Алматы • 10 Қыркүйек, 2024

Студенттер жатақханасы бой көтереді

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Қазақ-Строй» ЖШС-мен ынтымақтастық негізінде 9 қабатты жаңа студенттік жатақхананың құрылысы басталды. Ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі.

Студенттер жатақханасы бой көтереді

Университет аумағында соң­ғы ­­30 жылда салынғалы отырған жатақха­на 450 орынға арналған. Оқу орны аумағында мұнымен қоса студенттер үшін медициналық орта­лық тұрғызылады. Құрылысқа салынатын жалпы инвестиция көлемі ­2,3 млрд теңгеден асады. Сал­танатты іс-шараға басқарма төр­ағасы-ректор Ақылбек Күрішбаев, Парламент Сенатының депутаты Жанна Аса­нова, Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі Ситуациялық орта­лығының жетекшісі Аманғали Шай­марданов, инвестор компания «Қа­зақ-Строй» ЖШС бас директоры Болат Ибрагимұлы, Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек, Медеу ауданы әкім­дігінің мамандары, оқытушылар қатысты.

Қазіргі таңда университетте жеке­меншікке өтіп кеткен оқу орны ак­тивтерін кері қайтару жұмысы жал­ғасып отыр. Мысалы, №6 студент­тік жатақхана өткен жылы тұрғын үй қорына қайтарылып, қосымша 280 студент баспаналы болды. Кезінде «Шаһ» мейрамханасы мен кеңсе ғимараты ретінде пайдаланылып келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа университет бюджетінен 160 млн тең­ге­ге жуық қаражат жұмсалды. «Ритм Строй ЭК» ЖШС жатақханаға жөн­деу жұмыстарын жүргізіп, тұрғын бөлмелер, ас үйлер мен дәліздер, тазалық орындары жаңаша дизайнмен өрнектелді. Қажетті жиһаздар, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етіліп, заманауи 300 бөлме студенттер, магистранттар мен жас ғалымдардың игілігіне берілді.

«Aqyl alem» компаниясы жүр­гізген әлеуметтік зерттеулерге сү­йен­сек, еліміздегі үш жоғары оқу орны – Nazarbayev University, КИМЭП және Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университеті білім сапасы мен жатақханамен қамтамасыз ету жөнінде ең озық деп танылған. Әлеуметтік бағыттағы жүйелі жұ­мыстарды жалғастырудың нәтиже­сінде «KazNARU» Орталық Азияда QS рейтингісінде 6-орын, елімізде ТОП 5-ке еніп отыр.

 

АЛМАТЫ