28 Сәуір, 2015

Еліне қызметі ерен еді

219 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
фото 1Қызмет бабымен Көкшетауға ауысып келген 1980 жылғы журналистік алғашқы іссапарым Чкалов ауданындағы «Красная звезда» колхозы еді. Алматы жағындағы әдемі көріністердің ортасында жүрген мен шалғайдағы шаруашылықтың жайнаған тіршілігіне таң қалғанмын. Донецкое селосының жасыл желекті оқтай түзу көшелерінің бойына тізілген ақшаңқан үйлер жаңа ғана аспаннан мамырлай келіп қона қалған аққұтандарды елес­теткен. Айнала тап-таза, тіршілік жинақы, үлкен-кіші сәлемсіз өтпейді. Сол жолы әлеуметтік тақырыпқа мақала жазып, қуанып қайтқанмын. Қуанышымды еселей түскен ерекше жағдай да болды. Басшы-қосшының аузында Сейполла Мұқановтың аты. Қалаға бергісіз мәдениет үйін, екі ауданның адамдарына қызмет ұсынатын колхозаралық емхананы, зәулім мектеп пен мейірім шуағындағы балабақшаны, мал фермасын, қызыл қырманды, машина-трактор паркін көрсетіп, шаруашылықтың жетістіктерін мақтана ауызға алған тұрғындар осының бәрін ардақты азамат Сейполла Мұқановтың есімімен байланыс­тыра сөйлеген. Сөйтсем, бұл кісі 1958-1975 жылдар аралығында осы «Красная звезданы» басқарған екен. Сол жылы қайтыс болып, өзінің туған елі, көршілес Ортақ ауылында жерленіпті. Колхоз тұрғындарының түгелге жуығы поляк ұлтынан бола тұрып Сейполла ағамызға деген құрметтің биіктігіне қайран қалғанмын. Бір ғажабы, әлгі нысандардың барлығы бүгінгі күнге дейін мұрты сынбай, қызметін жаңаша жетілдіріп отыр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді», дегеніміз осы. Ол кісі туралы жұртшылықтан сұрастыра жүруді шығардым. Сол кездегі Красноармеец аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сәбит Мұқановпен бірнеше рет сұхбат жүргіздім. Ол кісі Сейполла ағайдың туған інісі екендігін бірде-бір рет ауызға алмаған. Кейіннен: «Бұл қалай?» десем, «сұрамадың ғой» дейді жымиып. Мен не дейін. Бұл Сәбит қазақи қарапайымдылықтың қозғалып жүрген үлгісі деп түйдім. Ағасы да осындай шығар деп ойлаймын. Сәбит Мұқановтан гөрі жеңгеміз Гүлбаршын әңгімешіл екен. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында біршама деректерді жинастырып, ұқыптап сақтап отыр. Біз осы жәдігерлерден қысқаша түйіндеп баян жасауды құп көрдік. Сейполла Мұқанов Зеренді ауданының Ортақ ауылында туған. Ол 1940 жылы Новосухотин орта мектебін бітіріп, колхоздағы қат-қауым жұмыстарға араласады. Өгіз жегіп, кіре тартты, жер жыртып, колхоз малына шөп-сабан тасыды. Ара-тұра трактор тізгінін ұстаған жағдайы да болды. Ойламаған жерден басталған соғыс оқу іздеу талабын тізгіндеген. Ауыл азаматтары селдірей бастады. Сейполла да 1942 жылы жиырмаға толмаған жасында майданға аттанды. Қысқа дайындықтан кейін пулеметші ол жаумен шайқасты. Аз уақыт өткен соң Челябі әскери-танк училищесін тәмамдап, әйгілі ­«Т-34» танкінің атқышы болды. Қазақстандық жауынгер­ өзі­­нің қаҺарлы машинасымен­ Оңтүстік, 3 және 4 Украина майданы құрамалары сапында Сталинградты қорғап, Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия жерін азат ету ұрыстарына қатысты. Ержүрек старшина, взвод командирінің орынбасары Сейполла Мұқанов алты рет жараланғанына қарамастан, айбынды сапқа қайта оралып отырған. Жауынгердің ерлігі мен батылдығының шынайы куәсі оның наградалары десек, ағамыздың омырауы орден, медальға толы екендігін айтқымыз келеді. Отаны жерлесіміздің жауынгерлік қызметін жоғары бағалады. Ол 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1944 жылы ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ал 1945 жылы Балатон көлі мен Будапештті алу шайқастарында ІІ дәрежелі «Даңқ» және жауынгерлік «Қызыл ту» ордендерімен марапатталды. Бұған «Будапештті алғаны үшін», «Югославияны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары мен Жоғарғы Бас қолбасшының алғыс хаттарын қосыңыз. Жеңіс солдаты елге абыроймен оралған бойда жарқын болашақ жолындағы қым-қуыт жұмыстарға белсене кірісті. Донецкое орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарып, Чкалов ауданының Бурабайдағы балалар лагеріне басшылық жасады. Сол кездері село тұрғындары комендатураның бақылауында болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу Сейполла Мұқанов коменданттардың еркінсіп, халыққа тізе батыруларына қолынан келгенше жол бермеді. Ұйымдастыру қабілеті жоғары азаматтың абыройы өсе түсуіне бұл жағдай да әсер еткені белгілі. Көп кешікпей ол колхоз бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланды. «Сейполла Мұқанұлы үлкен жүректі азамат, кісілермен тіл табыса білетін және істің көзін табатын қасиеттерімен жұртшылықтың жоғары құрметіне бөленді. Біз оған сенім артып, 1958 жылдың ақпан айындағы жалпы жиналыста «Красная звезда» колхозының төрағасы етіп сайладық. Біз өз таңдауымыздың дұрыстығына кәміл сендік. Ол бұл жұмысты өмірінің соңына дейін мінсіз атқарды». Бұл мерейлі баға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сол жылдарғы колхоз белсенділері К.Ваврженчик пен В.Дермановскийдің естеліктерінен алынып отыр. Шындығында, аз жылдардың ішінде «Красная звезда» колхозы аудан көлемінде ғана емес, облыстағы іргелі, экономикасы мен әлеуметтік саласы дамыған шаруашылықтардың қатарына қосылды. Орталық қоныспен қатар Озерное бөлімшесі де озаттар сапында атала бастады. Жыл сайын мемлекетке 6000 тонна астық, 960 тонна сүт, 300 тонна ет өткізуді қалыпты дәстүрге айналдырған шаруашылық «миллионер колхоз» атанды. Тұрғындардың кірісі артып, тұрмысы жақсарды. Мұнда облыстық, республикалық тәжірибе алмасу семинарлары ұйымдастырылды. Ауылдастар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың арнайы сапармен келіп, ұжым жұмысына жоғары баға бергенін ұмытпайды. Осылайша шаруашылықты өркендетудегі сіңірген еңбегі үшін Сейполла Мұқанов екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамо­тасымен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрме­сінің медальдарымен марапатталды. Ол қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмады. Шаруашылықтың шебер ұйымдастырушысы аудан­­дық және облыстық партия комитеттерінің мүшелігіне, осы санаттағы кеңестердің депу­таттығына, республикалық колхоздар кеңесінің мүшелігіне бір­неше рет сайланды. Шолпан жеңгеміз екеуі сегіз бала сүйіп, немерелерінің қуанышына бөленді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы.