Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2024

Ментордың маңызы зор

98 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде лудомания, синтетикалық есірткі, суицид секілді дүниелерден жастарды алшақтату үшін де тәрбие мен рухани ортаның диалогі қажет. Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен қолға алынған менторлық жоба өз жемісін беріп отыр. Соның нәтижесінде аудандардағы жасөспірімдер қылмысы 4 есеге төмендеген. Бүгінде Жетісу мектептерінде 108 әдеп және құқық жұмысы жөніндегі ментор жұмыс істейді.

Ментордың маңызы зор

Сурет – Облыс әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Отбасы құндылығы – өмір­­шең тақы­рып. Осы орай­да Жетісу­­­дың барлық аудан орталығы мен Текелі қаласындағы мектептерде әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар жұмысына кіріс­ті. Еске салсақ, бұл жоба қанат­қақты режімде өткен оқу жылында Талдықорған қаласында, жаңа жылдан Пан­филов ауданында басталған еді. Осы­лайша, жоба тұтас облыс­­­ты қамтыды.

Жаңа оқу жылында іске кіріс­кен 40 ментордың қата­рында жас маман Саян Нүсіп­жанов та бар. Ол бұған дейін құқық қорғау саласында жұмыс істеген. Жасөспірімдер тәрбие­сіне қатысты жаңа жоба қолға алынғанын естіген жас маман Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылындағы Қадыр­­ғали Жалаири атындағы мек­теп-гимназиясының менторы болуға ниет білдірген.

«Жаз бойы басқа да мамандармен бірге дайындықтан өтіп, психология бағытындағы семинар-тренингтерге, сол сияқты Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкіл­­дерінің оқыс жағдайларда қалай әрекет ету­ді үйрететін сабақтарына қатыс­тым. Со­нымен бірге өткен жылдан бері менторлықта жұмыс істеп келе жатқан мамандар тәжірибесімен бөлісті. Бұл оқу­­шы­лармен нәтижелі жұмыс істеуі­мізге, бүгінгі заманғы өзекті мәсе­лелерді тиімді шешуге өзінің оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», дейді С.Нүсіпжанов.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлар бүгінгі заманғы өзекті мәселелерді ескере отырып, 9 бағытта, атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің құқығы мен міндетін түсіну, нашақорлықтың, лудо­ма­ния­ның, суицидтің, буллингтің, кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу бағытында жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ шығармашылық ойлауды және қаржылық сауаттылықты арттыру, т.б. бағыттарға ерекше назар аударылады.

Бүгін 7-сынып оқушы­ла­рына алғашқы таныстық саба­ғын өткізген С.Нүсіпжанов ба­ла­­лар­ға ментор дегеннің кім екенін, оның немен айналысатынын түсіндіріп, өзіне кез келген өмірлік жағдайларға қа­тысты жүгінуге болатынын жеткізді.

Жетісу облыстық қоғам­дық даму басқармасы басшы­сының орынбасары Ілияс Түстік­баев­­тың айтуынша, қазір­гі кезде өңір мектептерінде 108 ментор жұмыс істейді.

«Облыс әкімі Бейбіт Исабаев­тың бастамасымен өткен жылы Талдықорған қала­­сының, ал жыл басынан бері Панфилов ауданының мектептерінде әдеп және құқық жұмысы жөніндегі менторлық қанатқақты жобасы басталған болатын. Бұл жоба өзінің тиімділігін көр­сетті. Мәселен, Полиция де­пар­таментінің ақпаратына сәй­кес аталған өңірлерде жасөс­­пірімдер қыл­мысы 4 есеге төмен­­деген. Осыған байланыс­ты биылғы жаңа оқу жылынан бастап барлық аудан орталығы мен Текелі қаласындағы мектеп­терге де ментор мамандарды енгізу туралы шешім қабыл­данды. Қазір менторлар жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстарына кірісті», деді І.Түстікбаев.

Менторлық жұмысқа педагогтер, психологтер, заңгерлер, құқық қорғау органдарының арда­герлері, журналистер, т.б. мамандық иелері тартылған. Олар менторлық қызметке әңгімелесу түріндегі іріктеу конкурсынан өтіп, қабылданған.

«Мен Талдықорған қаласын­дағы №12 орта мектепте әдеп-құқық жөніндегі ментор ретінде қызмет етіп келемін. Бүгінге дейін мектеп оқушыларымен етене араласып, бірінің сырласына, екіншісінің айнымас адал ақылшысына айналып үлгердік. Ментор ретінде көптеген шара ұйымдастырып, жастарды өнегелі іс пен ұлттық құндылықтарға қанықтырдық. Отбасындағы кейбір қажетті деген жылу мен кеңесті ата-аналарының күйбең тірліктен қолы босамайтынын ескеріп, біз мейлінше молынан беруге тырыстық. Соның арқасында кейбір бұйығы, томаға-тұйық мінезді оқушылар ашылып сөйлейтін деңгейге жетті. Бізді іздеп келіп, кеңес сұрайды. Осының өзінен-ақ ментор ретіндегі қызметіміз жемісті деуге негіз бар», дейді №12 орта мектептің әдеп-құқық жөніндегі менторы Назира Разиева.

Жалпы алғанда, қоғам, адам, заман деп келетін негізгі тақы­­рып­тардың бәрін сан бағытта өрнектеуге, әңгімелеп өріс­те­туге болады. Алайда жаны таза өскелең ұрпақтың тәрбиеге қа­тыс­ты кей кемшілігін түзеуге уақыт пен күш керек. Бұл ретте ментордың маңызы зор.

 

Жетісу облысы