Көптеген ірі жобаның жүзеге асуы болашағы зор ауданның келешегін кемелдендіріп, өңір экономикасын өрге сүйреп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатыны анық. Аудан аумағындағы Алакөл көлі еліміздің ең танымал туристік аймағына еніп, республика бойынша ең көп туристер жиналатын орындардың біріне айналып келеді. Бүгінгі күні жағалауда 435 кәсіпкерлік нысан, оның ішінде 230 демалыс үйі қызмет көрсетеді. Қолма-қол қызмет көрсету мақсатында медициналық және полиция пункттері қызмет атқарады. Биылғы маусымда медициналық пунктке 1018 демалушы көмекке жүгінген. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың ішкі істер департаменті тарапынан тұрақты түрде полиция патрулі кезекшілік етеді. 116 бейнекамера толықтай орталық полиция пунктіне онлайн режімде қосылған.
Жағалауда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық төтенше жағдай департаменті барлық жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Құтқару посты мен мұнаралар өзіне жүктелген міндетін ойдағыдай атқарып жатыр. Бұған қосымша 10 адамнан тұратын, толық жабдықталған ерікті құтқарушы топ құрылды. Санитарлық жағдайды қадағалау мен көлдің жағасын абаттандыру жұмыстары, тазалықты сақтау, электр қуатының тапшылығы бойынша мәселелерді шешу мен реттеу және алыс-жақыннан келетін туристер тарапынан түскен шағымдардың алдын алу, кемшіліктермен күрес әрдайым қадағалаудан тыс қалған емес.
Мақаншы ауданындағы тұрғындармен кездесіп, есеп берген аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев бүгінгі күні Алакөлдің ахуалын жақсартуға байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Облыстың туристік әлеуеті кеңінен мәлім, оның басты байлығының бірі – аймақтың өзіндік «төлқұжатына» айналған Алакөл көлі. Алдағы уақытта жағалаудың санитарлық жағдайын жақсартып, оны абаттандыру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр. Аудан әкімдігі бұл бағытта нәтижелі жұмыс ұйымдастыруы қажет. Көл жағасында апаттық-құтқару стансасының құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 7,1 млн теңге бөлінді», деді аймақ басшысы.
Мақаншы ауданына жұмыс сапары аясында Нұрлан Телманұлы Алакөлдің туристік әлеуетін дамыту жоспарымен танысты. Бұған қоса Алакөл көлінің маңында орналасқан «Барлық Арасан» санаторийіне арнайы барды. Теңіз деңгейінен 579 метр биіктікте орналасқан ыстық минералды бұлақ екі шақырым тереңдікте орташа көміртекті терең альбиопорфиттері бар 13 ұңғымасымен танымал. Барлық тауының бауырындағы шипажайда науқастарды емдеу барысында минералды сулар мен емдік балшықтар пайдаға жарайды. Аталған термалды минералдық су көздерінің құрамында күкірт, хлорлы сульфат, кремний қышқылы бар. Судың температурасы 20-43 С°. Шипажай суы химиялық құрамы жағынан Цхалтубо, Сарыағаш, Алма-Арасан шипажайларының суларына ұқсас. Минералды сулармен тері ауруларын, буын жүйке, асқазан ауруларын, тыныс органдарын, гинекологиялық ауруларды емдеуге болады.
Бүгінде шипажай мамандары тұрақты түрде күніне 50 адамға дейін қабылдайды. Кәсіпорын шипажайлық-курорттық қызмет көрсетумен қатар, «Алакөл» брендімен ауызсу шығаруды да іске қосқан. Тау суы сүзіліп, сағатына 500 бөтелкеге құйылады. Қазірдің өзінде жергілікті нарықта сатылымға шыққан. Жақын арада облыс деңгейіне шығу және көршілес облыстарға сату жоспарға алынған. Өндіріс орнын аралаған облыс әкімі өңірдің шекара аймағы екенін ескере отырып, өнімді Қытайға экспорттау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Жалпы алғанда, Мақаншы ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай туғызуға бағытталған инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен абаттандыру жұмысы қолға алынып жатыр. Аталған ауданда тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінген. 2026 жылға дейін облыстың барлық тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 46 жоба жоспарланған. Оның ішіндегі алтауы биыл бастау алды. Мақаншы ауданында қазірдің өзінде 22 540 адам тұратын 16 ауыл таза ауызсумен қамтылды. Қабанбай, Бекет елді мекендеріндегі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын тауып, Мақаншы, Қарабұлақ, Қызылбұлақ сынды ауылдарға көше жарығын орнату жоспарда тұр. Жыл басынан бері облыста 190 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 1 350 шаршы метрі Мақаншы ауданына тиесілі. Ауданның әлеуметтік жағынан осал азаматтары үшін баспана мәселесі келешекте шешімін таппақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағдары үздіксіз іске асып келеді. Аталған стратегиялық жоспар жаңадан бой түзеген аудан тынысын ашуға да мол мүмкіндік беріп отыр. Мақаншы ауданы облыс көлеміндегі ауылшаруашылық саласына тікелей қатысы бар ірі аудандардың бірі. Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауылшаруашылық тауарының жалпы өнімі 10 млрд 554 млн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Ет, сүт өнімдерінің өсімі көңіл көншітеді. Аудан бойынша дәнді және майлы дакылдар, бақша өнімдері, көкөністер мен бақша тұқымдарын қосып есептегенде егілген егістік көлемі 46 мың 912,3 гектарға ұлғайған.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Мақаншы ауданын аралаған сапарының аясында дәрігерлік амбулатория құрылысының барысымен танысты. Жұмыс «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жалғасып отыр. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Аймақ басшысы аудан әкімі, аурухана басшысы, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасына медициналық кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін еліміздің өзге өңірлерінен мамандар тарту, арнайы шақыртумен келген мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін де сөз етті.
– Біз медициналық жабдықтар паркін жаңарту және қосымша медициналық қызметтер орталықтарын құру жұмыстарын жалғастырамыз. Өткен жылы денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаржы бөлінді. Биыл бұл жұмыс жалғасын тапты. Мәселен, аудандық ауруханаға компьютерлік томограф сатып алуға облыстық бюджеттен 350 млн теңге қарастырылған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылысы басталған 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының сегізі Мақаншы ауданына тиесілі. Мақаншыдағы күндізгі стационары, зертханасы және әйелдер консультациясы бар дәрігерлік амбулаторияны қайта жаңартуды бастауға тиісті қаржы бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Аудан орталығында 140 орындық балабақша құрылысының жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігері «QK SUNQAR» ЖШС балабақша құрылысында ғимараттың қасбетін мен ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыс әкімі есепті кездесу соңында аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға әкім жан-жақты жауап қайтарып, аудан әкімі мен құзырлы мекеме, бөлімдерге тиісті міндеттер жүктеді.
Абай облысы