Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы ретте екі ғылыми-тәжірибе-лік міндеттер алға қойылады. Бірі – қолжазбаларды механикалық түрде, яғни сол қалпында оқып, түсіну, палеографиялық талдау және жариялау болса, екіншісі – эпистолярлық мәдениет мұраларын-филологиялық және әдеби тұрғыдан тереңдете талдап, зерттеуші тарапынан интерпретациялау. Біз мүмкіндігінше екі міндетті де қамтуға тырыстық. Өйткені Кедринаның М.Әуезовке, оның жұбайы Валентина Николаевнаға жазған хаттарының мәтіндері алғаш рет ғылыми айналымға еніп отырғандықтан мүмкіндігінше толық жариялауға, оларға өз тарапымыздан интерпретация жасауға, яғни зерделеуге, толықтырып, талдауға тырыстық. Бұл жерде мәтінді механикалық, яғни сол қалпында қабылдап жариялауда, оған ғылыми түсінік беруде көбінде түрлі болжамдар, емеуріндер болуы табиғи заңдылық. Тек олардың арасындағы шекаралық шектеулерден гөрі бірін-бірі толықтыру басым түсіп жататыны да жасырын емес. Жазушының жеке өмірінен шығармашылық өмірбаяны өрбитінін еске алсақ, жеке тұлғаның тағдырына, өміріне, отбасына, әрбір кезеңдердегі өмір белестеріне де бейғам қарауға болмайды.
М.Әуезов пен З.Кедринаның бір-біріне жазған хаттары екі тұлғаның жеке тағдырына қатысты ғана құнды деректер емес, ол қазақ және орыс әдебиеті арасындағы белгілі кезеңдегі (кеңестік) күрделі шығармашылық байланыстан, рухани өмірден, сөз өнері тарихынан там-тұмдап дерек беретін ғылыми дәйек. Бір дәуірдің шығармашылық үдерісін қамтитын Кедринаның Мұхтар Әуезов пен Валентина Әуезоваға жолдаған хаттары шын мәнінде әуезовтану саласындағы эпистолярлық маңызы зор мұра. М. Әуезов мұражайындағы №376 папкадағы (38 қорап) бұл хаттар осы күнге дейін жарық көрмеген. М.Әуезов «Шығармаларының елутомдық толық жинағындағы 50-інші томында ұлы суреткердің З.Кедрина мен А.Пантиелевке жазған 6 хаты алғаш рет жарияланған болатын. Алайда көрнекті орыс әдебиетшісі, сыншы, ғалым, аудармашы Кедринаның оларға жазған жауап хаттары көбінде Валентина Николаевнаға жолданғандықтан, сол кісінің жеке құжаттарымен бірге жазушының жиен немересі Диар Асқарұлының қолында болған (4-38-қорап). Бүгінде мұражай қорына қосылған бұл хаттар №376-папкада сақтаулы. Біз Кедринаның хаттарын көпшілікке алғаш рет ұсынып отырмыз. Хат мәтіні орыс тілінде болғандықтан құжаттың құнын жоғалтпай, алған үзінділерді сол қалпында беруге тырыстық.
Кеңес әдебиетінің көрнекті ғалымы, сыншы, әдебиетші, аудармашы З.Кедрина естелік қолжазбасында: «...вся моя сознательная творческая жизнь была связана с Мухтаром Омархановичем. А повседневная жизнь моей семьи много лет и во многом также была очень близка его семье. Мы дружили с ним без малого тридцать лет...», деп жазғаны екі ұлт әдебиетінің ұлы достығын дәлелдесе керек-ті (5-«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас.Алматы: «Білім».2007.-288 бет.39 б).
Қазақ және орыс әдебиетінің кеңестік кезеңіндегі тарихы, сол кездің әдеби үрдісі, екі ел әдебиетінің шығармашылық байланысы, жеке тұлғалардың қарым-қатынасы бұл хаттар мәтінінің маңызын арттыра түседі. Жазушы мен Кедринаның эпистолярлық мұрасы ондағы адресатпен құрылған дискурсқа, өзара пікірталастарға құрылған.
Біз қарастырғалы отырған Зоя Кедринаның М.Әуезов пен Валентина Николаевнаға жазған 15 хаты (12/ІХ.41 жылдан басталып, 1956. жылдармен аяқталған), 2 қолжазбасы және оған жауап берген Мұхтар Әуезовтің хаттарында 1951-1959 жылдар аралығындағы жазушы өмірінің қиын қыстау кезеңдері, нақты өмірлік деректер мен әдеби фактілер көрініс тапқан. Бұлардың бәрі ұлы суреткердің өмірбаяны мен шығармашылық өмірінің тұтас жүйеленіп, зерттелуіне мүмкіндік береді.
Эпистолярлық мұрадан ең бірінші, автордың образдық мінездемесі, ондағы қойылып отырған тақырыпқа сай мәтіннің мақсаты айқындалады. Хат мәтінінің ақпараттық сипатына, оның танымдық, тағылымдық, тәрбиелік, көркемдік-эстетикалық мәндеріне назар аудару арқылы бұл жанрдың поэтикасын айқындауға болады. Оқушыға хаттардың типологиясы (достарға, ресми тұлғаларға, т.б.) ғана емес, мәтін астарындағы ішкі сезімдер, ішкі дауыстар диалогтері, ой-сана қақтығыстары мен пікір қайшылықтары да қызықты. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық жанрдағы жазбаларының тарихы мен поэтикасын, олардың дәуірлеу кезеңдерін зерттеген кезде көз жеткен нәрсе олар уақытпен бірге тақырыптық, жанрлық, стилдік өзгеріске ұшырап, әр кезеңде жаңа тарихи мәдени түзетулер енгізіліп, жанр поэтикасы әрдайым өсіп, мазмұны мен көркемдік құндылықтары уақыттың талабына орай өзгеріп отырған. М.Әуезов пен Кедрина өмір сүрген кешегі кеңестік кезеңде қағазға түсірілген хаттарда ашық ойлар алаңы өріс алса, бүгінде олардың орнын телефон, SMS, интернет ақпараттары алмастырды. Сөз жоқ, олардың түрлік те, тәсілдік те, мағыналық та, стилдік те құрылымдары өзгерді. Тарихта ізі де қалмайтын мұндай ақпарат хаттардан гөрі тасқа түсіп, талай ұрпақты тәрбиелер, оларға тағылымды өнер ұсынған әдебиеттегі тұлғалардың эпистолярлық мұраларының маңызы ерекше екендігі айтпаса да түсінікті. Олай болса, Мұхтар Әуезовке жолданған хат жанрындағы мәтіндердің біздің ұлттық құндылықтарымыз үшін де алар үлесі зор.
Кедринаның Мұхтар Әуезов пен оның отбасы мүшелеріне жолдаған хаттағы эпистолярлық уақыт пен кеңістік мәселелері, олардың өмірі мен шығармашылық өмірбаяндарындағы беймәлім кезеңдер мен фактілерді айқындап, творчестволық лабораторияларының құпия қалтарыстарын ашуға және олар туралы түсінігімізді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Екі шығармашылық тұлға арасында отыз жыл бойы үздіксіз жүргізілген эпистолярлық өнер тәжірибесіндегі жанрлық, тақырыптық, құрылымдық ерекшеліктер жөнінде әдебиеттанушы ғалым Т.Фриктің: «...Эпистолярный дискурс по своей природе отличается стилевым синкретизмом, нечеткостью жанровых границ, однако в каждом отдельном случае можно говорить о специфике жанровой структуры письма, обусловленной творческой индивидуальностью его автора, она, как и все составляющие эпистолярной поэтики, зависит от адресата, точнее, того или иного образа адресата, создаваемого автором письма. Именно образ адресата определяет направление развития общения, особенности поведенческого текста автора, а также то, какой тип связи письма определяется художественным инструментарием писателя, его идеологией», деп айтқанындай, М.Әуезов пен Кедринаның эпистолярлық мұрасындағы диалогтік дискурс та өз кезеңінің шежіресі (Фрик Т.Б. Эпистолярность Н.М.Карамзина// Вестник Томского государственного университета. Филология. 2016. – №2(40). – 136 стр).
Қалай болғанда да хат мәтіндері эпистолярлық жанрда «мәтін ішіндегі мәтін», интертекст ретінде пайдаланылғанымен ол жалпы көркемдік тұтастықтан тыс болмайды. Сондықтан Кедринаның өзге емес, тек қана Мұхтар Әуезов пен оның отбасы мүшелеріне жолдаған хаттарында адресат-кейіпкердің шынайы бейнесі, өмірдегі сюжеті, шындығы бейнеленген. Эпистолярлық мұрадағы уақыт пен кеңістік те сол кезеңнің ішкі, сыртқы мінездемелерін ашады.
Бұл тақырыптың біз үшін ерекшелігі сонда, оның қазақ әдебиеттануында бұрын зерттелмегендігінде және мұхтартану саласын толықтырып, жан-жақты зерделеудегі маңыздылығы әлі күнге дейін беймәлім болып, енді ғана әдеби айналымға енуінде болса керек. Эпистолярлық жанрдың ұлттық әдебиеттануда туып, қалыптасуы, дәуірлеу тарихы мен теориясының мәселелері, эволюциясы, трансформациясы, поэтикалық және типологиялық ерекшеліктерінің әзірге екі шығармашылық тұлға Әуезов пен Кедрина хаттары негізінде қарастырылуы да бұл еңбектің жаңалығы.
Кеңестік кезеңде хат жанрының публицистикалық, сыншылдық мағынасы артып, саяси әлеуметтік, рухани, гуманистік мәселелер көтерілген. Ал Кедрина мен Әуезов хаттарында көбінде әдебиет мәселелері, оның аударма саласының жанрлық, теориялық, тәжірибелік мағыналары сөз болады. Бұл хаттарда лаконистік стиль қалыптастырған композициялық түзіліс, анықтық, қысқалық, сауаттылық бой түзеді.
Хат жанрына жаңа мағына беріліп, сол арқылы уақыт мәселесі өткір, көкейкесті түрде қойылды. Ұлы ұстазға деген тағзым, ақылшы ағаға деген шексіз алғыс, өзге ұлт өкілі болса да туған бауырындай болған қамқоршыға деген қалтқысыз адалдықтан туған Кедринаның ұлы жазушыға, оның отбасы мүшелеріне, Валентина Әуезоваға жолдаған хаттары біз үшін беймәлім құндылықтар.
Зоя Сергеевна Кедринаның (12/ІХ.41, 30/ХІІ-46, 9/VІІІ-52, 11/VІІ-55, 13/VІІ-56, 13/VІІІ-60, 23/Х-60, 19/VІІІ-61, 8/VІІ-61) М.Әуезов пен В.Әуезоваға жазған 15 хаты және ескі машинкаға басылған екі бетті ескертпе мәтіндері мұражай қорында бар. 1941–1961 жылдар аралығындағы Мәскеу – Алматы арасындағы ақпараттар ағынынан аңғаратынымыз, даталары көрсетілген хаттардың өзі толық еместігі, олардың құнтталмай жоғалғандары қаншама? З.Кедринаның әзірге қолда бар 15 хатының бәріне бірдей жауап жазылмаса да кейбіріне жауап жазылғаны да ақиқат. М.Әуезовтің атынан жазылған 8 хатында да олар нақты дерекпен дәйектелген. Мысалы, 18.08.1951 ж. №85-нөмірлі хатынан басталып, №92-мен аяқталатын хаттарының көбінде: «Получили на днях твое письмо, читали всей семьей, были рады весточке от тебя...», деп басталады. Олай болса, жазушы мұражайында да және Кедринаның өзінің жеке архивінде, мүмкін өмірінің соңғы жылдары қызмет еткен М.Горький атындағы әлемдік Әдебиет институтының мұрағатында қолға түспеген көп құжаттар болуы әбден мүмкін. Оларды іздестіріп, мұрағатқа тапсыру, зерттеу, әр қырынан интерпретациялау жұмыстары алдағы уақыттың еншісіндегі ғылыми мәселелер.
Айталық, З.Кедринаның М.Әуезовке жазған қолжазбаларының ішінде «Замечание по роману «Путь Абая» редактора Кедриной» деп машинкаға басылған мәтін бар, онда романның 2-ден 5-ке дейінгі тарауларында айтылған сын-ескертпелер түсіріліпті. Мұхтартануға қажетті бұл құнды пікірлер де көпшілікке мәлім емес, тың әдеби деректер.
Ал З.Кедринаның үшінші хаты 1946 жылдың 30 желтоқсанында жолданыпты. Хатты сирек жазатын Валентина құрбысынан жақсы хабар жеткеніне қуанған Зоя Сергеевна : «Дорогая Валечка! Не могу тебе сказать до чего, я была рада получить от тебя письмо да еще такое хорошее... Начну свой отчет с главного: Валечка, Кошка наконец, со мной. Демобилизовался в мае с невероятным трудом, т-к. он политработник, его непременно хотели использовать на курильских островах . К счастью его литературные труды были признаны достаточным мотивом и вот теперь он дома. Написал пьесу для театра Михоэлса и пока с ней все хорошо. Говорят, что это будет событие и т.п. Ну, дай бог. Кроме того он работает с А.М. Коллонтай над ее мемуарами и пишет военные очерки (статья) для «Красноармейца», деп жолдасы Абель Пантиелевтің көп үзілістен соң қаламымен қайта қауышқанын айтып, өз өміріндегі оң өзгерістерден де хабар береді: «...а с осени я занялась большой критической работой (монографией Сельвинского) и Тот, была опубликована в «Октябре», а потом в «Сов.писателе», но меня стали уговаривать идти в антифашисткой комитете сов.женщин (в журнал «Сов. женщина») и я почему то пошла... И сама толком не скажу почему. Условия и зарплата там лучше обычных редакционных значительно, но дело не в этом материально я бы прожила и так. Но, сидя дома, я как то одичала и оторвалась, а тут хорошее дело – борьба с фашизмом – ну, я и пошла. А тут на меня и нагрузили дела: монографию сдавать 15/І; в «Октябрь» две статьи (одна в №12, другая в № 1-2), Заказы для «Красной звезды», «Комсомолки», «Труда» и наконец, «Правды». А на работе, как всегда на новом месте также дела по-уши. Ну, в «Октябрь» я все написала, в «Кр.звезде» у нее напечатано, а теперь стараюсь чтобы соотрудить для «Правды» – пороху не хватает – слов нет. Письмо и то собачьим языком пишу, а уже где же статью?..
Однако где то зимой я собиралось еще написать о казахской прозе. Орентировочная договоренность с «Октябрем» на этот счет есть. В основе «Абай» и «Балуан Шолак», которого охота ругнуть. Ну, там видно будет...», деп осыншама қауырт жұмыстарына қарамай қазақ әдебиетіндегі жаңа үрдістер туралы үнемі үн қатып отыруды дағдыға айналдырған әдебиетші ретінде қазіргі қазақ прозасы жөнінде де пікір айтып, одақтық кеңістікте таныстыруға тапсырыс алғанын, оның ішінде міндетті түрде Мұхтар Әуезовтің «Абайы» мен Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романдарын негізге алып талдайтыны жөніндегі ойларын жеткізеді. Соншама тарихи филологиялық ақпараттарға толы хат мәтініндегі әр факті сол кезеңдегі одақтық әдеби үрдістен мәліметтер берумен бірге соғыстан кейінгі бір рухани серпілісті сезіндіреді. Газет, журналдардан түскен тапсырмалар Кедринаға жауапкершілік жүктеумен қатар ұлт пен ұрпақ тағдырына жауапты ана ретіндегі күрескерлік рух береді. Жалаң үгіттен гөрі жауыздыққа қарсы күресті аналық адами қасиеттермен құнарландырып, шынайы сезіммен шұрайландыру талабымен тұтастандырып қалам ұстаған сыншы Кедрина өзі кие тұтқан сөз өнерінде ақыл мен парасат, ақиқат пен мейірімді басты қағида ретінде ұстанған. Оның шығармашылығы мен монографиялық зерттеулерінде де, тіпті эпистолярлық мұрасында да осы мейірімділік мәнері жат емес. Хат авторының образдық бейнесі осы қалпында Мұхтар Әуезов пен отбасы мүшелеріне жазған хат мәтіндерінде де мүлтіксіз мүсінделген. Зоя Кедринаның хат жанрындағы мәтіндері Мұхтар Әуезовтің де автобиографиясы мен қазақ әдебиеті тарихын түгендеуге, шығармашылық өмірбаянының өрісін кеңейтуге де көп мүмкіндіктер туғызғаны анық. Сол 1950 жылдардағы кеңестік әдебиеттің тарихынан, әдеби басылымдардағы жаңалықтардан, тарихи деректерден филологиялық мағлұматтар берген Кедрина хаттарындағы өмірбаяндық және әдеби фактілер кеңестік дәуірдегі орыс және одақтас ұлттар әдебиетінің шығармашылық байланыстарын, олардың қарым-қатынасындағы күрделі тарихты тануға мүмкіндік ашады. Кедринаның хатында аталған одақтық мерзімді басылымдарда жүргенде қазақ әдебиеті, ондағы көркем шығармалары, олардың авторлары жөнінде көптеген әдеби сындар, ғылыми мақалалар жазғандарын пайымдатар ғылыми нақты мысалдар мол.
Жекелеген монографиялар мен деректі шығармада, көркем туындыларда там-тұмдап немесе белгілі бір кезеңдері ғана болмаса әлі күнге дейін Мұхтар Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны да тұтас жазылған жоқ. Жазушының отбасылық, жеке өмірбаяны мен әдеби әлемінен көптеген құнды деректер беретін хат мәтіндері, эпистолярлық мұралардың тұлға өмірбаянын толықтыруға, олардағы деректер мен мәліметтердің мазмұнын байытуға, ескірген дүниелерді жаңалауға, бұрынғы кеңестік кезеңнің саяси талғамына сай жазылған дүниелерді түгелдей жаңартып, шынайы, табиғи, әдеби, ғылыми тұлғасын қайта қарап, тарихи тұрғыдан орнықтырып, қалыптастыруға да қосар үлесі мол.
Зоя Кедринаның Әуезовтер әулетіне жолдаған хаттары ХХ ғасырдағы эпистолярлық мәдениеттің, екі ұлт әдебиетінің ірі өкілдері арасындағы әдеби шығармашылық байланыстың тарихынан байламдар жасауға негіз береді. Хат мәтінінде автордың жеке көңіл күйі, ой-толғаныстары орын алып, диалогтік дискурстың жан-жақты ашылуына да кең өріс ашады: «...Ужасно хочется приехат к Вам, поведать всех Вас в купе семейном состоянии. Я хотелось создать атмосферу для командировки, но чут выйдет-бы в есть! А хочется ужасно. Мне нажатие, чут если мы все встретимся в Алма-Ате, то молодость – не вернется, конечно, а вспомнится», деп жастық шақ қайта айналып келмесе де еске алып, қайта сезінудің құдіреті қандай керемет екендігі жазылады. Мұнда автордың сол сәттегі көңіл күйі, өзіндік көзқарасы тілді құбылту, оның қалыпты ырғағын көтеріңкі реңге өзгерту бар. Көктемді, жылылықты аңсаған нәзік жанды әдебиетші әйелдің болмысы мен психологиясының тылсым сырлары белгі беріп қалады. Хат авторының ішкі жан дүниесінің бір сәттік сырларында өзге жұрттан жасырын жұмбақ әлемі, ішкі сезімдік-эмоциялық иірімдері көрініс береді. Хаттың стильдік өрнегі осы көңіл күйге орай поэтикалық пафосқа ие. Одан әрі хат иесі З.Кедрина замандасы, ұстазы Мұхтар Әуезовтің 50 жасқа келгенін, уақыт-шіркіннің қаншалықты тез, сынапша сырғитынын сөз етеді: «...Что меня впечатляет – это пятидесятилетие Мухтара! Вот это пореальнее землетрясения: значит мы с тобой, Валюша, старушки?».
Хат мәтініндегі коммуникативтік (екпін, ырғақ, саздылық, интонация), образды-мағыналық (поэтика, дискурс) ақпараттар үлкен тебіреніс пен толқудан тұрады. Өмір бойы жұмыстары шашетектен келіп, бас көтеруге мұршасы келмей жүретін шығармашылық тұлғалар бір сәт тынығып, ес жиып еді, елуге келіп қалғандарын біліп, бастарын ұстайды. Хат авторы биологиялық тұрғыда жасы елуді еңсеріп тұрса да көңіл-жастық бұл ойға жеңіс бермейтінін, алайда уақыт өз дегеніне көндіріп, Мұхтармен қоса Валентина екеуінің де қарттыққа қадам басқандарына бір қуанып, бір қайғырады. «Әйел адамның жасы әрқашан он сегіз» деген әзіл осындайда айтылса керек. З.Кедрина хатындағы мәдени, эстетикалық, рухани мағыналық ақпарат жан әлемінің әлі жас екендігін, шығармашылық адамының рухани қуаттылығы қолынан қаламы түспей қажи қоймайтынын да аңғартады.
Негізі өзге өркениетті елдер әдебиеттануында эпистолярлық мәдениет жоғары деңгейде қалыптасып, дамыған. Тарихты тұлға жасайтынын ескерсек, ұлттық руханиятқа қосылар олар туралы әрбір әдеби фактінің, тарихи деректің, эпистолярлық мұра мәтінінің құнды екендігі тағы да даусыз. ХХ ғасырдағы ұлы тұлғамыз, көрнекті суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің жеке өмірбаянына, әдеби шығармашылық әлеміне қатысты көптеген тарихи филологиялық ақпараттарды алға тартатын кеңестік кезеңдегі орыс әдебиеттанушысы, сыншы, жазушының жанашыр достарының бірі З.Кедринаның хаттары сөз жоқ, бүгінгі мұхтартану үшін үлкен олжа.
Гүлзия ПІРӘЛІ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО бас ғылыми қызметкері