
– Бір күні, – депті Ақан сері: – Атбасар базарынан жүздей жылқы сатып әкеле жатқан нағашым келіп үйге қонды. Менің жүйрік іздеп жүргенімнен хабардар ол: «Жиен, сен жүйрік іздеп жүр деп еді, айдап келе жатқан аттардан таңдағаныңды алып қал!» деді. Дереу Киікбай сыншыны шақырып алып, екеулеп жылқыны аралап келе жатып, көлдің жағасындағы құмда төрт аяғы серейіп арық құла құнан жатқанын көрдік. Киікбай оған бір қарап жіберіп: «Іздегенің табылды, Ақан сүйінші!» деді. Мен «бұл қай мазағы» дегендей аң-таң тұра қалдым» деп еске алады. Сонда Ақаңның күдігін сейілтпекке Киікбай сыншы сөйлей жөнеліпті. «Ей, Ақан, мынаның кеудесіне көз салшы, төсінің астынан адам жүгіріп өткендей, кең. Ертеден қара кешке дейін шапсаң да, ентікпейтін жылқы бұл. Сағағына қос жұдырық сыйып тұр. Мұндай тыныс тартар кең өңеш өзге жылқы баласына біткен емес. Азулары қабанның азуындай айқаса, кекжие кейін қарай бітуін-ай. Бұл сарқылмайтын қайраттың белгісі. Қабағын көрдің бе, жұдырықтай болып түйіліп тұрған. Жайшылықта момақансығанмен, ерегісте қандай құтырынар екен сабаз. Ашуы келмей жылқы шаппайды. Мына қабақпен егесте тұлданып шабатын жылқы бұл. Бөкен танау екен, бөкеннен жүйрік аң жоқ. Ең кең танау соныкі, мына құнанның танауына қол сиып кетердей делдие біткен екен. Бұл да демді бөкеннен кем тартпас. Басына қарашы! Кесіп алар еті жоқ, тап-тақыр жəне ұшқыр үйректің басындай ұп-ұзын, сүп-сүйрік. Ей, Ақан, алдыңғы жағынан қарағанда, бөксесі шөмиіп тұр. Бұл қас жүйріктің сыны. Енді артынан қарайық: жаясының кеңдігі құлашқа жақын. Жоны қысқа сәл күдістеу бітіпті. Жотасының жалпақтығына кісі төсек сап жатқандай. Шын жүйріктің алды-арты осылай тең келеді. Алдынан қарасаң арты жіңішке сияқты, артынан қарасаң алды жіңішке сияқты. Ал көлденеңінен қарасаң алды, арты бірдей толық. Жүйрік үш түрлі болады, бірінің алды, бірінің арты биік, енді бірінің алды-арты тең. Арты биік өрге шапқыш келеді, алды биік ылдиға шапқыш келеді, алды-арты тең ылди мен өрге бірдей шабады, мына құлагер құнан соңғысы екен», – деп ақтарылыпты сыншы.
Шығармада Киікбай сыншының толғана сыр шашуы мұнымен бітпейді. Әйгілі ат сыншысы алып поэмаға арқау болып, аңызға айналған жылқының бейнесін аша түскендей. Құлагер тұрпатының әр қырына жаңаша баға беріп, би-шешендерше көсіле сөйлейді. «Жүйрік жылқыны біз «бота тірсек» дейміз. Себебі ботаның тірсегі майысып тұрады. Тірсегі майысқан жылқының артқы аяқтарының серпіні екпінді келеді. Тегі жылқының алды емес, арты шабады. Ал мына құнанның тірсегі, «бота тірсек» аталып жүрген жылқылардың біреуіне де ұқсамайды. Мұның тірсегі – жолбарыстың тірсегі. Мұның артқы аяқтарының бір серпіні өзге жылқының екі-үш серпініне тең, өзге жүйріктің екі-үш адымы, мұның бір-ақ адымы. Ұзақ шабыста жылқының табаны қызып кетеді, табан қызса, аяқтарының қаруы қайтады. Мына құнанның тұяғына қарасаң төңкеріле, бүрісе, жіліншігінің орта жеріне дейін біткен. Мұнша қалың тұяқ қанша шапса да қызбайды. Құлағы аумаған құландікі, құланның құлағының түбі бос болады. Шапқан кезде құланның құлағы, қоянның құлағы сияқтанып, желкесіне қарай жатып қалады, сонда оған жел кірмейді. Қазақтың «құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтып күн көрер» дегеніндей мына құнанның жал-құйрығы жоқ екен. Бұл құлантектес жүйріктің сыны. Мұндай жылқы семіргенде майын қазысы мен қартасына не жалына жинамайды. Оның майы етіне араласа бітеді, еттен бөлек түйілген май құланда болмайды. Жалдың қылы астыңғы майына өседі, жалында май жоқ құланның желкесіне қыл қайдан бітсін», – дейді сыншы тебірене.
Мұнан соң Киікбай құнанды үйіне жетектеп алып кетеді. Ақан ауылына қайтады да, нағашысына келіп: «Жылқыңызда жаман арық құнан бар екен, соны алатын болдым», дейді. Нағашысы атып тұрып: «Апырмай, жиен-ай, сыншы ма едің?» дейді сасқалақтап. Болған оқиғаны білдіргісі келмеген Ақан: «жай ала салдым» деп ақталса да, нағашысы шынын айтқызыпты. Ақан шынын айтқаннан кейін, нағашысы: «Менің сыншым да дәл сенің сыншың айтқан сөзді айтып еді. Орыстан сатып алып едім, өзі кедей орыс болғасын арзанға сатып еді. Өзге аттан онын алсаң да бұлай қынжылмас ем, өзіме қисаң қайтеді?» деп жалынады. Ақан: «Осыдан басқаны алмаймын», деп отырып алады. Ақыры нағашысы аңызға айналған жылқыны көзден қиып береді. Ақанның «Құлагер» әніндегі «Құлагер, құлыныңнан керім едің, Нағашым сұрағанда беріп еді...» дейтін жолдардың тарихы осы екен, қадірлі оқырман.