Білім • Бүгін, 09:20

Даудың басы – конкурс құжаттамасы

96 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Күз түсіп, жаңа оқу жылмен бірге ғалымдар арасында да қызу тірлік қайнайды. Бұл – гранттық қаржыландыру конкурсына құжат тапсыру ісі. Олардың жанталасын түсінуге де болады, себебі жоғары жалақы алмайтын жанға грант қаржысы зерттеуін алаңсыз жүргізуіне, негізгі жұмысын атқара жүріп, қосымша ақы алуына мүмкіндік береді. Жақында жарияланған конкурс құжаттамасы осыған даярлықты қалт жібермейін деп күтіп жүрген жұрттың қарсылығын оятты.

Даудың басы – конкурс құжаттамасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оқырмандарға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бас­тайық. 12 қыркүйек күні кешке қарай Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым коми­те­тінің сайтына 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты өткізу туралы хабарландыру ілінді. Мұнда ғылымды дамытудың басым бағыттары көрсетіліп, өтінімдерді тіркеу талаптары, конкурстық құжаттама және өтінімді рәсімдеу жөніндегі сұрақтар бойынша телефон нөмірлері, сондай-ақ өтінімдер­ді қабылдау уақыты туралы мағлұмат берілген. Ал сол хабарландырудың төменгі тұсында конкурстық құжаттама талаптары жазылған материал жүктеліпті. Ашып қарасақ, сайттың қазақ тіліндегі нұсқа­сын­да да, орыс тіліндегі нұсқасында да құжаттаманың тек орысшасы тұр. 11 қыр­­күйек күні Ғылым комитеті төраға­сының бұйрығымен бекітілгені жазылған конкурс құжаттамасының жалпы ере­же­сіне көп ұзамай ғалымдар арасында жап­пай қарсылық басталғандай болды. «Олар қарсы болатындай құжатта не бар, қандай талап тұр?» дерсіз. Бұл сұрақ бізді де мазалады. Оны қарсылық біл­дір­ген жандардың сөзімен түсіндіріп көре­лік.

Қарсылық легін жас ғалымдар бастады. Анығы, өткен жұма күні, 12 қыркүйекте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жас ғалымдармен кездесуі өткен. Бірақ оған журналистер шақырылмады. Біз бұл туралы жиынға қатысушы тараптан білдік. Сол кездесуде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың жаңа талаптарына түбегейлі қарсылығын білдіріпті. Жиында айтылған қарсылықтың жазбаша нұсқасы кеңестің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына жарияланған. «Қазақстандағы ғылымның болашағына бейжай қарамайтын ғылыми қауым­дас­­тыққа және барша азаматтарға ма­ңыз­ды үндеу» деген тақырыппен жа­рия­лан­ған жазбада көрсетілгендей, ака­демия жа­нын­дағы Жас ғалымдар кеңе­сі­нің мүше­лерін төмендегі мәселелер алаң­дат­қан:

  1. Грант алуға шектеу: ғалымдардың жетекші ретінде гранттық қаржыландыру кон­­­курстарына тек үш жылда бір рет қаты­су­ мүм­кіндігі – отандық ғылым үшін кері қадам.
  2. Философия докторын (PhD) даяр­лауға қойылған, орындалуы мүмкін емес талаптар: Философия докторларын (PhD) үш жылға жетпейтін мерзімде да­йындау талабы ғылыми білім беру сапасына және болашақ зерттеушілердің келесі буынына қауіп төндіреді.
  3. Ғалымдардың авторлық құқық­та­ры­ның бұзылуы: уәкілетті органмен зияткерлік меншікті (патенттер, автор­лық куәліктер) бірлесіп пайдалану туралы міндетті келісім және патент иесі ретінде уәкілетті органды көрсету талабы ғалым­дардың өз жұмыстарына деген құқық­тарын бұзады, олардың еркіндігін шек­тейді және жетекші халықаралық тәжі­рибеге қайшы келеді. Сондай-ақ олардың өз еңбектерінің нәтижелеріне бақылау мүмкіндігін жоғалту қаупін тудырады.

Үндеудің соңында: «Осы және басқа да даулы мәселелер мықты ғылыми топ­­тар­дың дамуын тежеп қана қоймай, жоғары білікті ғылыми кадр­ларды қалып­тас­тыру жөніндегі күш-жігерді жояды. Нәти­же­сінде, ғылыми зерттеулердің түпкі нәти­же­лері уәкілетті орган қызметінің негізгі көрсеткіштерін орындаумен шектеледі. Қазақстандағы ғылымның болашағына бейжай қара­майтын әрбір азаматты біздің үндеуімізге қосылуға шақырамыз», делінген. Үндеуге 100-ден аса адам қосы­латынын білдіріп пікір қалдырыпты.

Ал жоғарыда аталған Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жаба­ғин мәлімдегендей, министрдің жас ға­лым­­дармен кездесуінде болған ашық талқылауда С.Нұрбек конкурс құ­жат­­тамасына енгізілген жаңа­шыл­дық­тар оның бастамасы еместігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым­ның ескерт­пелері екенін айтқан. Соған қара­мастан, министр ғылыми қауым­дас­тықтың қарсы­лығын Президенттің, Президент әкімші­лігінің алдында барынша қорғауға дайын екенін жеткізіпті.

Сондай-ақ М.Жабағин конкурстық құжаттамаға қатысты өзінің ойын: «2019 жылы ғылыми қауымдастық Мемлекет басшысының қолдауына ие болып, жыл сайынғы конкурстарға қол жеткізді. Бұл өз кезегінде қаржыландырудың үш жылғы үзілісін болдырмады. Енді жаңа конкурстық құжаттамаға сәйкес, біз 2018 жылдың шарттарына қайта ораламыз. Бұған дейін оңтайлы шешім ұсынылды, онда шектеулер өткен жылы екі түрлі конкурстың жеңімпаздарына қатысты болды. Дәл сол логикалық нұсқаға оралу керек. Екінші тармақтағы талапқа келсек, жоба шеңберінде докторантты даярлау міндеттемесі іс жүзінде ғылыми жетекшіні философия докторы (PhD) ретінде даярлау қажет докторантқа тәуелді етіп қояды. Мұндайда жетекші докторанттың дайындықты аяқтауы үшін, соның ішінде мақалалар мен диссертация­лар жазуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға мәжбүр болады. Бұл ереже, әсіресе ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына теріс әсер етеді. Докторанттарды жобаларға тарту – дұрыс бастама, бірақ тәсіл керісінше болуы керек: жоғары оқу орындары жақ­сы жобалары бар мықты ғалымдарды өзі­не тартып, соған докторанттардың бас­шы­лығын ұсынуы керек. Бұл тармақ айтар­лық­тай жетілдіруді қажет етеді», деп біл­дірген.

Оның айтуынша, жақында жария­лан­ған конкурстық құжаттаманың үшінші тармағы «Ғылым және тех­но­ло­гиялық саясат туралы» заңның 33-бабына қайшы келеді. Аталған заң­­ның 33-бабы, 1-тармағында: «Ғы­лыми және (немесе) ғылыми-тех­ни­калық қызмет субъектілерінің жеке кәсіпкерлік, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауы шеңберінде жасалған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтар, егер олардың арасындағы шартта өзгеше айтылмаса, оларға ортақ түрде тие­сілі болады», делінген. Ал конкурс құжат­та­масындағыдай уәкілетті органды патент иеленушілер қатарына қосу туралы ұсы­ныс ұлттық заңнамаға да, халықаралық тәжі­ри­беге де қайшы. Мұндай талап алынып тасталуы керек.

Жас ғалымдардың жоғарыдағы бас­тамасын аға буын өкілдері де белсенді қолдап жатыр. Соның бірі ядролық астрофизика саласындағы ғалым, профессор, ғылым және техника бағыты бо­йынша Әл-Фараби атындағы мем­лекет­тік сыйлықтың иегері Сергей Дубовиченко әлеуметтік желідегі парақшасында: «Министр мырза, біліксіз шенеуніктер­дің 2025–2027 жылдарға арналған конкурстық құжаттама ережелеріне енгізген кейбір жаңалықтары Қазақстанда ғылымның түпкілікті құлдырауына әкелуі мүмкін. Грант берілген уақытта PhD докторантын дайындау деген – мүлдем болмайтын нәрсе. Осы жаңалықтардың кесірінен келесі 3-5 жылда мұндай талаптармен келіспейтін және жалған докторларды даярлауға жауапкершілік алмайтын көптеген ғалым ғылымнан кетіп қалады», деп жазды.

Ал тарихшы, профессор Меңдігүл Ноғайбаева: «Бүгінгі жағдай бойынша ғылымдағы тұтас бір орта буын ескерусіз қалып отыр. Мысалы, жасы 40-тан асқан 50-дің айналасындағы буын – нағыз осындай ақымақ реформалардың құр­ба­ны. Біріншіден, біз ғылымға келіп, кан­дидаттық қорғап, енді докторлық та­қы­рыпты талқылап жатқанда, яғни 2010 жылдан бастап бұл мүмкіндік жойылды. Екінші, постдокторлық талай жыл шешілмей келіп, кейінгі жылдары тек 40 жас­қа дейінгілер ғана өтетін болды. Осы­­­лай­ша, 40-тың қырқасына іліккендер орта­да «жоғалған ұрпақтың» күйін кешіп қал­­ды. Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерін заң бойынша 3 жылда ауыстырып отыр. Бұл – дұрыс. Бір адам екі мерзімнен артық мүше бола алмайды. Бірақ осы талапты бел­­д­­ен басып «мәңгілік» отырғандар бар. Сон­­­д­а талап қайда қалды?», деп пікір біл­дір­­ген.

Біз Ғылым комитетінен жоғарыдағы қар­сылықтар мен сыни пікірлерге қатысты жауабын беруді сұрадық. Ғылым комитеті төрағасының орынба­сары Жайық Хамит­ұлы бұл жерде ға­лым­дармен арада кейбір талаптар төңірегінде түсінбестіктер барын айтып, түсіндіруді қажет ететін тұстарын атап көрсетті.

«Шыны керек, конкурс құжат­тама­сын­да гранттық қаржыландыру конкур­сына 40-тан асқандар қатыса алмайды деген талап мүлдем жоқ. Сол себепті аға толқын ғалымдарымыз алаңдамай қатыса берсе болады. Мұнда тек грант конкурсына өткізілетін жоба қатысушыларының құрамында кемі 30 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың болуы керектігі туралы талап бар. Сол сақталса болғаны. Ал PhD докторантын даярлау мәселесіне келсек, елімізде жыл са­йын мыңдаған адам докторантураны бітіргенімен, соның 30 пайыздайы ғана докторлық дәрежесін қорғап шығады. Осы түйткілдің түйінін тарқату мақсатында 3 жылға берілген грант кезінде докторантты қорғатып шығу талабы қойылып отыр. Бірақ бұл жерде қатып қалған талап жоқ. Докторантты жобаға қатысушы ретінде алуды да, грант иеленгеннен бастап тақырыбын енді алған 1 курс студентін жоба соңында ғылыми дәрежесін қорғау­ға сүйреуді де міндеттемейді. Бар болғаны грант алған жобаның тақырыбы жобаға қатысушы 2 немесе 3 курс докторантының тақырыбына сай келсе ғана дайындап шығу деген талап қойылады. Енді кейбір ғалымдардың грант конкурсына қатыса алмау туралы шектеуіне жауап берсек, бұл жерде талап тек ғылыми жетекшіге қойылған. Аталған шектеу бо­йынша 2023–2025 және 2024–2026 жылдарға арналған конкурстар шеңберінде қаржы­лан­дыруға мақұлданған жобалар мен бағдарламалардың жетекшілері жетекші ретінде қатыса алмайды, дегенмен олар­дың жоба орындаушысы ретінде қаты­суына шектеу жоқ», деп жауап берді.

Комитет өкілінің айтуынша, жетек­шіге қойылған мұндай талап басқа да ғалымдардың және ғылыми топтардың дамуына ықпал етеді. Ғылымға тың тақырыптар мен идеяларды алып келеді және де бұл талап жемқорлыққа қарсы агенттіктің ғылым саласында жүргізіл­ген іс-шаралары бойынша берілген нұсқаулық негізінде қойылып отыр. Аталған шектеу «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының базасы бо­йынша жүргізілген сараптамалық талдау негізінде қойылды. Бұл сараптама нәтижесінде кейбір ғалымдардың 3 немесе одан да көп жобалар мен бағдарламаларға жетекшілік жасайтындығы анықталды, олар мұнымен қоса негізгі жұмысын алып жүруі керек. Сондай жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымның күдігін оятқандықтан, осындай талап енгізілді.

«Кадр даярлау мәселесі бойынша (PhD) толықтырып өтсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздің ғылыми әлеуметін дамыту туралы, яғни ғылыми кадрларды даярлау туралы нақты тапсырма берген болатын. Конкурстың талаптарына сай үш жылдың қорытындысы бойынша бір философия докторын даярлау қажет. Бұл норма бұған дейін болған, бірақ міндетті емес еді. Кадр даярлау ғылыми мектептерді дамытуға, жаңа бағыттарды ашуға үлкен мүмкіндік береді. Конкурс құжаттамасында докторанттың үш жылда қорғап шығуы міндеттелмеген. Талап бойынша диссертация тақырыбы ғылыми зерттеу жұмысы тақырыбының бағытына сай болуы айтылған. Бұл норма бойынша докторант жұмысының диссертациялық кеңеске қорғауға ұсынылғаны жеткілікті», деп түсіндірді Ж.Хамитұлы.

Соңғы жаңалықтар

Өңір және Жолдау жауапкершілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:15