымды қаржылық тұрғыда қолдауды көздейтін «Алтын қалам 2024» әдеби жүлдесінің демеушісі – Нұрлан Смағұлов қоры болса, бас ақпараттық серіктесі –  «Русское радио».

Өз кезегінде жобаға  Қазақстан баспасөз клубы, «КТК», «31 телеарна»,  «Almaty.tv»,  Turan TV, Шалқар радиосы, «Standadr.kz» YouTube арнасы, «Сапалы Қазақстан» порталы, «Marwin» дүкендер желісі мен Қазақстан Медиа Академиясы .

Сонымен алғашқы кезеңде шығармалар www.aqalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Ал  www.aqalam.kz сайтындағы онлайн-дауыс беру 3 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң әр аталым бойынша 6 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар және қазылар назарына ілінген туындылар өтеді. Ақтық іріктеу сатысында қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды жасырын дауыс беру арқылы анықтайды. Сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейтіндігін атап өткен жөн.

Сонымен «Алтын қалам» жүлдесінің дүниеге қалай келгеніне тоқталатын болсақ, қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын.

Айта кететін жайт, көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы  көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады.

Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің altynqalam@yandex.kz электрондық поштасына жолдауға, бауқау туралы егжей-тегжейлі мәліметті жүлденің www.aqalam.kz ресми сайтынан білуге болады.