Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2024

Су тасқыны: Ақтөбеде 51 отбасыға баспана берілді

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент тапсырмасымен Ақтөбе облысында тасқын зардабын тартқан отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Осы орайда Ырғыз ауданы орталығы – Ырғызда бүгін 51 үй қолданысқа берілді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Су тасқыны: Ақтөбеде 51 отбасыға баспана берілді

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Аталған облыс әкімдігінің мәліметінше, су тасқынынан кейін баспанасыз қалған ырғыздықтарға үйлердің кілттерін салтанатты табыстау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, ERG және «Қамқор Ақтөбе 2024» қорының өкілдері қатысып, үй иелерін құттықтады.

«Бірінші және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алдық. 500 тұрғын үй салып жатырмыз. Бұл ретте табиғи апаттан зардап шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға, кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Бүгін, міне, Ырғыз ауылынан 51 үйді сіздердің игіліктеріңізге беріп жатырмыз», деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетсек, Ақтөбе өңірінде бүгінге дейін 513 отбасыға үй берілген. 4 мыңнан астам отбасыға 1,6 миллиард теңге сомасында бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3 495 отбасының мүліктік шығындары өтелген.