Сурет: kaznu.kz
Бұл Азия елдері арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты ілгерілетіп қана қоймай, нығайту мақсатында ұйымдастырылған халықаралық жоба – 2010 жылы Қытайдың Тайбэй қаласында бастау алған болатын. Міне, кезекті жетінші рет басқосу Алматы қаласында жалғасын тауып отыр. Аталған іс-шара Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығымен академик Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ұлттық инженерлік академиясы бірлесе ұйымдастырған. Оған әлемнің 18 елінен 150-ден аса маман қатысты.
«Бұл инженерлік саладағы күш-жігерді біріктіретін, әлемдік сынақтарға оңтайлы шешім табуда жаһандық және отандық ғалымдар шоғырланған халықаралық арена деуге болады. Мұнда білікті мамандар жетістіктерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер туып, жаңа серпін мен шабыт берері айқын», дейді академик Өмірбек Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас директоры Заир Уалиев.
Іс-шара барысында отандық ғылыми әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге сапасы жоғары, айрықша сұранысқа ие заттар қойылған. Кейбір бұйымдардың белгілі бір параметрі шетелдік аналогтерден асып түспесе, кем емес.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан әлемнің дамыған көшбасшы елдерінің қатарына енуі керек» деген тапсырмасы, оған жету жолында ғылым саласының орны ерекше екенін атаған еді. Бүгінде мемлекет тарапынан ғылымның дамуына қолдау жан-жақты көрсетіліп келеді. Бүгінгідей халықаралық деңгейден көрініп, мемлекетіміздің өркендеуіне жұмыла жұмыс істеуіміз керек», дейді бас директор.
Сонымен аталған іс-шараны Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Амандық Төлешов ашып, халықаралық Механизмдер мен машинатану ғылымдарын дамыту федерациясы (IFToMM) әлемнің 45 елін біріктіретін беделді ұйым екендігін, оның құрамына болашақ технологиялар бойынша 14 комитет, машина және роботтану саласындағы жаһандық мәселелерге қатысты 3 тұрақты комиссия, пәнаралық алмасу және ғылымды дамытуда 4 жетекші топ, IFToMM атқарушы кеңесі небәрі 10 адамнан құрылғандығын, бұл жоғары басқару органына Қазақстан өкілі алғаш рет кіріп отырғандығын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ конференцияға еліміздің барлық өңірлерімен қоса, Қытай, Италия, Ресей, Германия, Түркия, Польша, Үндістан, Перу, Украина және Қырғызстан секілді мемлекеттерден мамандар болды.
Бұдан әрі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың, Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Рахман Алшановтың, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың, IFToMM президенті Андрес Кечкеметидің, Римдік Тор Вергата университетінің профессоры Марко Чеккареллидің құттықтау сөздерінде өткізіліп отырған іс-шараның ғылым үшін қаншалықты маңызды, техникалық ғылымдардың қазіргі ахуалы мен болашағы, келешекте бұл саланың қарқынды дамып, ғалымдардың жаңа мақсатқа жетелейтіндігі айтылды.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің Қазақстан ғылымы мен технологиялық саясаты аясындағы ауқымды баяндамасында осы жылдың 1 шілдесінде қабылданған «Ғылым және технологиялар туралы» заңның қаншалықты қажеттігі және отандық ғылымның дамуына қалай ықпал ететіні жөнінде сөз қозғады. Бұл маңызды құжат ғылымды дамытуға, технологиялық инновацияларды енгізуге және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Пленарлық отырыс Шанхай Цзяо Тонг университетінің Машина жасау институтының профессоры Джун Хэнің «Ғарыштық манипуляциялық роботтарды жобалау, басқару және жердегі тексеру сынағы» тақырыбында баяндамасымен, техникалық секциялармен, «Ғылым және технология: ынтымақтастық пен тасымалдау» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.
Іс-шара барысында техникалық ғылымдар жөнінде ең өзекті мәселелер талқыланып, тығыз ынтымақтастықтың арқасында бірлесе шешу жолдары қарастырылды. IFToMM президенті Андрес Кечкемети, римдік Тор Вергата университетінің профессоры Марко Чеккарелли және Қытай ғылым академиясының вице-президенті Лю Лянцин Ұлттық инженерлік академиясының «Құрметті мүшесі» атанды. Сонымен қатар бірқатар шетелдік ғалымдарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан медаль табысталды.
Саланың жетекші сарапшылары арасында қызу талқылауға отандық ғалымдармен қатар Түркия машина теориясы қауымдастығының президенті Гокхан Кипер, Шанхай Цзяо Тонг университетінің жетекші ғалымдары Чжун Хэ және Фэн Гао, А.А.Благонравов атындағы Машинатану институтының жетекші ғалымы Григорий Пановко, Винница ұлттық техникалық университетінің профессоры Сергей Павлов, Ғылым және технология AGH университетінің профессоры Яцек Циеслик, Қырғыз Республикасының ҰҒА Механика ғылымы, автоматика және геомеханика институтының бас директоры Бақтыбек Сұлтаналиев өз ойларын білдірді.
Елімізге танымал, аталған саланың мамандары Амандық Төлешов пен Саят Ыбырайдың «Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясының дамуы: Жаңа инновациялық механизмдер мен биомеханикалық роботты жүйелер синтезінің теориясы мен тәжірибесі» және Шанхай Цзяо Тонг университеті Машина жасау институтының профессоры Фэн Гаоның «Пекиндегі Қысқы олимпиада, паралимпиада ойындарына алты аяқты шаңғы мен керлинг роботтарын жасау» баяндамасын қоса алғанда, екі күнде 50-ден астам баяндама техникалық сессияларда тыңдалды.