Өнер • 17 Қыркүйек, 2024

Әлемді әнімен әлдилеп...

174 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әлемді әнімен әлди­леп, дүние дидарын үні­мен ұй­ыт­­­­қан Димаш – Дін­мұ­хаммед Құдайбер­геннің әр концерті жанкүйерлері үшін қашан да үлкен оқи­ғаға ұласып жатады. Елордамыздың төріндегі «Ас­тана Арена» стадионында екі күн қатарынан өткен әншінің «Stranger» шоуы бұл жолы да сол қа­лыбынан танбады. Жа­һанның 80 елінен кел­ген 10 мыңға тарта көрер­меніннің басын төр қалада қосқан ғаламат концерт саф өнер тыңдармандары мен әншінің жанкүйерлері үшін шын мәнінде үлкен жаңалық болды.

Әлемді әнімен әлдилеп...

Суреттерді түсірген – Әділбек ТӘУЕКЕЛОВ

«Дүние дидарындағы Димаш»

Көмейіне бұлбұл ұя салған ұлағатты ұл бүгінде ұлт шең­бе­рінен шығып, әлдеқашан күл­лі адамзатқа ортақ перзентке айнал­ғандығының айғағы болса керек, ғаламның түкпір-түкпірінен Ас­танаға қарай ағылған нөпір көрерменнің қарасында шек болмады. Олар жай ғана концерт тамашалап, сүйікті әншісінің үнінен ләззат алып қана қоймай, Димаштай дарынды ұлды өмірге әкелген қазақ жерінің бар қадір-қасиетін ұғынғысы келгендей, сол арқылы Димаш феноменіне бойлауды да көксегені байқалды.

Осыны ескерген айтулы өнер оқи­ғасының ұйымдас­ты­ру­шылары концерттен бір күн бұрын Ұлттық музейде «Дү­ние дидарындағы Димаш» көр­­месін көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан айшықты жоба Қазақстанның халық әртісі, композитор және мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концерті аясында әртістің шығармашылық жолы мен жетістіктерін көрсететін бірегей мәдени кеңістік құруға бағытталған. «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құнды жәдігерлер, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйердің сый­лықтары ұсы­нылды.

апра

Ұлттық музейде 6 қазанға дейін жал­ғасатын көрме мазмұны жағынан бір-бірімен байланысты төрт бөлімге топтастырылыпты. Атап айтсақ, «Шабыт көздері» аталатын алғашқы бөлімінде әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін заттар (фотосу­реттер, жекелеген заттар) қойыл­са, «Даңққа апарар жол» деген келесі бөлімінде Димаштың кәсіби білім жолында алған дип­ломдары, республикалық, халық­аралық байқауларда иеленген марапаттары және т.б дүниелер көпшілік назарынан ұсынылыпты. «Жанкүйерлер махаббаты» дейтін үшінші бөліміне әртістің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар қойылса, ал «Ұлт мәдениетінің жаршысы» атты төртінші топтамаға әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттары (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және т.б.) қойылған.

«Өзім Димаштың Лондон, Дубай, Санкт–Петербург, Ыс­танбұл сынды әлем­нің түкпір-түкпірінде өткен кон­церт­­теріне қалдырмай барып, ғаламат кеш­тердің куәсі болып келе жатырмын. Бүгінгі көрмеде Димашқа туған күнінде «Dear» атты тобымызбен бірге арнайы сыйлаған тұмарды экспонаттар арасынан көріп ерекше толқып тұрмын. Біз оны сыйлаймыз, өнеріне бас иеміз. Сөзсіз, Димаш – қазақ елінің мақтанышы ғой. Талантты жастың өнері әрдайым өрге жүзе берсін», дейді көрмеден айрықша әсерленіп шыққан әншінің жанкүйері Мәрия Төлентаева.

 

Димаштың бесігі

Жоғарыда атап өткеніміздей, көрмеге қойылған 200-ден аса экспонаттың арасында Димаштың сахналық костюмдері, 2015 жылдан бергі әншіге сыйланған түрлі сыйлықтар мен құнды жәдігерлер топтастырылған. Соның ішінде әсіресе, көрмеге келушілердің назарын ерекше аударған дүние – ол Димаштың бесігі болды. Ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлының айтуынша, бұл бесікті Димаштың атасы марқұм Құдайберген ақсақал 1970 жылы ұлы, яғни әншінің әкесі Қанат Айтбаев өмірге келгенде арнайы жасатыпты. Кейін Димашты да осы бесікке бөлепті. Әкелі-балалы екеуі ғана емес, осы әулеттің 22 сәбиін тербеген құтты бесіктің құндылығын көрмеге келушілер де лайықты бағалап жатты.

– Бұл бесіктің жасалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ал­ғаш Димаштың әкесі, кейін де әуеті­міздің қаншама перзенті осы бесікте құн­дақталды. Димашымызды да осы бесікте әнімізбен әлдилеп ұйықтаттық. Бір қызығы, бұл бесікті жасаған шебердің ұлты орыс болған. Алайда қазақтың ортасында өскен ол кісінің жаны қазақпен туысып кеткені соншалық, қазаққа қа­жетті ұлттық дүниелерді барлық ерек­шелігін ескеріп, мінсіз жасайтын болған. Сол қасиетін ескерсе керек, әкеміз балалары жататын бесікті сол кісіге сеніп тапсырған екен. Қазірге дейін 22 сәбиді тербеген бесік алдағы уақытта да әлі талай әлдиді тербете береді деп сенеміз. Өйткені бұл бесікте тербелген бөбектің ең кішкентайы әлі бір жасқа толған жоқ, – деп құнды жәдігер тарихымен таныстырған Света Айтбаева көрмеге қойылған әрбір экспонат әнші үшін ғана емес, күллі отбасы үшін де құнды екендігіне баса тоқталды. Себебі бұл заттардың әрқайсысында Димашқа деген тыңдармандарының көл-көсір көңілі мен шексіз махаббат-құрметі жатқандығын атап өтті әншінің анасы.

Иә, бесік – құндылық. Ұрпақ ұлғаты­ның ұлт ертеңі үшін қаншалықты құнды екендігін түсіну үшін «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Әуе­зовтің әйгілі сөзін ойға алсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Бесікте жатқанынан-ақ ананың сүті, әкенің құтымен бойға қонған теңдессіз талант табиғатын түсіну үшін де қойылған бұл жәдігер әнші тыңдармандары үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз.

 

«Ұмытылмас күн»

Димаш жанкүйерлерімен бірге жиі шырқайтын бұл ән тек әуен ішінде ғана емес, тыңдарманның көңіл түкпірінде де әншінің әр концерті сайын сайрап жатады. Сондықтан болса керек, осы бір ұмытылмас сезімді бастан кешу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған Димаш жанкүйерлері әр концерті сайы­н сүйікті әншісінің жанынан табылады. Бұл жолы да дәстүрден танбаған тыңдармандар концерт болар күні «Астана Арена» маңайын шексіз құрмет пен риясыз махаббат мекеніне айналдырды. Әріге бармай-ақ мамыр айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен концертінде «Бешіктас» стадионының жанынан жолықтырған жанкүйерлерді бұл жолы Астанамыздан көр­генде, шыны керек, көңіл толқып, әлемді әнімен ұйыстырған Ди­маштың дара дарынына еріксіз бас идік.

пар

Әу баста бір-ақ күнге жос­парланған концерт билеттері сатылымға шыққан санаулы сәтте-ақ сатылып кеткендіктен, ұйымдастырушылар ұмытылмас кешті екінші күнге де созуға мәжбүр болыпты. Концерт өткен екі күнде де «Астана Аренада» аншлаг, стадионда ине шаншар орын болмады. Залға сыймаған тың­дарманың ықыласында шек жоқ. Жер­лестерімізден бөлек, әлемнің 80 елінен асыға жеткен 10 мыңнан аса көрер­меннің көл-көсір көңілі тіпті ерек.

Хош, сонымен көптен күткен концерт те басталды. Димаштың жеке концерт­терінде алғаш рет әртістің өзі және толық көрер­меннің орындауында бағ­дар­ламаның басында еліміздің Ән­ұраны шырқалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың атынан әншіге гүл шоқтары табыс етілді.

 

Жеті тілде ән салды

«Stranger» әлем турының бір бөлігі болып табылатын айтулы шоуда әр ән драмалық қойылымға құрылып, нағыз музыкалық спектакльге айналды. Әрбір деталі мұқият ойластырылған, арасында қазақтың мәдениеті мен тарихын Димаштың аузымен таныстыратын концертке барған да арманда, бармаған да арманда десек, артық айтпағанымыз. Себебі дәл осы екі күнде Димаш «Астана Арена» төрін шын мәнінде нағыз шоуға айналдырды. Жаңа әндерінің әлемдік премьерасы өз алдына, басты рөлде Димаштың өзі болған бейнепрологтер легі жаңа сюжеттер желісін жандандырып отырды. Әнші көрермендерді әртүрлі дәуірлер мен әлемдерге апаратын жиһанкез болып сиқырлы жа­құтты іздеуге шықты. Әр әні арқылы оқиғаның мазмұны ашылып, жұмбағы шешілді. Ұйымдас­тырушылардың мәліметінше, осы оқиғаның тақырыбын толықтай ашу үшін арнайы сахналық кос­тюмдер де тігіліпті.

Құрылымы мұқият ойластырылып, бас-аяғы жіті жүйеленген концерттің әр нөмірі мазмұндық һәм көркемдік талғамымен ерек­шеленді. Соның ішінде әсіресе есте қалғаны – әртістің ұшатын шапанмен арена күмбезінен төмен «Golden» әнін орындап түсіп келе жатқан сәті болды. Бұл көрініс тыңдармандарға ғаламат әсер сыйлағаны сөзсіз. Димаш тарапынан ұсынылған мұндай тосынсыйлар концертте өте көп болды. Мәселен, «Weekend» әнін орындау кезінде ол арбаның үстіне отырып, көрермендер арасынан жүріп өтті. Сол секілді көліктің төбесіне отырып, ән орындап, аренадан өтіп қайта сахнаға шықты. Ал бағдарламаның келесі бөлімінде теңіз тереңіне сүң­гіп, қобыздың көне хикаясына жаңа жол ашылды. «Stranger» әнінің тұрақты солисі Олжас Құрманбек тарих қойнауына жетелесе, хор мен оркестр дыбысты күшейтіп, Димаштың теңдессіз үні жанкүйерлерді ғасырлар қойнауына сүңгіткендей ғаламат әсерге бөледі. Ал әншінің Ернат Наурыз және Темірлан Олжабай есімді қос домбырашымен бірге «Адай» күйін орындау сәтінде қазақтың көне аспабы туралы әдемі аңыз басталды. Бірлескен шығармашылық композиция Әбілмансұр Құдайбергеннің «Together» атты төл әнімен түйін­делді.

пар

Жиһанкез бейнесіне енген әнші өнер сапарын келесі бө­лімде әрі қарай жалғастырды. Үңгір ішінен табылған асыл тас кө­рермендерді «Аве Марияға» апарды. Ондағы Періште мен Жын бейнесін орындаған әуе гимнастары оқиғаның көркемдік биікте үн қатуына жан-жақты септесіп, шоудың шарықтау шегін барынша жандандыра түсті. Ал осы бір қызықты оқиғаның жалғасы ретінде орындалған «Любовь уставших лебедей» әні бүкіл стадиондағы жанкүйерлердің көңілін толқытып, ұмытылмас әсерге бөледі.

Сонымен қатар дәл осы кеште ав­тордың ауыр рок стиліндегі «Fire» композициясының премьерасы өтті. Сондай-ақ жаңа концерттік форматтағы «Олимпико» канта­тасын Димаш «Наз», «Гүлдер», «Бірлік» және «Battle of Me­mory» би ұжымдарынан 40 биші мен барабандардың сүйемел­деуімен орындады. Ал француз тілінде орындалған «SOS D’un Terrien En Détresse» әні зал­дағы тыңдарманның айрықша қошеметіне бөленді. Концертке жиналғандар атақты әнді әртіспен қосыла шырқады. Рэп эле­менттері бар жаңа өңдеудегі «Киелі мекен», «Дүрдараз» сынды әндер де тың­дарманның ыстық ықыласына бөленді.

Концерт Дархан Рақымғалиев жетек­шілік ететін Мемлекеттік күзет қыз­метінің Президенттік ор­кестрі мен Қазақ ұлттық өнер университеті хорымен сүйе­мелденіп, бағдарламаларға жаңа үн қосты. Екі концертті де 80 елден 10 мың­­нан астам шетелдік көрермен тамашалады. Кешті ұйымдастыруда 200-ден астам кәсіби мамандар жұмыс істесе, 350-ден астам халықаралық топ Ди­машпен бірге сахнада өнер көрсетті. Олардың арасында Қазақстан, Қы­тай, Ресей, Украина, Камерун, Гана, Уганда, Мексика, Испания және Кения елде­рінің бишілері, оркестршілері мен ән­шілері бар, яғни бұл іс-шараның музыка мен мәдениет саласында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдарды біріктірген халықаралық сипаты басым болды деп нық сеніммен айтуға болады.

Бұған дейін де Димаш кон­церттерінде жиі куә болып жүр­геніміздей, кеш бойы әнші өзінің «Ұмытылмас күн», «Ма­хаббат бер маған», «Дай­дидау» сынды атақты әндерін әлемнің түкпір-түкпірінен жи­налған жанкүйерлерімен қосыла шыр­қап, стадион ішін тамаша думанға ұластырды.

«Мен Димаштың үнін, әнін сүйе­мін. Оның бейбіт өмірді, әлемдегі тыныштықты қолдайтын пейіл-ниетін, аза­маттық көзқа­ра­сын айрықша сыйлаймын. Оның әр концертіне келген сайын санам сілкініп, айрықша сезіммен шығамын. Ал бүгінгі Димаштың туған жерінде өтіп жатқан кон­цертінің әсері тіпті ерекше. Ол туып-өскен топырақты, оны тәрбиелеген ұлты мен ортасын көріп, салт-дәстүрімен танысып қатты толқып тұрмын. Бұл күн­дер менің жадымда ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Қазақстан деген ғажап ел екен. Димаштай ұлды өмірге әке­ліп, тәрбиелегені үшін де Қазақ еліне бас иемін. Димаштың өнері жасай берсін», деп концерттен кейін әншінің Белгиядан келген Венди есімді жан­күйері ағынан жарыла әсерін ортаға салды.

Иә, әлемді әнімен әлдилеген әртістің осы кештегі тағы бір тәнті еткен қасиеті – әр қимылы мен әрекетінен, үні мен өнерінен өзінің қазақ екенін паш етіп отырар болмысының ұлтжандылығы дер едік. Үні ғана емес, тілімен де ұлтын ұлықтап, әні арқылы әлемді қазаққа бас игізген ерлігі – Димаш феноменінің бір құпиясы дер едік. Сахна арқылы қазақтың әнін ғана емес, салты мен дәстүрін, ғұрпы мен ғибратын, ұлттық құн­дылықтарын да өнерімен бір­тұтас бірлікте ұсына алуы – әнші әлемінің әдемілігі һәм бірегейлігі. Әйтпесе, қазақ қай заманда да та­ланттан кенде болған жоқ қой. Бірақ дәл Димаштай дүниені қа-з­ақ­қа бас игізіп, әлем халқына қа­зақша ән шырқатқаны некен-саяқ.

Үш сағатқа созылған концертте Димаш жанды дауыста жеті тілде ән шырқап қана қоймай, түрлі рөлдерге еніп, бейне сомдады. Би билей жүріп, күрделі мінездерді мүсіндеді және ең бас­тысы, қазақ тілі арқылы, өнер тілі ар­қылы тыңдармандарымен сырласты. Шын көңілден шыққан саф өнер сөзсіз көрермен көңіліне де берік орнықты.