Жас талант халықаралық конкурста Қазақстан авторларының шығармаларын фортепианода орындап, шетелдік қазылардың жоғары бағасына ие болған. Айта кетейік, Абылай – Астанадағы Жұмабек Тәшенов атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы. Сондай-ақ Роза Бағланова атындағы №2 музыкалық мектепте білім алады. Зағип болса да өнерге құштар. Бірінші топтағы мүгедек адамның мүмкіндігі шексіз деп
санайды.
Еске салсақ, жас өнерпаз бұған дейін «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Жұлдызай» байқауында лауреат атанса, бүгін халықаралық өнер додасында топ жарды. «Жеңімпаз болып жатқаныма бақыттымын. Мүмкіндік бергені үшін музыкалық мектеп мұғалімі Олеся Ивановнаға, анам мен әкеме рахмет», халықаралық байқаудың бас жүлдегері.
Абылай есепке де жүйрік. Германия, Түркияда менталды арифметикадан өткен олимпиадада топ жарып, жүлделі орынға ие болған. Жас өрен болашақта IT саласының маманы болуды қалайды.
Сондай-ақ аталған өнер додасында алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова да бас жүлдені жеңіп алды.
«Менің басты мақсатым – қазақы нақыштағы суреттерімді әлемге таныту. Біздің елімізде де өнер адамдары көп екенін, бар екенін білдіргім келеді», дейді Әсемгүл Сүлейменова.
Аталған байқауға елімізден барған үміткерлер көп. Атап айтсақ, ағайынды Гүлімай, Дінмұхаммед, Нұрбақыт Талап сахнаға шығып, ұлттық өнерімізді әйгіледі. Домбырада қазақ күйін күмбірлетті. Додаға балалармен қатар кәсіби музыканттар да қатысты. «Біріншіден, үрлемелі аспап квинтетімізге биыл 20 жыл толып отыр. Осы орайда бұл байқауға арнайы келдік. Ұлттық өнерді танытып, қазақтың тұрмыс-салтын, сан түрлі дәстүрін көрсетуді мақсат еттік», дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Жанат Ерманов.
Биыл төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Алтын уақыттың дарыны» халықаралық байқауын Украина азаматтары ұйымдастырып отыр. Олар музыка, бейнелеу өнері, хореография және басқа да аталымдар бойынша онлайн іріктеуден өткен 25 елдің өкілін Ұлыбританияға шақырған. Байқауға қатысу ақылы. Одан бөлек виза және жол шығындары бар. Ал қазақ өнерпаздарының Лондонға баруына демеушілер қолдау көрсеткен.
«Үлкен дарын иелеріне арналған дүбірлі дода көп. Біздің байқауға өзін әлі танытып үлгермеген, бірақ талантты өнер адамдары қатысады. Бес жастағы баладан бастап жетпістен асқан қарияға дейін сахнаға шығып жатыр», дейді байқау ұйымдастырушылары.
Жеңімпаздардың есімдері байқаудың ресми сайтындағы үздіктер тізіміне енгізіледі. Сондай-ақ озық оқу орындарынан шақырулар алып, шетелдік компаниялар оларға қызметтер ұсыну мүмкіндіктері де кездеседі. Қатысушылар дарындылар визасына ие болып, Ұлыбритания мен АҚШ-та өнерлерін шыңдай алады.