ЖОЛДАУ • 14 Қыркүйек, 2024

Адал еңбек әділ бағалануға тиіс

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім саласының маманы ретінде Мемлекет бас­шысының халыққа Жолдауларынан хабар­дармыз. Бірақ осы жолы көкейімізден шық­қан тұжырымын құзырлы орындар жүзеге асырып, келелі шешімдер қабылдаса екен дейміз.

Адал еңбек әділ бағалануға тиіс

Сурет: 7-su.kz

Енді солардың кейбіреу­ле­ріне тоқтала кетсек. Президент: «Мемлекет қар­жысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», деді. Толықтай келісеміз. Мәселен, Алматы қаласында бүп-бүтін тұрған асфальт жолдарды, жиектастарды (бордюрлер), бетон арықтарды қиратып, қайтадан салып жатады. Жылда көретініміз – осы көрініс. Есесіне дәл қазір Алматының іргесінде, қала шекарасынан бір шақырым жердегі Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылында жылдар бойы жолдар асфальтталмай келеді. Ауыл тұрғындары осы­ның себебі неде екенін түсіне алмай дал.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ірі кәсіп иелері осы елдің азаматы ретінде ел игілігіне жарайтын мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіп­керлерге қатысты әңгіме бас­қаша болады» деген сөзі де көкей­ге қонды.

Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланыс­ты тың ойларын айтты. Мәсе­лен, ауыл шаруашылығын дамы­туға бөлінген субсидия­ны шын мәнінде, дала төсінде еңбектеніп жатқандар емес, шенеуніктермен жең ұшы­нан жалғасқан пысықай делдал­дардың алып кете­тіні туралы естіп қала­мыз. Осы тұрғыда біздің кафед­ра­ның ғалымдары да ауыл шаруа­шылығын дамытуға қажетті, маңызды ғылыми жоба­лармен айналысып жат­қанын айтқымыз  келеді. Атап айтқанда, түрлі ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының, өзге де өсімдіктердің (мысалы, сексеуіл) ұрықтарын полимер үлдірмен орау ар­қылы алғашқы егілген кезде олардың түрлі зиян­кестерге, табиғи сынақтарға төтеп беруіне қол жеткізуге бо­лады. Әйтпесе, бүгінгі таңда дүкен­дерде сатылатын көкөніс ұрықтарының барлығы дер­лік өзге елдерден келген.

Президенттің «Ауыл тұр­­­­­­­­ғын­дарына өз өнімдерін өңдеу­­ге және сатуға мүмкіндік бере­тін инфрақұрылым құру өте маңызды» деген сөзі де көңілден шықты. Өйткені астық өндірушілердің күзде өз өнімдерін сата алмайтыны жөнінде жиі естиміз. Ал дәл сол кезде жерде бір күн де жұмыс істемеген, жең ұшынан жал­ға­сып, мемлекеттен шетелге астық сатуға лицензия алған­ пысықтар астықты диқан­дар­дан барынша арзан бағаға сатып алып, сырт мемлекеттерге үстеме бағамен сатады екен. Осыдан кейін маңдай тері ақталмайтын қарапайым еңбек адамының жұмыс істеуге қайдан зауқы болады?

Мемлекет басшысы мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту маңызды міндет екеніне тоқталды. Осы тұрғыда, біздің кафедрада биоыдырайтын полимер үлдірлер алу үшін ғылыми ізденістер, жұмыстар жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Иә, Мемлекет басшысының экономика, экологиялық ахуал, ден­сау­лық сақтау, білім беру саласы, елде заң мен тәртіп­тің сақталуына қатысты мә­се­лелерге орай айтқан ойла­рының барлығы да құп­тар­лық.

Ендеше, біз де өз саламызда нәтижелі еңбек етіп, ел дамуына үлесімізді қосқанымыз абзал.

 

Перизат ҮРКІМБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті