Шығыс өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері марапатталды
Биыл елімізде бірқатар айтулы мерейтойлар өтетіні мәлім. Оның ішінде елімізді еңселі ертеңіне тұрақтылық пен тағаттылық тәрбиесі арқылы жетелеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Осы орайда өңір басшысы Даниал Ахметов облыстық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен және ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мүшелерімен кездесті. Татулық пен тағаттылық – жаңа тұрпатты Қазақстанның негізгі даму басымдықтарының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан жұрты мойындаған этносаралық бірлік моделін жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында елімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Шығыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында да этномәдени бірлестіктердің өзіндік үлесі бар. Кездесу барысында өңірдегі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев 2014 жылы жүзеге асырылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Хатшылық меңгерушісінің айтуынша, өңірдегі ҚХА мүшелері мен Достық үйлері өткізетін шаралардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді. – Шығыс Қазақстан – облыстық және республикалық деңгейде кең қолдау тауып отырған этносаралық саладағы жаңа идеялардың бастамашысы болып отырған өңір. Мәселен, салт-дәстүр, тәжірибе алмасу, шығармашылық ұжымдардың, халықтық өнерпаздардың жарқын қойылымдары арқылы бір мақсатқа жұмылдырған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-акциясы бізде ғана емес, барлық облыстардың қалалары мен аудандарында өткізіліп, үлкен қолдауға ие болды. 2014 жылы акция шеңберінде еліміз бен «Алтай – біздің ортақ үйіміз» жобасы аясында Ресей, Қытай және Моңғолия сияқты жақын орналасқан мемлекеттердегі 113 елді мекенді қамтыған 137 іс-шара өтті. Бұл шаралар 200 мыңнан астам адамды қамтыды. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған адамдарға материалдық тұрғыдан көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмек, азық-түлік себетін сатып алуға және көз орталығында тексеруден өтуге жалпы сомасы 4 млн. 440 мың теңге қаржы бөлінді, – деді Еркінбек Аязбаев. Е.Аязбаев ҚХА хатшылығы атынан ұлтаралық келісімді дамытуға үлес қосқан барлық қоғам өкілдеріне ризашылығын білдіріп, биылғы Ассамблея жылында елімізде тұрақтылық пен татулықтың тағы да салтанат құратынын, оған барша отандастармен бірге шығысқазақстандықтардың да белсене қатысатынына сенім білдіретінін жеткізді. Бұдан кейін сөз алған ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың жетекшісі Люция Абдуллина Ассамблеяның соңғы жылдары ірі қоғамдық институтқа айналғанын айтты. – Ғылыми-сараптамалық топ мүшелері барлық білім мекемелерін бір жобаға жұмылдырып, жастармен жұмыс істеуге, инновациялық шешімдерді енгізуге үлкен мән береді. Университеттегі Ассамблея кафедрасында, «Назарбаевтану» және «Алтайтану» орталықтарында ғылыми жобалар, сараптамалар жүргізілді. Өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары да аталған салада өз ұсыныстары мен идеяларын бөлісуде. Мемлекеттің қарышты дамуындағы сәттіліктер ең алдымен жалпыхалықтық бірлікпен, барша ұлыстардың тілі мен діліне, салты мен дәстүріне деген құрметпен бекітіледі. Ассамблея құрылымы арқылы азаматтардың арасында сенім мен келісім, өзара түсіністік аурасы қалыптасты. Кез келген қазақстандық ұлты мен нәсіліне, діни нанымына қарамастан Конституция аясында бекітілген және кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігін пайдалана алады, – деді ол. Сондай-ақ, Люция Ильдаровна елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі кілті кейбір электронды ақпарат құралдары арқылы таралатын бөгде идеологиялық ағымдарға тосқауыл қоюда жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда аталған мәселенің ауа жайылмауына қоғамдық бірлестіктердің жұмысын бір арнаға тоғыстыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл ретте облыстағы түлеу мектебінде мемлекеттік тілді үйрету, түрлі ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетін, тарихын оқыту жолға қойылған. Жиында сөз алған ҚХА мүшелері Ассамблеяның құрылуы мен нығаюына атсалысқан ұйымдардың қатарында шығысқазақстандықтардың есімдері ерекше аталатынын, аталған құрылым этномәдени орталықтардың жұмысын жүйелеуге ықпал еткенін атап өтті. Мәселен, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ саясаттану және философия кафедрасының профессоры Лидия Столярова көптеген республикалық құжаттардың негізінде Шығыс өңірі ғалымдарының нақты ұсыныстары мен еңбегі бар екенін атап өтіп, тек облыс көлемінде ғана емес, әлемнің бірнеше мемлекеттерінен келген өкілдердің қатысуымен 14 ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін жеткізді. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі бейбітшілікті сақтауда барлық билік органдары мен қоғамдық институттарды, ұлт пен ұлыс өкілдерін бір мақсатқа біріктіріп, бірегей ұлтаралық саясатты жүргізуге мұрындық болып отырғанын атап өтті. – Қазақстанда барлық этностардың дәстүрі мен тілін, мәдениетін дамытуға өте қолайлы жағдай жасалған. Ассамблея қызметінің арқасында мемлекетіміздің этносаралық мәселелерді тиімді шешуіне мүмкіндік туды. Осы арқылы еліміздің халықаралық қауымдастықтағы абыройы күн санап өсіп келеді. Қырғызстандағы, Украинадағы жағдайлар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығына нұқсан келтіргенін көріп отырмыз. Украина кеңестік кезеңде экономикасы жағынан үлгі алатын ел болатын. Алайда, бүгінгі таңдағы келіспеушіліктер елді екіге бөлді. Бізде Украинадағыдай кеме құрылысы мен еуропалық елдерге шығатын мүмкіндік жоқ. Алайда, бізде Президентіміздің жүргізіп отырған кемел саясаты бар. Қазіргі кезде халқының саны жағынан үш есеге аз болғанымен Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Украинадан жоғары болып отыр. Мұның барлығы мемлекеттегі этносаралық тұрақтылықтың нәтижесі. Қаншама мектептер, ауруханалар, жолдар салынды. Әлі де салынады. Біз осы тиімді саясатты әрі қарай жалғастыра алсақ, өзіміз өмір сүріп отырған елді, қаланы тағы да дамыта түсетін боламыз. Осы жерде өніп-өсіп отырған халық болғандықтан, бір-біріміздің дәстүріміз бен тілімізге деген құрметіміз жоғары болуы керек. Бұл үрдіс ұрпақтан ұрпаққа алмасуы қажет, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов. Ассамблеяның алғашқы жиыны марапаттау салтанатымен аяқталды. Атап айтқанда, ҚХА мүшесі Владимир Акулов, «Башқұл» аудандық татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Хамитов және Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаты, ҚХА депутаттық тобының мүшесі Вячеслав Харченко «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Сонымен бірге, белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы Галина Жампейісова мен ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Алексей Алексеенко Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатына ие болды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.Қазақ жеріне ұзатылғаныма еш өкінбеймін
Менің Қазақстанға келін болып түсуім қызық. Бала кезімізде ата-әжелерімнен бұл ел туралы, қазақтардың меймандос, ақжарқын қасиеттері жайлы естіп жүретінмін. Бірде Кавказға қонаққа келген ағайындардың тойында бір жас жігіт менімен арнайы танысып, әңгімеміз жарасып кетті. Сірә, мені ұнатқан болу керек, арада біраз уақыт өткеннен кейін тұрмысқа шығуға қолқа салды. Мен де іштей қарсы емеспін. Сала деген есіміне, түр-тұлғасына көңіл тояды. Болашақ жұбайым «Қазақстаннанмын» дегеніне ішім жылып сала берсе де, туған-туыстарымды, кіндік қаным тамған атамекенімді қия алмай жүрдім. Қыздың жатжұрттыққа жаралғанын мойындаған күйі әке-шешемнің ақ батасын алғаннан кейін қол ұстасып кете бардық. Қап тауының арғы жағынан қазақ жеріне ұзатылғаныма, тағдырымның бұл жазуына еш өкінбеймін. Керісінше, өте ризамын! Тыныштықтың тал бесігінде тербетілген елде отбасын құрып, тамыр жайдық. Сұлтан, Хасан есімді ұлдарым дүниеге келді. Ата, әже атандық. Бұдан асқан арман жоқ шығар. Өмірде өз орныңды тауып, елге, қоғамға пайда келтіргеннің өзі зор бақыт емес пе?! Біздің отбасы мүшелері түгелімен ішкі істер саласында мінсіз қызмет етіп, әулет абыройын асырды. Әке жолын жалғастырған жұбайым қазір зейнетте. Отағасынан үлгі-өнеге алған ұлдарымызды жастайынан елді, жерді сүюге, үлкенді қадірлеуге тәрбиеледік. Тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркеюіне өзіндік үлес қосып жүргенімізді әркез мәртебе санаймыз. Немерелерім де жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Оларға да қазақстандық патриотизм қасиеттері тән. “Елім!” деп келген әр адамды жатсынбай құшақ жая қарсы алатын Қазақ елі осылайша Магомедовтер әулетінің Отанына айналды. Жүрегіміз де, тілегіміз де қазақстандықтармен бір. Біздің отбасы Мемлекет басшысының бастамасымен бірінші рет өткізілген “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысып, облыста бірінші орынды жеңіп алды. Астана қаласында ұйымдастырылған ақтық байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Отбасы мәртебесін насихаттауға бағытталған үлкен іс-шарада Нұрсұлтан Әбішұлымен тілдесудің сәті түскенін қалай ғана ұмытармыз! Президентіміздің сөзі бәрімізді толғандырды. Мемлекет басшысы атынан тарту етілген жеңіл көлік мініп қайттық. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнегелі отбасылардың басын біріктірген фестиваль береке, бірліктің символы ретінде есте қалды. Отбасының қоғамдағы алатын зор рөлін айғақтап берді. Өз басым бейбітшілікті бағалай білетін, ауызбірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма өте қуаныштымын. Киелі де қасиетті жерге келін болып түскенімді басыма қонған бақ құсы деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз көп ұлттың басын біріктіріп, барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасап, соның арқасында елімізде тұрақтылық, тыныштық орнағанын баса айтқым келеді. Өркениетті елдер қатарына қосылу ұмтылысымызды жарқын болашаққа бастайтын баспалдақ деп есептеймін. Бір кездері бақыт құсының қанатына ілесіп келген Қазақстан қазір туған үйіміз саналады. Қазақ жерінде ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеміз. Бар тілеуім – елімнің амандығы! Макка МАГОМЕДОВА. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.Еңбегіміз жанды деген осы
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы атап өтіледі. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Ал жыл сайын атаулы мерекеде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде ел аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын кең көлемде атап өтеді. Тараз қаласындағы №6 қалалық емханасында қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, татар, дүнген, күрд, марий ұлттарынан құралған медицина қызметкерлері бір ұжымда бірнеше жылдан бері тату-тәтті, ынтымақты еңбек етуде. Жақында осы емханадан тексеріліп, бойындағы сыр беріп жүрген ақауының себебін біліп, оны осы жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи мекемеде емдеп, дертінің алдын алған қала тұрғыны Фируза Кошарова шағым-ұсыныс кітабында былай деп жазыпты: «Мен осы емханада 15 жылдан бері есепте тұрамын. Ауруымыз сыр беріп, дертіміз дендесе, бірден осы жерден табыламыз. Қай кезде келсек те, жылы шырай тынытып, күліп қарсы алып, ауруымызға шипа табуға тырысатын емхана ұжымы – біздің өз үйіміз болып кеткен. Мен – дүнген ұлтының өкілімін. Отбасымызбен еңбекқормыз. Оған сай денсаулығымыз болуы қажет. Осы емхана біздің барлық қажеттілігімізді орындап, деніміздің сау болуына бірден-бір ықпал етіп келе жатыр». Ал Валентина Иванова деген қала тұрғыны осы емхананың дәрігерлері Патима Қосжанова, Феруза Қойлановаға алғыстарын жеткізе отырып, шын ниеттерімен олардың адамгершілік қасиеттеріне бас иетіндерін айтады. Жалпы, дәрігерлерге шын пейілімен ризашылықтарын білдіріп жататындар аз емес. Осындай жылы сөздерді естігенде, алғысынан ұрысы көп жұмысымыздан рахат тапқандай, риза болып қаламыз. «Еңбегіміз жанды деген осы болар», деп қоямыз. Барлық ұлттардың арасындағы достықты нығайтып, ынтымағын жарастыратын айтулы жылда бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, ендеше! Дүйсекүл КЕРІМБАЕВА, №6 қалалық емхананың бас дәрігері. ТАРАЗ.