Білім • 10 Қыркүйек, 2024

Биыл бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданды

64 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Премьер-министр жұмысшы мамандықтары үшін кадр даярлау сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстардың негізгі міндеттері белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданды

Фото:ratel.kz

Айта кетейік,  2024 жылы бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданған. Бұл  2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп екені хабарланды.

Үкімет басшысы университеттер мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету керек екенін айтты.

«Халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді түрде енгізу қажет. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыстың сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуі керек. Сондай-ақ технологиялық көшбасшыларды айқындай отырып, колледждерді кәсіби бейімдеу мен саралауды аяқтауы қажет», деді  Олжас Бектенов.

Сонымен қатар соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалған, атап айтқанда, колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытып, студенттерінің стипендиялары 50%-ға өскен. Сондай-ақ кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мәселен, бұған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, 2024 жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жеткен.