Фото: Астана қаласы әкімдігі
2024 жылдың 6-14 қыркүйек аралығында «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағында этноауыл жұмысын бастайды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, этноауыл аумағында концерттік бағдарламалар және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламаға Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің шығармашылық ұжымдары мен солистері, сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері мен отандық эстрада жұлдыздары қатысатыны атап өтілді. Концерттік бағдарлама этноауылдарда сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Этноауыл ұйымдастырылатын аумақтар:
- Есіл ауданының аумағында «Бәйтерек» монументінің алаңында;
- Алматы ауданы «Қазақ елі» монументінің жанында;
- Байқоңыр ауданы «Ататүрік» саябағында;
- Нұра ауданы Орталық саябақта орналасатын болады.
Айта кетейік, 7 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Қазанат» ипподромының жанында 10 гектар жерде басты «Көшпелілер Әлемі» этноауылы ашылады. Этноауыл бірнеше орынға бөлінеді: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала. Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылып, еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынады.
Сонымен қатар этноауылда туристер мен қонақтарға арналған дәстүрлі және ұлттық тағамдардан дәм тату үшін қазақ ұлттық тағамдарының мейрамханалары ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы қатысады.