– Кейбір салықтық, басқа да кедергілерге байланысты көптеген шағын бизнестің орта бизнеске ауысқысы келмейтіні айтылып жүр. Мұның себебі не деп ойлайсыз?
– Орта бизнесті қолдау және дамыту еліміз үшін маңызды міндет және «Бәйтерек» холдингі бұл үдеріске белсенді атсалысып келеді. Алайда шағын бизнес көбіне бірқатар кедергіге тап болып жатады, соның ішінде салық және әкімшілік кедергілер ғана емес, сонымен қатар кеңеюге байланысты жоғары тәуекелдер де бар. Көптеген кәсіпкерге орта бизнес санатына көшу үлкен инвестицияны және оларды жүзеге асыратын күрделі үдерістерді басқаруды білдіреді. Мұндай жағдайда мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады. Қолдау қолжетімді, түсінікті болуы керек.
Бүгінде холдингтің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» желісі бойынша «экономикалық лифт» жүйесі арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетуге бағытталған бағдарлама іске асырылып жатыр. Бағдарлама сегментке, салаға және жобаның орналасқан жеріне байланысты 6 қолдау бағытын қамтиды. 3 млрд теңгеден астам сомаға жобалары бар компаниялар үшін мемлекеттік қолдаудың үш жылынан кейін ресми қаржылық деректер негізінде тіркелетін орта бизнеске көшуді растау талап етіледі.
Біздің мақсатымыз – бұл қолдау шараларын бизнеске мүмкіндігінше қолжетімді ету. Бұл шағын бизнесті орта санатқа көшуге ынталандырады. Орта бизнесті қолдау бойынша жұмыс тек құралдарды ғана емес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордан бастап қаржы институттарына дейінгі барлық деңгейде кәсіби көзқарасты қажет етеді. Біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын Үкіметпен, бизнес-қауымдастықпен тығыз ынтымақтастықта орындайтын боламыз.
– Президент «Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар» деді. Сіздіңше, қандай финтех тәсілдерді қолданысқа енгізген пайдалы болмақ? Шағын және орта бизнесті қолдау шараларын сұрыптау да үлкен жұмысқа айналғалы тұр. Бұл жайында не айтасыз?
– Шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуда финтех тәсілдерін пайдалану өте тиімді. Финтех технологиялары ШОБ үшін қаржы қызметтерін қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, олардың өсуіне ықпал жасайды. Кейбір финтех тәсілдердің бірі ретінде шағын және орта бизнес өкілдерімен онлайн өзара іс қимыл жасау үшін цифрлық құралдарды қолдануды айта аламыз. Мысалы, бізде холдинг компаниялар тобы ұсынатын қызметтердің «бірыңғай терезесі» ретінде «Bgov» – бизнесті қолдаудың бірыңғай порталы жұмыс істейді. Кәсіпкер холдингтің еншілес ұйымдарының қызметтерін бір жерден тауып, өтінім бере алады. Бүгінде порталда несие беру, субсидия беру, лизинг, сақтандыру, кепілдік беру және инвестициялау сияқты бағыттар бойынша 47 қызмет қолжетімді.
– Ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру және бұл салаға сапалы инвестиция тарту мәселесі холдинг шеңберінде қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Еліміз негізінен өзін барлық негізгі азық-түлік өнімімен қамтамасыз ете алады және маңызды экспорттаушы бола алады. Себебі агроөнеркәсіп кешенінде (АӨК) даму үшін үлкен инвестициялық әлеует шоғырланған. Қаражаттың шамамен 70%-ы мемлекет есебінен АӨК-ке, оның ішінде біздің даму институттары арқылы жіберілетіні қалыпты жағдай емес. Екінші деңгейлі банктер үлкен өтімділікті жинақтайды, оны экономиканың нақты секторларын, соның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға бағыттау қажет.
Биыл холдинг ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие ұсыну және жылдық 5% мөлшерлеме бойынша ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бағдарламаларын іске қосты. Бағдарлама аясында қорландырудың көзі ретінде холдинг нарықтық қаражатты тартты. Фермерлер үшін кредиттерді арзандату облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау есебінен жүзеге асырылады. Бұл бюджет шығындарын пропорционалды түрде арттырмай, агросекторды қаржыландыруды қысқа мерзімде айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл оң тәжірибені банктер де қолдануы керек деп есептейміз.
Бағдарламаларымыздағы тағы бір маңызды жаңалық – «Даму» қоры жеткілікті кепілмен қамтамасыз етілмеген фермерлерге кредит сомасының 85% мөлшерінде кепілдік алуға мүмкіндік береді. Бұл – өткен жылы және биыл бірінші жартыжылдықта қолайсыз ауа райының салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың пәрменді шарасы.
– Президент «агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» деді. Осының мәнін тереңірек түсіндіріп берсеңіз. Президент айтып отырған қаржыландырудың бұл тәсілі саладағы тиімділікті қалай арттырады?
– Тікелей субсидиялаудан тікелей жеңілдетілген несиелеуге көшу – агробизнесті мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдеріндегі жүйелі өзгеріс. Субсидия – ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өз қалауы бойынша басқаратын қайтарымсыз қаражат. Оны фермерлер ақылы түрде қайта инвестициялай алады. Сондай-ақ бәсекеге қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын арттыра отырып, өз өндірісін дамытады. Не болмаса өндіріспен байланысты емес мақсаттарға субсидия жұмсай алады. Содан кейін ол мемлекеттік қолдауға одан әрі тәуелді бола береді, бәсекеге түсу және қызметтің рентабельділігін сақтау қиынға соғады. Бұдан басқа, тауарлық-спецификалық субсидияларда сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қаражатпен алаяқтық тәуекелдері бар. Бұл туралы құқық қорғау органдары бірнеше рет хабарлады.
Жеңілдетілген несиелеу кезінде мемлекеттік қаражатты қайтару қамтамасыз етіледі, содан кейін олар жаңа жобаларға, қолданыстағы жобаларды дамытуға қайта инвестицияланады. Мұны шартты түрде экономиканың басқа секторларына, жеке тұтынуға жұмсалмайтын, бірақ ауыл шаруашылығын дамыту үшін мақсатты жұмыс істейтін жабық айналым жүйесі деп атауға болады. Несиелеу кезінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуы бақыланады. Қарыз алушылар бізге қаражаттың қайда бағытталғаны, олардың өндірісі қалай дамып жатқаны туралы есеп береді. Біздің қаржы институттарымызда кредиттік қаражатты пайдалануға мониторинг жасау жүйесі құрылған.
Жеңілдікті несиелеу де – субсидия нысаны. Мысалы, қазір көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын, жылдық 5% жеңілдікті мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасының лизингін несиелендіріп жатырмыз. Жылдық инфляция шамамен 8-9% болғанда, қарыз алушы бізге нақты мәнде, инфляцияны шегергенде, аз соманы қайтарады. Яғни іс жүзінде біз теріс пайыздық мөлшерлемемен несие туралы айтып отырмыз. Бұл субсидия нысаны – жеңілдік пен нарықтық мөлшерлеме арасындағы айырмашылық.
Мемлекет басшысының алға қойған міндетін қолдаймыз, жеңілдікті несиелеу көлемін одан әрі ұлғайтуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық орган ретінде субсидиялау мен жеңілдетілген несиелендіруден біртіндеп көшудің тәсілдері мен кезеңдерін анықтайды.
Әңгімелескен –
Абай Аймағамбет,
«Egemen Qazaqstan»