Руханият • 09 Қыркүйек, 2024

Баласын қазақ мектептеріне беретіндер көбейген

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деген болатын. Осы орайда Астана қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицей директоры Ернұр Аханұлы Омархановпен сұхбаттасқан едік.

Баласын қазақ мектептеріне беретіндер көбейген

Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру жолында білім ордалары қандай жұмыстар атқарып жатыр?

- Президентіміз «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл», деді. Ресейге барсаңыз орыс тілі, Германияға барсаңыз неміс тілін білмесеңіз жұмысқа орналаса алмайсыз. Дамыған мемлекеттерде мемлекетті құраушы ұлт 70 пайыздан асса тіл мәселесі болмайды. Бізде де тіл мәселесі толығымен шешілетін уақыт келді. Қазіргі мемлекеттің саясаты - ана тілімізді трендке айналдырып, бейбіт түрде қазақ тілінің мәртебесін көтере беру. Мемлекеттік тілге деген құлшынысты ояту үшін, мемлекеттік тілге деген қажеттілік болуы шарт. Сонда ғана қазақ тілі Қазақстан халқын ұйыстыратын мемлекеттік тіл болмақ. Білім беру ордаларында қазақ тілін оқытуда сағат саны жеткілікті. Оқу бағдарламалары, оқыту мақсаты тілдік дағдыларды қалыптастыруға ықпал ете алады. Әлемдік тәжірибе бойынша тілді тиімді меңгерту Қазақстан мектептерінде төрт дағды арқылы жүзеге асырылады. Оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым дағдылары коммуникативтік дағдылар болып табылады. Аталған дағдылардың әрқайсысының өзіне тән ішкі дағдылары мен оны үйрету жолдары, яғни ерекшеліктері бар. Сабақты аталған дағдылар ерекшілігін ескеріп құру, тілді тиімді меңгеруге септігін тигізеді. Коммуникативті дағдыларды басшылыққа алып оқыту функционалды сауаттылықты қалыптастыруға, яғни тілді меңгеруге мүмкіндік береді. Қазақша контентті көбейту арқылы да жастардың мемлекеттік тілге қызығушылығын қалыптастыра аламыз.

- Балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін мектеп қабырғасынан қалай қалыптастыруға болады?

- Басты назар аударатын мәселелердің бірі – отансүйгіштік. Отаншылдық отансүйгіштік тәрбие құндылықтары арқылы жүзеге асатыны белгілі. Мектепте оқушыларды оқу сабағы, тәрбие сағаттары, сыныптан, мектептен тыс жұмыстар арқылы танымдық, тәрбиелік әрекеттерін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру керек. Оқу адамның жеке басы танымының ерекше түрі. Оқи жүріп оқушылар өздерін қоршаған дүниені, елін, жерін, ұлтын, мәдениетін, тілін таниды. Өмір ағымы талап етіп отырған жаңа қоғамға лайықты саналы, білімді, жетілген жеке тұлғаны дайындау бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет.

- Мамандардың айтуынша балалар әлеуметтік коммуникациялардың алғашқы дағдысын құрдастарымен араласу кезінде алатын көрінеді. Олардың бастапқы тіл даярлығында мектепке дейінгі мекемелер зор рөл атқарады. Балабақшаға баратын балалар бір бірімен қазақша сөйлессе, өсе келе бұл дағдыға айнала ма?

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында қазақ тілінің шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келе жатқанын айтқан еді. Ана тіліміздің білімнің тіліне айналып келе жатқаны сол, қазіргі таңда баласын қазақтілді білім беру ұйымына беретіндер көбейді. Олардың арасында өздері қазақша сөйлемесе де баласын білсін, үйренсін деп беретіндер бар. Менің ойымша, балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілде болуына назар аудару керек. Балабақшада қазақша сөйлеп келген бала қазақ мектебіне барады. Ата-аналардың арасында насихат жұмыстарын көптеп жүргізуіміз керек.

Көркем әдебиет, жалпы кітап оқыған баланың тіл байлығы мол болатыны белгілі. Қазір кітап оқымағандықтан жасөспірімдер қазақ тілінде ойларын ашық жеткізе алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру, балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту бағытында не істеуге болады?

- Кітап оқуды отбасынан бастау керек. Әке-шеше баласымен бірге кітап оқу дәстүрін енгізу маңызды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы мектептерде іске асырылып жатыр. Жобаның мақсаты мектеп қызметкерлерінің, оқушылардың, ата-аналардың оқу мәдениеттіліктерін дамыту,оқушылардың оқу мәдениетінің және кітап оқу белсенділігінің деңгейін арттыру, көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізуге, тіл байлығын арттыруға ықпал ету, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсіндіру. Жобаны іске асыру барысында кітапханалар қорын көркем әдебиеттермен толығады, оқушылардың оқу құзыреттілігі артады, отбасылық оқу насихатталып, ата-аналар кітап оқу жобасын іске асыру жөніндегі іс-шараларға тартылады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша іс-шаралар мектеп сайтында салынып, әлеуметтік желілерде жарияланады. Оқушыларға ынталандыру сыйлықтары беріледі. Мектеп қызметкерлері арасында «Оқуға құштар мектеп» жобасын ұжым бойынша талқылау жұмыстары жүргізіледі. Осындай жұмыстар арқылы біз оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятамыз.