Қоғам • 11 Қыркүйек, 2024

Ана тілінің абыройы

350 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл қазақ тіл білімі ғылымының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамның корреспондент-мүшесі, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай айтулы ғалымның ғасырлық мерейтойына арналған Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Ана тілінің абызы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтіп, оған қатысушылар ардақты тұлғаның қазақ тілін зерттеудегі еңбектеріне талдау жасап, ғалым туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Ана тілінің абыройы

Биыл елімізде тіл білімінің тарландары – Әбдуәли Қайдар мен Рәбиға Сыздық сынды көрнекті ғалымдардың ғасырлық тойы аталып өтіп жатыр. Сондай ауқымды іс-шаралардың жалғасы ретінде өткен жиынның тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, академик Кәрімбек Құрманәлиев ғасырға жуық ғұмыр кешкен біртуар тұлғаны өнегелі ісімен абыз-ана атанған ғалымдардың бірегейі екенін жеткізді.

«Рәбиға Сәтіғалиқызы – халқымыздың тілші-ғалым қыздарының арасынан шыққан тұңғыш академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол – Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазған тұңғыш кітаптың да авторы. Рәбиға апамыз «халық жауының» қызы болып, ғылым есігін кеш ашқанымен бірталай жетістікке қол жеткізді. Алпыс жылға жуық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутында қызмет істеді. Түркология саласына да қалам тербеді. «Абай шығармаларының тілі» атты диссертациялық еңбек жазып, оны одан әрі кеңейтіп, хакімнің поэтикалық тілін тереңдете зерттеді. Осы бағытта «Абайдың сөз өрнегі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абай және қазақтың әдеби тілі» сияқты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ ғалымның XV-XIX ғасырдағы ақын-жазушылар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштері тілінің тарихи және лексико-грамматикалық құрылымы, тарихи-лексика, лингвостилистика, текстология, тіл мәдениеті салаларына арналған зерттеулері ғылыми орта да өз бағасын алып, әлі күнге дейін жас ғалымдарға рухани азық болып келеді. Қысқасы, академиктің зерделі зерттеулері Тіл білімі институтының беделін бүкіл түркі жұртына мәшһүр етті», деді К.Құрманәлиев.

Ал академик Мұрат Жұрынов ғалымның қа­зақ тілін дамытуға қатысты зерттеулеріне тоқтала келіп: «Қазақ тілінің мәдениетін, көркемсөзін биік деңгейге көтерген тұлға ретінде кезінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов секілді тұлғалардың жо­ғары бағасын алған Рәбиға Сәтіғалиқызы тал­май істеген еңбегінің арқасында халқының қалау­лысына айналды. Ғалымның еңбектері бүгінде түркі жұр­тына ортақ мұра» деп еске алса, академиктің Қадырғали Жалайридің «Жәми-ат-тауа­рихын» зерттеуге қосқан еңбегін «Халықаралық Қадыр­ғали Жалайри» қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Қопабаев жоғары бағалады.

Сондай-ақ жиын барысында Тіл саясаты коми­тетінің төрағасы Ербол Тілешов академиктің лингвис­тика және түркі халықтарының әдеби тілін зерт­теу еңбектері туралы айта келіп, оны әрі қарай наси­хаттап, кең көлемде зерттей түсу керек екенін жеткізді.

Ұзақ жылдар қазіргі А.Байтұрсынұлы атын­да­ғы Тіл білімі институтында қызмет істеген асыл тұл­­ғаның киелі шаңырақта қалдырған ізі сайрап жатыр. Сондықтан аталған институттың дирек­­торы Анар Фазылжан көрнекті ғалымның еңбектеріне жан-жақты тоқталды.

«Көп жағдайда академик Рәбиға Сыздық сияқты мылтықсыз майдан өкілдерінің еңбектері әдетте қалың көпшілікке беймәлім болып жатады. Осы ретте ғалымның халқымызбен бірге жасап келе жатқан қазақ тілінің тарихы, жазба ескерткіштердің тілі, Абайдың сөз өрнегі мен Алаш зиялыларының ғылыми ізденістері, әдеби тіл, сөз сазы, сөз мәдениеті, стилистика, лексикология, лексикографияға қатысты зерттеулері – қазіргі қазақ лингвистикасы мен түркітану саласын жаңа белеске көтерді. Қазақ тілінің орфографиялық ережесін жазды. Ақын-жазушылар шығармаларындағы көркем әдеби тілдің ерекшелігін зерттеді», деді ол.

Сондай-ақ конференция барысында тумысынан бойына тектілік, бекзаттық дарыған ғалымның өмірі мен ғылымдағы болмысы жайында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева байыпты баяндама жасап, оның гуманитарлық ғылым саласын зерттеуде тың жаңалық ашқанын ерекше атап өтті. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева өз баяндамасында академиктің тіл мен сөйлеу мәдениетінің нормативтік қалыптары, жазу мен емле заңдылықтары, Қ. Жұбановтың қазақ тіл біліміндегі орны, А.Байтұрсынұлы және тіл білімі мәселелері, лингводидактика және қолданбалы лингвистика, Абай тілінің ерекшеліктері, түркі­тану мәселелері, тарихи лексикологияның негізгі қырлары туралы зерттеулерін сөз етті. Сонымен бірге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситетінің профессоры Тыныштық Ермекова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Орынай Жұбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлова баяндама жасап, ғалым еңбектерін жан-жақты саралады. Сондай-ақ тіл білімі білгірінің туған жерінен келген өлкетанушы Мырзабай Бекарыстан Ақтөбе облысы Ойыл ­аулында Сәтіғали Құтқожин мен академик ­Рәбиға Сыз­дық атында мемориалдық музей ашу ­туралы ұсы­нысын айтты. Қазіргі таңда ғалымның ­рухани мұра­сын жинақтаумен шәкірттері айналысып ­жатыр екен.

Биыл сәуір айында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінде ғалымның 100 жылдығына байланыс­ты мазмұнды іс-шара өткен еді. Соның аясында институт ғалымдары республика бойынша бас­пагерлерді жинап, қазіргі жазу, сызудың түйт­кілді мәселелерін талқылап, жетекші универ­ситет студенттерінен Р.Сыздық құрметіне жалпы­халықтық диктант алды. Алдағы қазан айында да біртуар ғалымның еңбектерін насихаттауға ар­налған Тіл білімі институты ғалымдарының ұйыт­қы болуымен жоғары да аталған оқу орнында халықаралық конгресс өткізу жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ