Елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жоба жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Осыған орай әрбір жергілікті қала, аудан әкімдіктері жас кәсіпкерлерге арналған гранттар белгіледі. Сәтбаев қаласының әкімдігі де бес бағыт, яғни ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа саласына қатысты жобаларға конкурс жариялаған болатын. Бұрынғыларға қарағанда биылғы конкурстың бір ерекшелігі, жасы 14-ке толған жасөспірімдерге де қатысуға рұқсат берілді.
Жарияланған конкурсқа барлығы 48 өтініш түсті. Олар өз жобаларын арнайы комиссияның талқысына салып, қорғап шықты. Комиссия 10 жобаны жеңімпаз деп таныды.
Жеңімпаздарға грант тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев бүгінгі жас кәсіпкерлердің келешекте бизнестің ірі өкілдеріне айналуына тілектестік білдірді.
«Сіздердің бүгінгі талаптарыңыз – ертеңгі зор істеріңіздің алғашқы баспалдағы ғана. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында кәсіптеріңіз өркендеп, қанатын жая берсін», деді ол.
Қаланың белгілі кәсіпкерлері А.Тұрлұбек, Ә.Өтеғалиұлы 90-жылдардағы қиыншылықтар туралы сөз қозғады.
«Бізге мемлекет ол кезде грант берген жоқ, өйткені ондай мүмкіндік те жоқ еді. Банктердің несие үстемесі тіпті ақылға қонымсыз болды. Сондай қиындықтар қазір кейін қалды. Мемлекет елімізде кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қамқорлық танытып келеді. Осы қамқорлықты сезіне білгендеріңіз абзал. Халыққа қосымша жұмыс орындарын ұсыну, тиісті салық төлеу арқылы қаланың қазынасын толықтыру керек», деген аға буын өкілдері жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Жеңімпаз атанған жастардың арасында ең жасы кішісі Ескендір Ардақұлы екен. Ол Білім инновациялық мектебінің 11-сыныбында оқиды. Табиғатынан икемі бар бала ағаштан қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, киіз үй , т.т. кәдесый ретінде жасайды.
«Баламыздың икемін байқаған соң, алғашында «телефон шұқылап отырғанша, осы өнерің дұрыс» деп компьютер, басқа да құрал-жабдықтарын алып бергенбіз. Қазір ол жұмысын жетілдіре түсті, сондықтан, жаңа құрал-жабдықтар алу қажеттігі туындады. Сондықтан лазерлік шеберхана ашу туралы жоба жасап, конкурсқа қатысып, жеңіпаз атанып отыр. Біз бұған өте қуаныштымыз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді Ескендірдің ата-анасы Ардақ пен Бақыткүл. Ескендір жасайтын дүниесінің дизайнын да өзі ойластырады.
Құрылысқа қажетті сым өндірумен айналысуды қолға алған жас кәсіпкер Бота Хафизовтің жобасы да өзіндік ерекшелігімен тартымды. Ол шағын цех ашып, өндірісті жолға қойып алған соң, сұраныстың мол болатынына сенімді.
«Біздің өңірімізде, әсіресе Жезқазған, Сәтбаев қалаларында кейінгі жылдары құрылыс қарқын ала бастады. Соны көріп, біліп жүрген соң, осындай идея туындады», деген Хафиз ойдағыны жүзеге асыруға мүмкіндіктің молая түскеніне қуанышты.
Ал жеңімпаздар қатарынан көрінгендердің бірі Ринат Мұхаметшин дәнекерлеу цехын ашуды көздесе, Гүлдана Шәкенова ДТФ аркылы және шелкография әдісімен эксклюзивті киім өңдеуді қолға алуды мақсат еткен. Әрбір жобаның өз ерекшелігі бар. Жеңімпаздарға 2 млн 500 мың теңгеден 3 млн 500 мың теңгеге дейін грант берілді.
«Жас келсе – іске» дегендей, жастардың өз кәсіптерін қолға алғандары әрине, өте сүйінішті. Олардың қатары жыл санап артып келеді. Дегенмен әлі де аздық етіп жатқаны да белгілі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады» деген болатын.
Президенттің атап көрсеткеніндей, «шағын бизнестің орта бизнеске өтуге мүдделі» болуын қамтамасыз етудің бір жолы – жас кәсіпкерлерге жергілікті әкімдердің грантын беру. Осы жоба аясында қаншама жас кәсіпкер өмірге жолдама алды. Келесі жылдан бастап «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жергілікті деңгейлерде де бес емес, алты бағыттан тұратын болады. Өйткені бұған волонтерлік бағыт та қосылады. Демек жаңа жобалар жалғасын табады. Кәсіпкерліктің дамуы экономиканы әртараптандыруға алып келеді. Жас кәсіпкерлерге деген қамқорлықтың түпкі мақсаты да – осы.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы