Технологиялық дербестіктің қозғаушы күші
Мысалы, 2023 жылдың қарашасында пайдалануға берілген Беларусь АЭС-нің №2 блогі электр энергиясына деген қажеттіліктің 40%-ын қамтамасыз ете алды. Нәтижесінде, 2 үлкен ГРЭС-тегі ескі және тиімділігі төмен бу энергоблоктері пайдаланудан шығарылды. Онымен қоймай, Ресейден импортталатын табиғи газ көлемі 5,6 млрд текше метрге дейін қысқарды. Игілік мұнымен де бітпей, қалалық жылумен жабдықтау жүйесінде газбен жылытуды электрмен жылытуға ішінара ауыстыру мүмкін болды.
Десе де, атом өнеркәсібінің қызметі тек электр энергиясы міндетімен ғана шектелмейді. Ол әртүрлі саладағы технологиялық дербестікке қол жеткізудің қозғаушы күшіне айналады.
Экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіптік өндіріс пен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және аралас салаларда материалдармен, құрылыс жабдықтарымен қамтамасыз ету, коммуналдық және басқа қызметтерді көрсету үшін бизнесті өрістетуге сан-салалы жол ашады.
Қанша жұмыс орны құрылады?
Түркия елінің «Аккую» АЭС-нің құрылысымен танысуға барған сапарымызда «Росатом – халықаралық желі» жеке мекемесінің бас директоры Вадим Титовты әңгімеге тартып, АЭС туралы бірқатар мәліметке қанықтық. Оның айтуынша АЭС құрылысының шарықтау кезеңінде нысанда ондаған мың адам жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыс істеп тұрған АЭС-те бір жұмыс орта есеппен инфрақұрылымда және онымен байланысты салаларда 10 жұмыс орнын ашады.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) жаһандық энергетикалық жұмыспен қамту туралы есебі болашақта атом өнеркәсібі үшін білікті жұмысшылардың тапшылығы болатынын болжап отыр. Таза энергияға көшу бүкіл әлемде көбірек жұмыс орынын құруға мүмкіндік береді. Атом энергетикасы жергілікті және аймақтық экономикаға пайда әкелетін көптеген жұмыс орыны мен тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Бүкіл әлемде белсенді дамып келе жатқан ядролық медицина және басқа да технологиялық секторларда да жоғары білікті кадрлар қажет болады.
Ядролық отын энергия бағасын тұрақтандыра ала ма?
Статистикаға сүйенсек, табиғи уранның бағасы газ бен мұнай бағасына қарағанда құбылмалылыққа аз ұшырайды. Сонымен қатар басқа энергия көздерімен салыстырғанда, электр энергиясының қалыпты құнында ядролық отынның үлесі өте аз және шамамен 10%-ды құрайды. Жанармай құю стансалары үшін отынның үлесі – 60%, дизельдік зауыттарда – 85%. Бұл соңғы жылдары көмірсутегі отыны нарығында байқалып отырған құбылмалылықтан сақтандырады. Оған қоса, толық ядролық отын – отын жинағы – жоғары қосылған құны бар күрделі жоғары технологиялық өнім. Сондықтан жаңа ядролық отынның бағасы нарықтық ауытқуларға өте аз ұшырайды.
Ядролық энергия қаншалықты қауіпті?
Көп зерттеу атомдық энергияның көмір немесе мұнайға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екенін көрсетеді. Мұндай қорытынды әр саладағы өлім статистикасын зерттеп, зерделеу арқылы жасалған. Төтенше жағдай кезінде, тау-кен кәсіпорындарында және электр стансаларында өндірістік апат кезінде, сондай-ақ ауаның ластануы нәтижесінде зардап шеккен тұрғындардың ахуалына қарап, әр істің анық-қанығын айыруға болады. Көмір өнеркәсібі – өлім көп тіркелетін өндіріс саласы. Онда 1 ТВт/сағ өндіріс 100 адамның өмірін жалмайды. Мұнай мен биоотынның қаупі шамалы аз дегенмен, термелеп қарасаң оның да адам баласына тигізетін залалы бастан асады.
Жапониядағы «Фукусима-1» атом стансасындағы апаттан кейін МАГАТЭ АЭС-тер үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын күшейтті. Енді атом электр стансасын жобалауға қойылатын талаптар 10 мың жылда бір рет болатын табиғи апаттарды ескереді. Қалыпты жұмыс кезінде АЭС маманға, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Дегенмен АЭС-терде оқыс оқиғалар мен апаттардың алдын алу және олар орын алған жағдайда залалдың азаюы кешенді түрде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте АЭС-тің қауіпсіздік жүйелері маңызды рөл атқарады. «Фукусимадан кейінгі» типтегі заманауи АЭС-терде, атап айтқанда, ВВЭР-1200 буыны III+ бар АЭС-терде жер сілкінісі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің комбинациясы қолданылады. Рихтер шкаласы бойынша 8, су тасқыны, торнадо және ұшақ апаттарына төтеп береді.
Ең бастысы АЭС-те электр энергиясын өндіру кезінде оттегі шығыны және көмірқышқыл газы ғана емес, сонымен қатар басқа «парниктік» ластаушы заттардың, улы және канцерогендік заттардың шығарындылары болмайды.
Ядролық генерация рөлі
Ядролық энергетиканың өте бай тарихы бар. Бірнеше буынның дәлелденген технологиялары әлі күнге қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы алдыңғысынан қауіпсіз. Соңғы жылдары атомның атмосфераға парниктік газ шығарындыларын азайтудағы және планетаның климатын сақтаудағы рөлі барған сайын айқын бола бастады. Бүгінде кәсіби мамандар мен жұртшылықтың көз алдында атом энергетикасы декарбонизация мақсатына қол жеткізу үшін дәлелденген және тұрақты шешім ретінде қабылданды. Жаһандық климаттық күн тәртібі қазірдің өзінде қосымша заңнамалық талаптарды белгілеп, бизнес ортаны жүйелі түрлендіруге алып келеді. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алған көптеген елде атом энергиясы ұзақ уақыт бойы «жасыл» энергия көзі ретінде жіктеледі.
Соңғы үш жылда әлемде атом энергетикасына өте күрделі бетбұрыс жасалды. Былтыр Дубайда өткен COP-28 конференциясында жетекші елдердің барлығы дерлік климаттың өзгеруімен күресу үшін әлемнің ядролық қуаты 2050 жылға қарай үш есе артуы керек деген мәлімдеме жасады. ХЭА-ның болжамдарына сәйкес, ядролық генерацияның қуаты 2022 жылғы 417 ГВт-тан 2050 жылы 620 ГВт-қа дейін артады деп күтіліп отыр. Көптеген нарық қатысушылары қазірдің өзінде шешуші әрекетке шақырып жатыр. Атом энергиясы төмен көміртекті баланстың негізі болатынына сенетін кез әлдеқашан жетті.
Жел мен күн – энергетикалық тепе-теңдіктің қажетті элементтері. Олар экологиялық таза және жаңартылатын энергия көзі ретінде мағлұм. Бірақ белгілі себептерге байланысты олар тәулік бойы тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете алмайды. Тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз етудің жалпы сенімділігінің төмендеуіне жол бермеу үшін мұндай үзіліссіз энергия көздері елдің энергетикалық жүйесіне дұрыс интеграциялануды талап етеді.
Жаһандық консенсус, біріншіден, атомның «жасыл» таза энергия балансында маңызды рөл атқаратынын айтады. Екіншіден, атом энергиясы – ауа райына, табиғатқа, тәулік уақытына қарамастан өндірілетін базалық энергия ретінде энергетикалық балансқа қосылуы керек. Қазір қарқынды дамып келе жатқан елдерде атом энергетикасын дамытудың серпінді бағдарламалары бар.