Жәбірленушіге дереу алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақырған. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының көмегімен оқиға орнынан қашып кеткен күдіктінің бағытын анықтаған. Шұғыл хабарлама алған әскери жасақ бастығы, сержант Нұрсұлтан Қайратбек, патрульдеуші сарбаздар Бақытжан Боранбаев пен Ярослав Фикс жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай күдіктіні Қарасай батыр көшесінде қолға түсіреді.
Кеше Ұлттық ұланның елордадағы әскери қалашығында қызметін қалтқысыз атқарған әскери қызметшілер Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты жауынгерлерге Ұлттық ұлан бас штаб бастығының орынбасары – Жедел басқару бас басқармасының бастығы Ерлан Жақыпов табыстады.
– Қала тыныштығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Бас қалада өтіп жатқан ауқымды іс-шара кезінде тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән берілген. Сондықтан кез келген жағдайға дайынбыз, – дейді сарбаздар.
Бүгінде қала көшелерінде тікеден тік тұрып, тәулік бойы тыныштықты сақтауға атсалысып жүрген әскери жасақтардың арқасында жоғалған жандар жақындарына табысталып, табылған заттар иелеріне қайтарылды. Түрлі қылмыстың алдын алды. Сарбаздардың қырағылығы күн сайын түрлі қылмыстық оқиғаға тосқауыл қойып, есірткімен, қарумен жүрген қоғамға қауіпті азаматтар қолға түсіп, заң алдында жауапқа тартуға септігін тигізіп жатыр. Адам өміріне араша түскен жағдайлар да аз емес. Бүгінде бас қаланың тыныштығын сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауға Ұлттық ұланнан күн сайын мыңнан аса әскери қызметші жұмылдырылады.