ЖОЛДАУ • 10 Қыркүйек, 2024

Өзекті қажеттілік

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне тағы да оралып, бұған дейін айтылған республикалық референдумның нақты өтетін күнін бекітті. Алдағы 6 қазанда ел тұрғындары бір кісідей атсалысып, аталған мәселеге орай өз таңдауларын жасауға тиіс.

Өзекті қажеттілік

Атом электр стансасының әлеуеті және еліміздегі бұл бағыттың келешегі туралы айтар болсақ, еліміздің Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Ол жерде осы саланың білікті мамандары еңбек етеді. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» компания­сында радиоактивті материал­дармен жұмыс істей алатын ядролық саланың иелері бар. Одан бөлек, Алматыда 60 жылдан бері Ядролық физика инс­титуты жұмыс істеп тұрғанын көп адам білмеуі де мүмкін. Бір ай бұрын мен сол жерге арнайы барып, жұмысымен таныстық. Оның барлық қызметі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жүр­гізіледі.

Институттың академиктер мен профессорлардан құралған басшылығы маған болашақ АЭС үшін жоғары білікті 400 маман даярлауға мүмкіндік барын жеткізді. Бұл мамандар оқу-жаттығуға арналған макетте емес, жұмыс істеп тұрған ядролық реак­торларда даярланады. Тек жатақ­ха­на мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.

Институт басшылығының сөзіне сүйенсек, біздің елімізде АЭС-ке маман даярлауға әлеуе­ті­міз толық жеткілікті. Біз осыны халыққа жеткізуіміз керек. Бұған уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда екенімізді қосып қойыңыз. Сонымен бірге елімізде яд­ролық отын өндіретін Үлбі зауы­ты жұмыс істеп, өнімдерін шы­ға­рып жатыр.

Қазіргі таңда елімізде оңтүс­тік аймақ электр энергиясын көп тұтынады. Ал электр стан­са­­ларының бәрі солтүстікте орналасқан. Сондықтан да атом электр стансасын оңтүстік жақтан салу жоспарланып отыр. Бұл жерде 1979 жылы Екібастұз көмірін пайдаланатын «Оңтүстік Қазақстан гидроэлектр стансасы» салынуға тиіс болатын. Таңдалған орны керемет. Теміржол келіп тұр, елдің маңызды орталықтарынан қашықта орналасқан. Егер 6 қазанда ел халқы қолдап дауыс берсе, осы жерде АЭС салынбақ.

Жалпы, АЭС тақырыбының елімізде талқыланып жатқанына 30 жылға жуықтап қалды. Алғаш рет ол 1998 жылы көтерілді, сосын 2005 жылы, кейін 2011 жылы талқыланды. Бірақ әрдайым халық тарапынан қолдау таппай келді. Алайда бір жыл бұрын АЭС мәселесін Президенттің өзі көтеріп, биыл көктемде референдум өткізу қажеттігін айтты. Яғни соңғы шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр. Менің айтарым, бұл мәселені одан әрі соза беруге болмайды. Өйткені қазір біз қолданып жүрген заттың бәрі электр тоғы арқылы жұмыс істейді. Электр энергиясына деген қажеттілік жыл санап өсіп жатыр. Сондықтан АЭС – осы қа­жеттілікті өтейтін керемет мүм­кіндік.

Біз кезінде Ақтауда 30 жылға жуық Маңғыстау атом энер­ге­тикалық комбинаты жұмыс істе­генін білеміз. Алайда 90-жылда­ры популистердің ықпалымен оны жауып тындық. Осы стансаны жаппағанда қазіргідей проблема болмас та еді. Сондықтан алда өтетін республикалық референдумда халқымыз дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін.

 

Сергей ПОНОМАРЕВ,

Мәжіліс депутаты