Медицина • 11 Қыркүйек, 2024

30 кило ісікті алып тастады

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ) онколог-хирургтері отандық медицина тарихында бұрын-соңды болмаған тәжірибе жасап, айрықша операция барысында 65 жастағы әйел адамның қарнынан салмағы 30 кило тартатын ісікті алды.

30 кило ісікті алып тастады

Науқас ішіндегі ісігі отыз килодан асқанша қалай жүре берген десеңіз, кейінгі уақытта қар­­ны бірден өсе бастаған, іші шаншып ауы­­рып, тамақ ішкеннен кейін тез то­йып қал­­ғандай болып, арқасы ылғи ауырып, әл­­сіздік пен тез шаршап қалатынын бай­­қа­ған да, ҚазОРҒЗИ мамандарына жү­гін­­ген.

Науқастың айтуынша, дерті 2023 жылдың желтоқсан айында басталып, биыл шілде айынан бері іші шар үрле­ген­дей үлкейе бастаған. Дәрігерлер тексер­ген кезде науқастың құрсақ қуысы мен жамбас жағында кистозды түзіліс (КТ) белгілері табылады. Іш қуысының компью­терлік томографиясы жамбас қуысы­нан шыққан үлкен кистозды-қатты құр­сақ массасының суретін көрсетіп, оған қоса CA 125 онкомаркері де жоғарылағаны анықталды.

Медицинадағы сирек кездесетін осы жағдайға қатысты Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Онкогинекология орта­лығының меңгерушісі Ерлан Көкебасов: «2024 жылғы 13 тамызда Онкогинекологиялық орталықтың мультидисциплинарлық тобының (МДТ) отырысында осы жағдай талқыланып, науқасқа екіжақты кроссэктомия, лапаротомия, қосалқылары бар жалпы гистерэктомия мен оменэктомияға қоса, оңтайлы циторедукция көлемінде хирургиялық емдеу жолы ұсынылды. Науқас күрделі операция жасауға, қан құюға келісімін беріп, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ гинекологиялық-онкологиялық институтына жатқызылды», деді.

Ал ісікті гистологиялық зерттеуден өткізген кезде, нәтижесі науқаста аналық бездің қатерлі ісігін анықтап берген.

«Операция үш саты бойынша сәтті өтті. Бірінші кезеңде екіжақты кроссэктомия жасалды, өйткені науқаста аяғындағы кіші және үлкен көктамырларында кінәрат болды. Екінші кезеңде лапаротомия, яғни оң жақ аналық бездің аса көлемді ісігі алынып, қосалқылары бар жалпы гистерэктомия, сондай-ақ үлкен шажырқайдың бөліктері алынып, осылайша оңтайлы операция жүзеге асты. Аналық без ісігінің үлкендігіне байланыс­ты іштің алдыңғы жағы қатты созылып кеткендіктен, үшінші кезеңде абдоминопластика жасау қажет болды», дейді дәрігерлер.

Айтқандай, ҚазОРҒЗИ онко-хи­рург­тері дәл осындай алып ісікпен бірінші рет бетпе-бет келіп отыр.

«Институтымызда ұдайы осыған ұқсас кли­­никалық жағдайларға куә болып жатамыз. Дегенмен бұл нау­қаста анық­талған аналық без ісігінің мөл­ше­рі тәжірибемізде ғана емес, АҚШ, Ұлыбритания, ТМД елдері мен Океа­ниядағы жетекші онкология­лық мекемелердегі әріптестеріміз­дің тәжірибе тұрғысынан қарағанда да, шындығында ерекше оқиға болды. Бұрын дәл осындай көлем­дегі ірі ісік тіркелмеген екен. Алы­нып тасталған ісіктің салмағы шамамен 30-35 кило болып, тығыздығымен ерек­шеленді», дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.

Қазіргі таңда науқастың ахуалы жақсы, өздігінен қозғалып, жүріп-тұра алады. Медициналық ұжымға деген риза­шы­лығында шек жоқ, білікті дәрігерлердің кезік­кеніне қуанады.

 

АЛМАТЫ