Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ауыл шаруашылығындағы көзбояушылық, яғни жалған есеп беру – кешегі кеңес заманынан бері келе жатқан теріс құбылыс. Шынтуайтында, жоспарлы экономикаға негізделген одақта қосып жазу жалған даңқ шығару және құрметті атақ пен марапат алу үшін қажет болды. Жыл сайын «отан қамбасына миллиард пұт астық тапсырғаны үшін» еліміз бен өңір басшылары «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, омырауларына «Орақ пен балға» алтын медалі мен Ленин орденін қоса тағып жатты. Мұндай жоғары марапатқа қосып жазудың «құдіретімен» «100 биеден 100 құлын алған» жылқышылар мен «100 саулықтан 130-140 қозы өргізген» шопандар, орақ науқанында 15-20 мың центнер астық бастырған комбайншылар және өз кәсібі бойынша «рекордтық көрсеткіштерге» қол жеткізген тағы басқа жұмысшылар да ие болды. Ал еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкеннен кейін қосып жазу, Президент айтқандай, мемлекеттік бюджеттен субсидия ретінде қыруар қаржы алу үшін қолданылатын амалға айналды.
«Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніндегі нақты жағдайды бұрмалап көрсететін қосып жазу бұрыннан бар. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына осы өткір проблема жайлы баяндауды жөн көрдім. Президент тиісті тапсырма берген соң санда бар, санатта жоқ мал мен өнімді есептен шығару жөніндегі комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Нәтижесінде, 2 млн ірі қара мен 3 млн-нан астам уақ малға қоса, 3 млн тонна сүт қосып жазылғаны әшкереленді. Осындай фактілер өсімдік шаруашылығында да бар. Ондағы нақты жағдайды анықтау жұмысы осы жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін аяқталуға тиіс. Қосып жазуды жою бізге сала жұмысын сауатты жоспарлауға мүмкіндік береді», деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Мал санын қосып жазуға, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтары бар ауыл тұрғындары үйір болып шықты. Себебі олар дербес статистикалық есеп берумен айналыспайды. Мұның өзі үй шаруашылығы секторындағы төрт түлікті санау әдісі дұрыс жасалмағандықтан, статистиканы бұрмалауға мүмкіндік беріп отырғанын көрсетті. Осыған орай министрлік жеке қосалқы шаруашылықтардың өндірген өнімінің есебін жүргізу және мемлекеттік қолдау алу үдерістерін цифрландыруға кірісті.
АШМ биыл фермерлерге төмендетілген мөлшерлеме бойынша несие беруге мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялауды іске асыра бастағаны да қосып жазуды жоюға оң ықпалын тигізетіні анық. Бұл тетік көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын несиелеу және лизингті қаржыландыру кезінде қолданылды. Осы орайда Президент биылғы Жолдауында екінші деңгейдегі банктерді агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруге тарту үшін оларға да субсидия бөлу тәжірибесін қолдануды тапсырғаны шаруаларды айналым қаражатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығындағы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қосып жазуды болдырмауға жол ашады. Кейінгі 20 жылда мемлекетіміздің аграрлық саясаты тұрақсыз болып, субсидия беру ережесі 57 рет өзгеруі салдарынан ауыл шаруашылығы бюджет қаражаты ең көп жымқырылатын саланың біріне айналды. Дегенмен қосып жазудың алдын алып, түп-тамырына балта шабуға қолданыстағы заңнаманы қайта қарау да қажет.
Өйткені «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 497-бабында: «Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына анық емес бастапқы статистикалық деректерді ұсыну ескерту жасауға әкеп соғады; Мемлекеттік статистиканың тиісті органдарына бастапқы статистикалық деректерді белгіленген мерзімде ұсынбау жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 14, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады; Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерінде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер жеке тұлғаларға – 14, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», деп көрсетілген.
Жалған есеп беруге әккіленіп алған жеке және заңды тұлғалар мұндай жеңіл жаза түрлерін шыбын шаққан құрлы көрмейді. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, олардың алдау жолымен мемлекет қаржысын жымқыруына жол бермеу үшін заң талабын қатайтқан жөн. Бұл ретте кеңес заманында қосып жазу әкімшілік құқық бұзушылық емес, қылмыстық құқық бұзушылық саналып, қатаң жаза белгіленсе де, осы теріс құбылыс тыйылмағанын ескеру – тарихтан тағылым алу болмақ.
Тағы бір назар аударарлық мәселе – елімізде жалған есеп берумен қатар, азайтып жазу сынды теріс құбылыс та бар. Бұл да – жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын шектеген кеңес заманында туындап, әлі күнге жалғасып келе жатқан келеңсіздік. Сондықтан ауыл тұрғындарының қолында нақты қанша мал бар екенін әкімдер де, статистика органдары да анық білмейді десек, қателеспейміз. Бұл сөзімізге дәлел де бар. Былтыр қыста мұз қатуына байланысты Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында үйір-үйір жылқы тебіндей алмай, аштан қырылған. Соның санын анықтауға барған министрлік өкілдері өлексесі табылған 67 бас жылқының сәйкестендіру нөмірі болмағанына байланысты олардың иесі кімдер екенін біле алмаған.
Байтақ дала төсінде еркін жортып жүрген киік санын анықтағанымызбен, ауыл тұрғындарының еншісіндегі төрт түлік санын дәл білмейтініміз – парадокс. Кемшілікті түзету келесі жылы өткізілетін ауыл шаруашылығы санағы барысында ескерілсе, құба-құп.