фото СІМ
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров «PepsiCo» компаниясының өкілдерімен кездесіп америкалық трансұлттық компаниясы Қазақстанда жүзеге асырып жатқан чипс өндіру жобасының өзекті мәселелерін талқылады.
Министрдің орынбасары бұл жобаның өңірдің экономикалық дамуына, жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық шикізатты пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ықпал ететін маңызды ынталандыру болатынын баса айтты.
Компания өкілдері Қазақстан үкіметінің қолдауына ризашылығын білдіріп, бұл жоба «PepsiCo»-ның өңірдегі ірі инвестицияларының бастамасы екенін, өз кезегінде компания жергілікті жеткізушілермен белсенді жұмыс істеуге ниетті және ішкі нарықтың ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің сұранысын қанағаттандыру үшін өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Кәсіпорын Алматы облысында орналасып, әлемге әйгілі «Lay’s» брендімен картоп чипстерін шығаратын болады. Америкалық компания аталған жобаға 160 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, 350-ге жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның қуаттылығы бастапқы кезеңде 14 мың тоннадан 16 мың тоннаға дейін өнім шығара отырып, кейіннен 21 мың тоннаға дейін өседі. Өндіріске қазақстандық картоп пайдаланылатын болады.
Компания кәсіпорынның бірінші кезегінің құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.