Қоғам • 06 Қыркүйек, 2024

Қоғамдық саясат институты ел азаматтарының АЭС туралы пікірін білді

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандастарымыздың 57,8%-ы 6 қазан күні өтетін референдумға қатысуды жоспарлап отыр. 59,3%-ы АЭС құрылысына қолдау білдірген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамдық саясат институты ел азаматтарының АЭС туралы пікірін білді

Фото: orda.kz

Қоғамдық саясат институты 6 қазанда өтетін атом электр станциясын салу жөнінде референдумға отандастарымыздың көзқарасын зерттеуге бағытталған экспресс-сауалнама жүргізді. Зерттеуге Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан 2000-нан астам тұрғын қатысты, олардың арасында жастар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және басқа да әлеуметтік топ өкілдері бар.

Институт директоры Мадина Нұрғалиеваның айтуынша, биыл 6 қазанда өтетін республикалық референдум туралы жалпы алғанда респонденттердің 74,6%-ы хабардар. Сауалнамаға қатысушылардың 57,8%-ы референдумға қатысуды жоспарлап отыр, ал 59,3%-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдайды. Дегенмен, ел тұрғындарының АЭС құрылысы туралы пікірлері енді ғана қалыптасып жатқанын атап өткен жөн.

«Біздің зерттеуіміз халықтың басым бөлігінің алдағы дауыс беру туралы хабардар екенін және референдумға белсенді қатысуды жоспарлап отырғанын көрсетті. Азаматтардың жоғары деңгейде хабардар болуы және қатысуы атом электр станциясын салу мәселесі үлкен қызығушылық пен қызу талқы тудырып жатқанын білдіреді. Бұл деректер шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады, өйткені референдумның міндеті – барынша ашықтықты қамтамасыз ету және елдің әрбір тұрғынының пікірін ескеру», деп атап өтті Мадина Нұрғалиева.

Сауалнама барысында «face-to-face» әдісі қолданылды, Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Медет Өмірзақовтың айтуынша, бұл деректерді жинаудың ең дәл әдістерінің бірі саналады.

«Деректерді жинау Е-аналитика жүйесі негізінде қағазсыз түрде жүргізілді, сауалнама процесі автоматты түрде тіркеліп отырды. Бұл әдіс респондентпен жеке бетпе-бет сұхбатты білдіреді, ол бізге оның жауаптарымен қатар реакциясын, сұхбаттың өткізілу ұзақтығын және GPS-координаттарын тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл деректердің сапасын арттырып, сауалнаманың дәлдігін бақылауға көмектеседі. Біз сондай-ақ сұхбат уақытын бақылау және қосымша сұрақтарын қою сияқты әртүрлі тексеру әдістерін қолданамыз», деді ол.

Қоғамдық саясат институтының сарапшылары сөз соңында мұндай әлеуметтік зерттеулер ел азаматтарының жағдайды жақсырақ түсініп, негізделген шешімдер қабылдауына көмектесетінін атап өтті.

Сауалнама ҚР заңнамасының нормаларын сақтай отырып жүргізілген.