Қостанай облысында өткен жылы жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы 10 пайызға көбейген. Республикалық Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының бастығы Евгений Пархоменконың мәліметінше, өткен жылы облыс өңірінде жасөспірімдердің 65 өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Оның 11-і қайтыс болды, 54 бала өмірін өзі қиюға әрекеттенген. Ал 2013 жылы 59 жасөспірім жасаған теріс әрекеттің 15-і суицидпен аяқталған еді.
– Балалардың өзіне қол жұмсауының басты себебі – отбасындағы ұрыс-керіс, өзінің жақсы көретін адамымен ұрысып қалу, күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдай. Баланың суицидке баруына отбасының материалдық жағдайы емес, балалар мен ересектер арасындағы түсіністіктің жоқтығы себеп болады. 2013 және 2014 жылдары өзіне қол жұмсауға әрекет еткен, суицидке барғандар негізінен 15-17 жастағы жасөспірімдер. Бұл жаста оларда негізінен психологиялық тұрақсық мінез, көңіл күй күшті болады, – дейді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қостанай облыстық басқармасының бастығы Евгений Пархоменко.
Статистикаға жүгінген мамандардың айтуына қарағанда, қыздар өзіне қол жұмсауға жиі әрекеттенеді, бірақ ұлдар ойына алған нәрсені аяғына дейін жеткізеді. 2013 жылы облыс өңірінде 37 қыз бала, 22 ұл бала, 2014 жылы 49 қыз бала, 16 ұл өзін өлімге қиюға бел байлаған. 2014 жылы 49 қыздың 6-ының, өзіне қол жұмсаған 16 ұлдың 5-інің әрекеті суицидпен аяқталған. Осындай теріс түсініктегі жасөспірімдер айналасындағы жақын-жуығының өзіне көңіл бөлмейтінін жиі айтады. Өткен жылы көктемде техникалық колледждің 17 жасар студенті Қарабалық ауданындағы Қособа ауылындағы сарайда асылып қалған. Себебі, оған ата-анасының мейірімі жетпеген көрінеді
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».