Салық • 10 Қыркүйек, 2024

Салық төлеу тәртібі жеңілдейді

105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында «Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Салық режімдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн», деген еді. Осы тапсырманы орындау үшін орталық аппарат жұмыстар атқарып жатыр.

Салық төлеу тәртібі жеңілдейді

Қазіргі уақытта Салық ко­дексінде арнаулы салық режімінің 7 түрі қарастырылған. Оның  4 түрі – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, 2 түрі – ауыл шаруашылығы өнімдеріне, 1 түрі бөлшек сауда салығы шағын және орта бизнеске арналған.

Кәсіпкерлікті дамытуға қолай­лы жағдай жасау мақса­тын­да Салық кодексінде жекелеген са­лықтарды есептеу және төлеу тәртібін жеңілдету көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл режімдер же­ңілдік мөл­шерлемелерін және салық жүктемесін азайтуға бағыт­тал­ған басқа да тетіктерді бел­­гілейді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын­да салық ре­жім­­дерін оңтайландыруды тап­сырды. Осы мақсатта жаңа Салық кодексінде арнаулы салық режім­де­рінің үш түрі ұсынылады:

1) өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дарды (жеке тұл­ғаларды жеке табыс салығын төлеуден босату, арнайы мобильді құрылғылар бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу);

2) оңайлатылған декларация не­гізінде (оңайлатылған декларация мен бөлшек сауда салығын біріктіру);

3) шаруа және фермер қо­жа­лықтары бойынша (қол­да­ныс­тағы тәртіп сақталды, бірыңғай жер салығының жойылуына бай­ла­нысты салық тек жеке табыс са­лығы түрінде төле­нетін болады). Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жаңа Салық кодексін қабылдау келесі жылға шегерілді.

Жаңа Салық кодексінің жобасы аясында салықтық әкім­шілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға ерекше кө­ңіл бөлінген. Негізгі мақсат – са­лық төлеушілердің салық мін­деттемелерін қарапайым орындауы. Қарым-қатынастың бұл форматын қолдану са­лық­тық әкімшілендіруді жеңілдетіп қана қоймай, салық төлеушілерге хабарламалар мен мемлекеттік қызметтерді жеделдетіп алуға мүмкіндік береді.

 

Сейілжан Ахметов,

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары