Біз сөз еткен аралдағы тағы бір көрікті жер – Этноауыл аймағы. Жоспар бойынша бұл аймақта түрлі ұлт өкілінің үйлері бой көтереді. Қазірдің өзінде заманауи үлгідегі балалар алаңы жасалып бітті, бұдан басқа да құрылыс жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Этноауылды жарықтандыруға бағаналар орнатылады, орындықтар қойылып, тамақ, сусын, кофе ұсынатын сауда орындары жұмысын бастайды. Бұған қоса алаңдағы абаттандыру жұмысы мен талапқа сай жаңа сахна орнатылса, әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараны өткізетін, мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосатын құтты орынға айналады.
Қаладағы құрылыс нысандарын аралаған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бизнес өкілдерімен кездесіп, «Бейбітшілік» аралының бүгінгі жай-күйі мен болашағы жөнінде ойын ортаға салды. «Жерлестеріміз бен қала қонақтары аралға келгенде алаңсыз демалатындай болуы керек. Сол үшін әрбір атқарылып жатқан жұмысты бүге-шігесіне дейін ойластырып, талапқа сай жасаған дұрыс. Біз өз тарапымыздан «Бейбітшілік» аралының жаңа кейіпке енуіне атсалысамын деушілерге қолдау білдіруге әзірміз. Тек жұмыс сапалы әрі бүгінгі заман талабына лайық болғаны жөн», деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Семей қаласындағы №1 емхананың алдында дәрігерлер гүлбағының құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жалғасып келеді. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, гүлбақ аумағында жаттығу, ойын алаңдары мен сәулеттік композициялар, сондай-ақ субұрқақ орнатылады. Саябақта ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі іске қосылды.
Жақында ғана Семейдегі Бауыржан Момышұлы мен Әсет Найманбаев көшелерінің жолайрығында тарихи қиылыс ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын жаңа орынға айналды. Бұл – облыс әкімдігінің тапсырысы аясында жүзеге асып отырған айтулы жобалардың бірі. Жобаға тарихи ғимараттар мен сәулет ескерткіштерін жаңғырту, нысандардың құндылығын сақтау мақсатында заманауи материалдарды пайдалана отырып, олардың бастапқы келбетін қалпына келтіру көзделген.
Аталған көшелердің қиылысында тарихи ескерткіштер мен сәулет композицияларының бой түзеуі бекер емес. Себебі мұнда көне қаланың шежіресінен белгілі тарихи нысандар мен сәулет өнерінде таңдай қақтыратын ғимараттар сап құраған. Тарихқа бойлаумен қатар дәл осы жерде қауіпсіз инфрақұрылымға жол ашылып, көлік қолжетімділігі жақсарып, жаяу жүргіншілерге қолайлы аймақтар, жарықтандыру, автотұрақтар жасалды.
«Семейде қаламыздың тарихи оқиғаларын байланыстыратын тағы бір қоғамдық кеңістік ашылғаны жағымды жаңалық болды. Біздің мақсатымыз – оны жақсы жағдайда сақтау. Бұл ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жалғастыру маңызды. Экологиялық мәселелер мен абаттандыру біржола шешілмейді, олар үнемі қоғам назарын және күш салуды талап етеді. Бұл бағдарламаның жалғасуы тұрғындар арасында экологиялық мәдениетке, балалардың да, ересектердің де табиғатқа ұқыпты қарауына да жауапкершілік жүктейді», дейді Семей қаласының құрметті азаматы Зейнолла Тоқаев.
Облыста бой көтеріп жатқан білім нысандарының құрылысы да облыс басшысының жіті назарында тұр. Қаладағы «Қарағайлы» шағын ауданындағы 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқын алып, Заря шағын ауданында «KazMinerals» компаниясымен жасалған меморандум аясында мектеп жұмысы жақын арада аяқталады. Қазір айналаны абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжінде инженерлік коммуникациялар Smart технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы енгізіліп отыр. Ғимарат алдындағы аумақта абаттандыру жүргізіліп, қосымша LED экран орнатылды. «Заря» шағын ауданындағы мектеп пен ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжі болашақта бірлесе жұмыс атқарып, білікті мамандар даярлап шығатын оқу орнына айналатыны анық.
«Әлем білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп жатқан тұста көштен қалмаудың қамын жасаған жөн. Заманауи мектептер, білім мекемелерін ашу, оларға білікті ұстаздарды тарту – күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Солардың күшімен саналы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз деген ойдамын. Біздің басты назарымыз – әлеуметтік нысандарды, демалыс орындарын дамыту және көлік желісін жақсарту. Барлық жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы керек. Күздің жаңбырлы күндері басталады. Сондықтан ауа райы қолайлы болып тұрғанда жұмысты жылдамдату керек», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысының жоспары бойынша «Қарағайлы» шағын ауданында блок-модульдік қазандық, «Солтүстік» сауда орталығымен арадағы айналма жолдың құрылысы, магистралдық жылу желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары да тексерілді.
Абай облысы