
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оқырмандарға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. 12 қыркүйек күні кешке қарай Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің сайтына 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты өткізу туралы хабарландыру ілінді. Мұнда ғылымды дамытудың басым бағыттары көрсетіліп, өтінімдерді тіркеу талаптары, конкурстық құжаттама және өтінімді рәсімдеу жөніндегі сұрақтар бойынша телефон нөмірлері, сондай-ақ өтінімдерді қабылдау уақыты туралы мағлұмат берілген. Ал сол хабарландырудың төменгі тұсында конкурстық құжаттама талаптары жазылған материал жүктеліпті. Ашып қарасақ, сайттың қазақ тіліндегі нұсқасында да, орыс тіліндегі нұсқасында да құжаттаманың тек орысшасы тұр. 11 қыркүйек күні Ғылым комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілгені жазылған конкурс құжаттамасының жалпы ережесіне көп ұзамай ғалымдар арасында жаппай қарсылық басталғандай болды. «Олар қарсы болатындай құжатта не бар, қандай талап тұр?» дерсіз. Бұл сұрақ бізді де мазалады. Оны қарсылық білдірген жандардың сөзімен түсіндіріп көрелік.
Қарсылық легін жас ғалымдар бастады. Анығы, өткен жұма күні, 12 қыркүйекте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жас ғалымдармен кездесуі өткен. Бірақ оған журналистер шақырылмады. Біз бұл туралы жиынға қатысушы тараптан білдік. Сол кездесуде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың жаңа талаптарына түбегейлі қарсылығын білдіріпті. Жиында айтылған қарсылықтың жазбаша нұсқасы кеңестің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына жарияланған. «Қазақстандағы ғылымның болашағына бейжай қарамайтын ғылыми қауымдастыққа және барша азаматтарға маңызды үндеу» деген тақырыппен жарияланған жазбада көрсетілгендей, академия жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерін төмендегі мәселелер алаңдатқан:
- Грант алуға шектеу: ғалымдардың жетекші ретінде гранттық қаржыландыру конкурстарына тек үш жылда бір рет қатысу мүмкіндігі – отандық ғылым үшін кері қадам.
- Философия докторын (PhD) даярлауға қойылған, орындалуы мүмкін емес талаптар: Философия докторларын (PhD) үш жылға жетпейтін мерзімде дайындау талабы ғылыми білім беру сапасына және болашақ зерттеушілердің келесі буынына қауіп төндіреді.
- Ғалымдардың авторлық құқықтарының бұзылуы: уәкілетті органмен зияткерлік меншікті (патенттер, авторлық куәліктер) бірлесіп пайдалану туралы міндетті келісім және патент иесі ретінде уәкілетті органды көрсету талабы ғалымдардың өз жұмыстарына деген құқықтарын бұзады, олардың еркіндігін шектейді және жетекші халықаралық тәжірибеге қайшы келеді. Сондай-ақ олардың өз еңбектерінің нәтижелеріне бақылау мүмкіндігін жоғалту қаупін тудырады.
Үндеудің соңында: «Осы және басқа да даулы мәселелер мықты ғылыми топтардың дамуын тежеп қана қоймай, жоғары білікті ғылыми кадрларды қалыптастыру жөніндегі күш-жігерді жояды. Нәтижесінде, ғылыми зерттеулердің түпкі нәтижелері уәкілетті орган қызметінің негізгі көрсеткіштерін орындаумен шектеледі. Қазақстандағы ғылымның болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты біздің үндеуімізге қосылуға шақырамыз», делінген. Үндеуге 100-ден аса адам қосылатынын білдіріп пікір қалдырыпты.
Ал жоғарыда аталған Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин мәлімдегендей, министрдің жас ғалымдармен кездесуінде болған ашық талқылауда С.Нұрбек конкурс құжаттамасына енгізілген жаңашылдықтар оның бастамасы еместігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымның ескертпелері екенін айтқан. Соған қарамастан, министр ғылыми қауымдастықтың қарсылығын Президенттің, Президент әкімшілігінің алдында барынша қорғауға дайын екенін жеткізіпті.
Сондай-ақ М.Жабағин конкурстық құжаттамаға қатысты өзінің ойын: «2019 жылы ғылыми қауымдастық Мемлекет басшысының қолдауына ие болып, жыл сайынғы конкурстарға қол жеткізді. Бұл өз кезегінде қаржыландырудың үш жылғы үзілісін болдырмады. Енді жаңа конкурстық құжаттамаға сәйкес, біз 2018 жылдың шарттарына қайта ораламыз. Бұған дейін оңтайлы шешім ұсынылды, онда шектеулер өткен жылы екі түрлі конкурстың жеңімпаздарына қатысты болды. Дәл сол логикалық нұсқаға оралу керек. Екінші тармақтағы талапқа келсек, жоба шеңберінде докторантты даярлау міндеттемесі іс жүзінде ғылыми жетекшіні философия докторы (PhD) ретінде даярлау қажет докторантқа тәуелді етіп қояды. Мұндайда жетекші докторанттың дайындықты аяқтауы үшін, соның ішінде мақалалар мен диссертациялар жазуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға мәжбүр болады. Бұл ереже, әсіресе ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына теріс әсер етеді. Докторанттарды жобаларға тарту – дұрыс бастама, бірақ тәсіл керісінше болуы керек: жоғары оқу орындары жақсы жобалары бар мықты ғалымдарды өзіне тартып, соған докторанттардың басшылығын ұсынуы керек. Бұл тармақ айтарлықтай жетілдіруді қажет етеді», деп білдірген.
Оның айтуынша, жақында жарияланған конкурстық құжаттаманың үшінші тармағы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 33-бабына қайшы келеді. Аталған заңның 33-бабы, 1-тармағында: «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауы шеңберінде жасалған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар, егер олардың арасындағы шартта өзгеше айтылмаса, оларға ортақ түрде тиесілі болады», делінген. Ал конкурс құжаттамасындағыдай уәкілетті органды патент иеленушілер қатарына қосу туралы ұсыныс ұлттық заңнамаға да, халықаралық тәжірибеге де қайшы. Мұндай талап алынып тасталуы керек.
Жас ғалымдардың жоғарыдағы бастамасын аға буын өкілдері де белсенді қолдап жатыр. Соның бірі ядролық астрофизика саласындағы ғалым, профессор, ғылым және техника бағыты бойынша Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Сергей Дубовиченко әлеуметтік желідегі парақшасында: «Министр мырза, біліксіз шенеуніктердің 2025–2027 жылдарға арналған конкурстық құжаттама ережелеріне енгізген кейбір жаңалықтары Қазақстанда ғылымның түпкілікті құлдырауына әкелуі мүмкін. Грант берілген уақытта PhD докторантын дайындау деген – мүлдем болмайтын нәрсе. Осы жаңалықтардың кесірінен келесі 3-5 жылда мұндай талаптармен келіспейтін және жалған докторларды даярлауға жауапкершілік алмайтын көптеген ғалым ғылымнан кетіп қалады», деп жазды.
Ал тарихшы, профессор Меңдігүл Ноғайбаева: «Бүгінгі жағдай бойынша ғылымдағы тұтас бір орта буын ескерусіз қалып отыр. Мысалы, жасы 40-тан асқан 50-дің айналасындағы буын – нағыз осындай ақымақ реформалардың құрбаны. Біріншіден, біз ғылымға келіп, кандидаттық қорғап, енді докторлық тақырыпты талқылап жатқанда, яғни 2010 жылдан бастап бұл мүмкіндік жойылды. Екінші, постдокторлық талай жыл шешілмей келіп, кейінгі жылдары тек 40 жасқа дейінгілер ғана өтетін болды. Осылайша, 40-тың қырқасына іліккендер ортада «жоғалған ұрпақтың» күйін кешіп қалды. Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерін заң бойынша 3 жылда ауыстырып отыр. Бұл – дұрыс. Бір адам екі мерзімнен артық мүше бола алмайды. Бірақ осы талапты белден басып «мәңгілік» отырғандар бар. Сонда талап қайда қалды?», деп пікір білдірген.
Біз Ғылым комитетінен жоғарыдағы қарсылықтар мен сыни пікірлерге қатысты жауабын беруді сұрадық. Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Жайық Хамитұлы бұл жерде ғалымдармен арада кейбір талаптар төңірегінде түсінбестіктер барын айтып, түсіндіруді қажет ететін тұстарын атап көрсетті.
«Шыны керек, конкурс құжаттамасында гранттық қаржыландыру конкурсына 40-тан асқандар қатыса алмайды деген талап мүлдем жоқ. Сол себепті аға толқын ғалымдарымыз алаңдамай қатыса берсе болады. Мұнда тек грант конкурсына өткізілетін жоба қатысушыларының құрамында кемі 30 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың болуы керектігі туралы талап бар. Сол сақталса болғаны. Ал PhD докторантын даярлау мәселесіне келсек, елімізде жыл сайын мыңдаған адам докторантураны бітіргенімен, соның 30 пайыздайы ғана докторлық дәрежесін қорғап шығады. Осы түйткілдің түйінін тарқату мақсатында 3 жылға берілген грант кезінде докторантты қорғатып шығу талабы қойылып отыр. Бірақ бұл жерде қатып қалған талап жоқ. Докторантты жобаға қатысушы ретінде алуды да, грант иеленгеннен бастап тақырыбын енді алған 1 курс студентін жоба соңында ғылыми дәрежесін қорғауға сүйреуді де міндеттемейді. Бар болғаны грант алған жобаның тақырыбы жобаға қатысушы 2 немесе 3 курс докторантының тақырыбына сай келсе ғана дайындап шығу деген талап қойылады. Енді кейбір ғалымдардың грант конкурсына қатыса алмау туралы шектеуіне жауап берсек, бұл жерде талап тек ғылыми жетекшіге қойылған. Аталған шектеу бойынша 2023–2025 және 2024–2026 жылдарға арналған конкурстар шеңберінде қаржыландыруға мақұлданған жобалар мен бағдарламалардың жетекшілері жетекші ретінде қатыса алмайды, дегенмен олардың жоба орындаушысы ретінде қатысуына шектеу жоқ», деп жауап берді.
Комитет өкілінің айтуынша, жетекшіге қойылған мұндай талап басқа да ғалымдардың және ғылыми топтардың дамуына ықпал етеді. Ғылымға тың тақырыптар мен идеяларды алып келеді және де бұл талап жемқорлыққа қарсы агенттіктің ғылым саласында жүргізілген іс-шаралары бойынша берілген нұсқаулық негізінде қойылып отыр. Аталған шектеу «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының базасы бойынша жүргізілген сараптамалық талдау негізінде қойылды. Бұл сараптама нәтижесінде кейбір ғалымдардың 3 немесе одан да көп жобалар мен бағдарламаларға жетекшілік жасайтындығы анықталды, олар мұнымен қоса негізгі жұмысын алып жүруі керек. Сондай жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымның күдігін оятқандықтан, осындай талап енгізілді.
«Кадр даярлау мәселесі бойынша (PhD) толықтырып өтсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздің ғылыми әлеуметін дамыту туралы, яғни ғылыми кадрларды даярлау туралы нақты тапсырма берген болатын. Конкурстың талаптарына сай үш жылдың қорытындысы бойынша бір философия докторын даярлау қажет. Бұл норма бұған дейін болған, бірақ міндетті емес еді. Кадр даярлау ғылыми мектептерді дамытуға, жаңа бағыттарды ашуға үлкен мүмкіндік береді. Конкурс құжаттамасында докторанттың үш жылда қорғап шығуы міндеттелмеген. Талап бойынша диссертация тақырыбы ғылыми зерттеу жұмысы тақырыбының бағытына сай болуы айтылған. Бұл норма бойынша докторант жұмысының диссертациялық кеңеске қорғауға ұсынылғаны жеткілікті», деп түсіндірді Ж.Хамитұлы.