Фотоколлаж – Ерлан ОМАР, «EQ»
Банк сарапшыларының айтуынша, айналмалы экономика тұжырымдамасы – қалдықтар мен ластануды азайтудың, экожүйе мен табиғи ресурстарды сақтаудың негізгі стратегиясы. Бұл сонымен қатар парниктік газ шығарындысын азайтуға көмектеседі. Дегенмен Орталық Азия елдері айналмалы экономикаға көшудің бастапқы сатысында және осы үдеріске қатысты көрсеткіштері өте төмен.
«Айналмалы экономикаға көшудің ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізу үшін аймақ елдері одан әрі практикалық әрекеттерге бағыт беретін салалық іс-қимыл жоспарларын әзірлеуі қажет. Жоспарлардың бұл түрі сәйкес саяси тетіктерді анықтауға, жүзеге асыруға көмектеседі. Сондай-ақ жеке секторды дамытуға жағдай жасайды және оның келешегі бар салаларда айналмалы экономикаға көшу үлесін қамтамасыз етеді. Елімізде құрылыстың құн тізбегіне айналмалы экономиканың бизнес үлгілерін енгізуге мол мүмкіндік бар. Зерттеу құрылыс, аграрлық азық-түлік және қала шаруашылығы секторларында ресурсты үнемдеудің пайдасы көбіне қажетті шығындардан айтарлықтай асып түсетінін нақты растайды. Бұл факторлар айналмалы экономика элементтері бар тиісті инновациялық салалық саясатты әзірлеу бойынша одан әрі күш-жігерді ынталандырады, оларды қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктерін жасайды», делінеді баяндамада.
Сондай-ақ баяндамада халық саны 2 млн-ға жуықтайтын еліміздің ең үлкен қаласы Алматыға арналған іс-қимыл жоспары да ұсынылған. Ол қалдықтардың шамадан тыс түзілуі, қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті инфрақұрылымның жоқтығы, сондай-ақ қала экономикасының үш негізгі материалды қажет ететін секторында – құрылыста, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібіндегі әлсіз мониторинг пен бағалау рәсімдерін шешуге бағытталған.
Қазір тұрақты дамуға жәрдемдесу және ресурстарды тұтынуды азайту тәсілі ретінде әлем елдері айналмалы экономика тұжырымдамасына айрықша мән беріп отыр. АКТ мақсаты – қалдықтарды басқару мен тұрақтылықтың үш негізгі қағидатын – «азайту», «қайта пайдалану» және «қайта өңдеуді» қолдану арқылы қалпына келмейтін ресурстарды тұтынуды азайту болып саналады.
«Өңірдің барлық елдеріндегі маңызды проблемалар қатарына ресурстарды пайдаланудың төмен тиімділігі және ресурстар тапшылығы жағдайында қалдықтарды қайта өңдеудің төмен көрсеткіштері жатады. Мысалы, елімізде ресурстарды пайдалану тиімділігі Еуропалық Одаққа (ЕО) қарағанда шамамен 10 есе төмен. Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу үлесі Қазақстанда – 11,5 пайыз. Өзбекстанда 10 пайыздан аз. ЕО-да шамамен 50 пайызды құрайды. Осындай жағдай Қырғыз Республикасында да байқалады, онда жан басына шаққандағы шығарылатын қалдықтардың үлесі онша көп емес, алайда қалдықтардың әртүрлі түрін қайта өңдеу үлесі төмен. Дегенмен өңірде АКТ әдістерінің тұрақты даму мен экономикалық өсуге жәрдемдесу қабілетін зерттеуге деген қызығушылық пен ұмтылыс артып келеді», дейді Дүниежүзілік банк мамандары.
Олардың пайымынша, Орталық Азия елдерінде АКТ-ға көшуге байланысты көптеген олқылық пен қиындық бар. Жалпы, өңірде бұл үрдіс кең таралмады және АКТ мәселелері әртүрлі әкімшілік деңгейде (ұлттық, аймақтық немесе муниципалдық) немесе салалар мен құн тізбегі ауқымында да қарастырылмайды.
«Елімізде құрылыстағы құн тізбегіне АКТ бизнес-модельдерін енгізу үшін кең мүмкіндіктер бар. Айналмалы экономика циклінің ұстанымдары тиісті нормативтік актілер мен стандарттарды қабылдауға, инфрақұрылымға инвестициялауға, ынтымақтастық платформаларын құруға, эксперименттік жобаларды әзірлеуге бағытталған. Іс-әрекеттің мысалдарына қалдықтарды жоюға рұқсат алудың алғышарты ретінде міндетті аудит жүргізу, кеңес дәуіріндегі ғимараттарды қайта құру, құрылыс және бұзу қалдықтарын қайта өңдеу орталықтарын құру, өнеркәсіптік симбиозды қолдау үшін онлайн-портал кіреді. Сонымен қатар қалдықтарды өртеу мен көмуге салықтар сияқты нарықтық жеңілдіктерді енгізу ұсынылады. Тоғыз жыл ішінде 289 млн доллар инвестициямен барлығы 10 іс-шара ұсынылады. Осы кезеңдегі экономикалық пайда 1,3 млрд долларды құрайды. Бұл инвестициялық талаптардан бірнеше есе көп. Айналмалы экономика циклінің ұстанымдарын іске асыру 2030 жылға қарай ағынды сулардың пайда болуын 54 пайызға, табиғи ресурстарды жалпы тұтынуды 8 пайызға азайтуға мүмкіндік береді», дейді мамандар.
Ұсынылып отырған іс-шараларға Алматыда қайта өңдеу орталығын құру, модульдік құрылыс материалдарын өндіру, күл мен қождан қайталама шикізат өндіру, сондай-ақ тамақ қалдықтарын мал азығы мен тыңайтқышқа биоконверсиялау кіреді. 2030 жылға дейінгі инвестициялардың жалпы көлемі 368 млн доллар болмақ. Ұсынылған іс-шаралар 2031 жылға қарай бастапқы материалдарға сұранысты 21 млн тоннаға төмендетуге көмектеседі, бұл ретте қалдықтардың түзілуін жылына 871 тоннаға қысқартады. Бұдан басқа, Алматы жергілікті өндірісті кеңейтуден және ресурстарды пайдаланудан пайда көреді.