26 Қаңтар, 2015

Қазақстан алғашқы күннен көш бастады

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Slonova tatry2015.sk 02АСТАНА. 26 қаңтар. Испанияның Гранада және Словакияның Штрбске-Плесо мен Осрблье қалаларында өтіп жатқан ХХVІІ қысқы Универсиада ойындарында еліміз екі алтын медальмен бірінші күннен жалпыкомандалық есепте алға шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Алғашқы күні сайыстың 4 түрінен жеңімпаз анықталды. Соның екеуі біздің отандасымыз. Жарысты жеңіспен бастаған спортшыларымыз – шаңғымен спринтерлік тартыста топ жарған Анастасия Слонова (жоғарыдағы суретте) мен биатлоннан 15 шақырымдық жекелей сында алдына жан салмаған Алина Райкова (төмендегі суретте). Қоржынға түскен алғашқы алтын медальдің иегері Анастасия. Штребске-Плесоның жарыс жолында ел намысын қорғаған ол финалдық сынды 3 минут 22,75 секундта жүріп өтті. Қазақстандық шаңғышы ширек және жартылай финалдық бәсекелерде мәре сызығын екінші болып қиған еді. Сондықтан болар, шешуші бәсекеде бас жүлдеден үмітті ресейлік Светлана Николаева біздің қыздан аса қауіп күте қоймады. Есесіне, ол польшалық Эвелина Марцишті алдына жібермеуге тырысты. Жарыс басталған сәттен-ақ екеуі алға суырылып шықты. Соңғы аралыққа дейін Слонова сол қос спортшының өкшелерін басып келді. Тек мәреге 100 метрдей қалған кезде Анастасия екпінін күшейтіп, екі спортшыны да басып озды. Нәтижесінде, алтын медаль біздің қоржынға түссе, күміс жүлде Эвелинаның (+0,18 сек.) еншісінде кетті. Ал ресейлікке бұйырғаны қола медаль ғана. Ол біздің спортшыдан 0,42 секундқа қалып қойды. Осы алтын медальдің қуанышы басылмай жатып Осрбльеден тағы бір жағымды жаңалық жетті. Биатлоншы қызымыз Алина Райкова әйелдер арасындағы 15 шақырымдық сайысты 47 минут 29,4 секундта жүріп өтіп, Универсиада чемпионы атанды. Жарыс барысында биатлоншылар төрт мәрте нысана көздеген болатын. Алина барлық оқтың біреуін ғана мүлт жіберді. Ал ресейлік Екатерина Аввакумова барлық нысананы дәл көздегенімен, шаңғымен жарыс кезінде біздің спортшыдан 9 секундқа қалып қойып, күміс медальді қанағат тұтты. Қола жүлде словакиялық Паулина Фьялкованың еншісіне жазылды. Ол мәреге чемпионнан 41,7 секундқа кешігіп жетті. Тағы бір отандасымыз Галина Вишневская бұл жолы жарысты төртінші орынмен аяқтады (+56,9). Сондай-ақ, қалған қазақстандықтардың көрсеткіштері мынадай: Дарья Усанова 9-орын (+3:38,7), Анастасия Кондратьева 29-орын (8:02,6), Галина Микрюкова 36-орын (+9:51,9). Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан 2 алтын медальмен көш бастады. Қоржынында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдесі бар Ресей 2-сатыға нық сеніммен жайғасты. Үздік үштікті жалғыз алтынмен Украина түйіндеп тұр. Бір күміс медалі бар Польша 4-орында тұрса, жалқы қола жүлдені қоржындарына салған Словакия 5-тұғырға орналасты. Әзірге медаль олжалаған елдер осы бесеуі ғана. Жарыс туралы айтар болсақ, биылғы додада әлемнің 43 елінен келген 1550 спортшы сайыстың 11 түрінен бақ сынауда. 14 ақпанға дейін созылатын жарыс барысында 69 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Айта кетер жайт, аталмыш доданы әу баста жалғыз Гранада өткізетін болып шешілген. Дегенмен, өткен жылдың маусымында Университеттік спорт түрлерінің халықаралық федерациясы (FISU) қожайын мемлекеттің қатарына Словакияны қосты. Нақты айтсақ, аталмыш елдегі қысқы спорт түрлерінің орталығы саналатын Штрбске-Плесо мен Осрблье қалалары да 2015 жылғы қысқы Универсиада астанасы болып танылды. FISU мұндай шешімді қаржы мәселесіне байланысты қабылдады. Алайда, Словакияда спорттың 4 түрінен ғана, яғни, шаңғымен жарыс, тұғырдан секіру, биатлон және қоссайыс бойынша жарыстар өтеді. Қалған хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, керлинг, сноуборд, фристайл және тау шаңғысы бойынша медальдар Испания жерінде таратылмақ. Дегенмен, Гранададағы жарыстар 1 ақпанда ғана басталатынын ескерсек, әзірге басты назар Словакияға ауып тұр. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: tatry2015.sk. Raikova tatry2015.sk 01