Туризм • 18 Қыркүйек, 2024

Екі апта ішінде елімізге жарты миллионнан астам турист келген

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде елімізге келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жеткен. Оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және темір жол көлігімен келген, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі апта ішінде елімізге жарты миллионнан астам турист келген

Фото: visitaktobe.kz

Ведомствоның хабарлауынша, шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойындары мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш іс-шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.

«Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келген. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам саяхатшының Қазақстанға келуі тіркелген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің айтуынша, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
 
EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдікті тіркеген. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 доллардың шамасында болған. Демек, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ долларын қосқан.
 
Айта кетерлігі, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам барған.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосқан. Көшпелілер ойындарының ұйымдастыру комитеті мәлімдегендей, этноауылдар мен ойындарды көруге 250 мыңнан астам адам келген.