Облыс орталығында 433 мыңнан астам халық қоныстанған. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңына сәйкес, қала халқының саны 400 мыңнан асқан шақта аудандар құрылуы тиіс. Сол тұрғыдан алғанда, облыс орталығынан екі аудан құру идеясы құптауға тұрарлық қадам екені анық.
«Осы жылдың қаңтар айында ел Үкіметінің қаулысымен қаланың бас жоспары бекітілді. Сол бас жоспарға сәйкес облыс орталығында екі аудан құру қарастырылған. Алдағы уақытта қала маңында орналасқан Жамбыл, Байзақ аудандарынан жалпы жер аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылады. Сол кезде қала халқының саны 480 мыңға жуықтайды.
Облыс орталығынан екі аудан құру арқылы қаладағы ахуалды толық бақылауға алу жеңілдейді. Барлық қызметтерді тиімді ұйымдастыруға және қаланы оңтайлы басқаруға мүмкіндік туады», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қала басшысының айтуынша, облыс орталығындағы халық саны жыл сайын артып келеді. Сол үшін де Тараз қаласында сапалы жұмыс істейтін өндіріс орындарын көбейтудің маңызы зор. Инвестиция тарту арқылы жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі тумақ.
«Осы жылы жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайтын «Alina Group» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды. Мұнда 35 жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қолға алған жобалар толық іске асқанда 944 жаңа жұмыс орны құрылады», дейді ол.
Жергілікті атқарушы билік тұрғындардың тілегіне құлақ асқаны көңіл қуантады. Әсіресе уақытында қоқыс пен қамыс басып кеткен «Түйте» каналын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде, еліміздегі ең үлкен шағын аудан саналатын «Ұлы дала» ықшам ауданында жұрт серуендейтін орын пайда болмақ.
«Осы жылы қаланы абаттандыру және санитарлық-тазарту жұмыстарына бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде абаттандыру жұмыстарына 1,3 млрд теңге, санитарлық тазалық жұмыстарына 1,2 млрд теңге қарастырылды.
Қала аумағын көгалдандыру және жасыл аймақ құру жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында осы жылы 20 көшет отырғызуды міндеттегенбіз. Көктем мезгілінде 10 мың түп көшет егілді. Қалған 10 мың түп көшет жақын күндері отырғызылады.
Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, алеялар, скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаштар отырғызылды. Қаланы абаттандырудағы маңызды мәселе – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару.
Қазіргі кезде қаланы ағын сумен қамтитын арық жүйелерінің тозығы жеткені мәлім. Осы олқылықты қалпына келтіру жұмысын мықтап қолға алдық. Алдағы екі жылдың бедерінде бұл мәселені ойдағыдай шешеміз деп жоспарлап отырмыз.
Былтыр осы мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге қаражат қарастырылып, шағын аудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Қазір бірқатар шағын ауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналды механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге қарастырылып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес «Түйте» каналының («Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» тұрғын алабы ортасы) бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн», дейді қала әкімі.
Күрең күзге қош дейтін кез алыс емес. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Жергілікті атқарушы биліктің жылыту маусымына тыңғылықты дайындалғаны абзал. Ол үшін жылу желілерін жаңғыртудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Қалада 400 мыңнан астам халық тұратыны мәлім. Сондықтан да қала билігі бұл іске өткен жылдан бастап айрықша назар аударып отыр.
«2023 жылы «Тараз қаласындағы Сыпатай батыр, Төле би, Қаратай Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленді. Оның құны 10,7 млрд теңгені құрады. Жалпы жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымға созылып жатыр.
Осы жылы аталған жобаны іске асыру үшін қазынадан 7,1 млрд теңге қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың бірінші қазанына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, «Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның құны 2,1 млрд теңгені құрап отыр.
Жалпы тозығы жеткен ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Олардың жалпы құны 18,8 млрд теңгені құрайды. Осы жұмыстар дер кезінде мақұлданып, жүзеге асқан жағдайда облыс орталығындағы жылу желілерінің мәселесі оңынан шешілмек», дейді Б. Орынбеков.
Қалай алып қарасақ та, облыс орталығын көркейту жолында жергілікті атқарушы билік аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Қала билігі жергілікті тұрғындар ұзақ жыл бойы «жырлаған» «Түйте» каналын ретке келтіріп жатқаны көңіл қуантады.
Сондай-ақ жергілікті халық жылдар бойы көтерген өзекті мәселенің бірі – теміржол өткелі. Абай даңғылы арқылы теміржол үстімен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер жолын салу жобасына қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алыныпты. Соған қарағанда алдағы бірнеше жылдың бедерінде бұл ауқымды жұмыс та ойдағыдай іске асатын секілді.
ТАРАЗ