Қоғам • 19 Қыркүйек, 2024

Жол апатын азайтудың амалы қандай?

106 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жол апаттарына қатысты статистика жаға ұстатады. Кейінгі 30 жылда 80 мыңнан аса аза­маттың өмірі тасжолда үзіліпті. Елімізде жыл сайын кемі 2 мың адам көлік апаты салдарынан көз жұмады екен. Бұл – шағын бір ауылдың тұрғындарына пара-пар. Адам капиталына үлкен шығын әкеліп отырған мемлекеттік деңгейдегі проблема Президент Жолдауында да айтылды.

Жол апатын азайтудың амалы қандай?

«Жол апаттары қоғамның зор алаң­дау­шылығын туғызып отыр. Жыл ба­сы­­нан бері жол-көлік оқиғасынан 1 300-ден аса адам қаза болып, 16 мың­нан аса азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жа­тыр. Олардың арасында тұтас от­басы­лар да бар. Жол-көлік ин­фрақұрылымын жақсарту және ин­теллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе. Осы салаға жауапты меке­ме автокөліктердің техникалық жағ­дайы­на тиісті бақылау жасауы қажет», деді Президент халыққа Жолдауында.

Айтқызбай келер апаттың себебі сан алуан. Өкініштісі сол, көлік апаты өрімдей балалардың да өмірін жалмап жатыр. Жыл басынан бері елімізде балаларға қатысты 3,5 мыңнан аса жол апаты тіркелген болса, салдарынан 165 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 4 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған.

Өткен айда Ішкі істер ми­нистр­лігі жол апаттарының ал­дын алу туралы бейнеролик жария­лап, жантүршігер жағ­дайға алып келетін көлік апат­та­рының негізгі себептерін тіз­беледі. Бейнематериалда жолдағы қауіпсіздік көбіне көлік жүргізу тәртібіне байланысты екені айтыл­ған. Бұлар – көлік тізгінін кәмелетке толмағандарға немесе көлік басқаруға құқығы жоқ басқа адамдарға беру, жыл­дам­дықты шамадан тыс арттыру, мас күйде көлік жүргізу, жол жүру қағидаларын бұзу, жүргізуші назарының бөлінуі секілді бірнеше фактор. 

Жол-көлік апаты елімізде өте жиі бола­ты­нын, оның салдарынан өлім-жітім де көп екені жыл сайын­ ай­ты­лады. Оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған түрлі іс-ша­ра­ қолға алын­ғаны­мен, қа­ра­­лы статистиканың азаяр түрі жоқ.

«Президент Жолдауда жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жайы­на тоқталды. Себебі жол сапасы – қауіпсіздікке тікелей әсер ететін бірден-бір фактор. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама? Жолдардың жүктемеге төтеп бере алмауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құрылмауы, кейбір аймақ­тар­дағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тасжол жиегінде жайылатын қараусыз мал қай­ғылы оқиғалардың орын алуы­на әкеліп соқтырады. Кейбір аймақ­тарда әлі күнге дейін аудан орта­лықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы түбегейлі тыйылмай тұр. Мұндай оқиғалар, әсіресе жаңа жыл қарсаңында үдей түсетіні белгілі. Жол ережесін пысқырмайтын жүргізушілер өзінің ғана емес, өзгенің де өмірін күйретіп жат­қа­нын түсінуге тиіс. Дегенмен кейінгі жылдары бұған қатысты заң күшейіп, азаматтар сәл де болса қоғамдық жауапкершілікті сезіне бастағандай», дейді сарапшы Нұрлан Асқарұлы.

Ел аумағындағы көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 млн 800 мыңнан асады. Әр жыл сайын шамамен 120 мың аза­мат көлік жүр­гізу құқығына ие болады. Тұрғындардың жар­ты­сы­нан көбі – ескі көліктерді тіз­гін­дей­тін­дер. Мамандар тозығы жет­кен техника жол­да­ғы кө­лік апат­та­рына жиі себеп болады деген пікір­де.

«Ел тұрғындары тізгіндеген көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан. Олардың заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Техникалық байқаудан амалын тауып өтіп жүр. Сандық көрсеткішпен алсақ, бұл – 3 миллион көлік. Дамы­ған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүл­де рұқсат бермейді. Әлбетте, жұрт­тың бәрі жарқы­ратып жаңа көлік міне алмасы тағы анық. Өйткені жаңа көлік бағасы ша­рық­тап тұр. Көптеген оқиға адами фактордан, аза­мат­тардың сал­ғырт­тығы мен жауап­керші­­лі­­г­і­­нің төмендігінен белең алып жатыр. Жүргі­зу­ші­лердің жауап­кер­­ші­лігін оятып, түрлі келең­сіз­­дік­­­тің алдын алу үшін заңды ба­­рын­­ша кү­шей­ту керек», дей­ді қо­ғам белсендісі Елназар Ах­мет­­бек.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің өткен жылдың соңындағы есебіне сәйкес, ел аумағында жол апаттары ең көп орын алатын өңірлердің көш басында Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыс­тары аталған. Одан кейін Түркістан облысы мен Астана қаласы тұр. Жол апаттарының көп бөлігі халықаралық, республикалық маңызы бар тасжолдарда болады. Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының тасжолдарында да адам өлімінің дең­гейі жоғары. Әсіресе күзгі-қысқы маусымдағы жол қолай­сыз­дығы жағдайлары күшейгенде апат жиілей түседі.

Қазір ақпарат құралдары­нан жол апатына қатысты ақпарат­тарды күнде көзіміз шалады. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын Ішкі істер ми­нистрлігінің кеңейтілген алқа отырысында: «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проб­ле­маны көптің алдында Пар­ла­­ментте де, Үкіметте де талқы­ладық. Алайда мәселе шешіл­меген күйі қалып отыр», деген еді.

Екі ай бұрын Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол-көлік апаттарының алдын алу үшін 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан аса жол салу қажеттігін айтқан. Құры­лым басшысы елді мекен­дердегі инфрақұрылым мәселесі ма­ңызды екенін, жол апатының 85%-ы сол жерлерде орын алатынын атады. «Өлімнің төрттен бірі жаяу жүргіншілерді қағып кетуден келеді. Олардың ең көп үлесі Маң­ғыс­тау, Алматы, Қызылорда облыс­тарына тиесілі. Себеп – жаяу жүргінші жолдарының, жарық­тардың, тротуарлардың болмауы», дейді министр.

600 мыңға жуық көлік ресми түрде тіркелген Алматы қаласына тәулігіне өзге өңірлер мен облыс аумағынан келіп-кететін авто­көліктер саны 270 мыңнан асып жығылады. Мамандардың сөзінше, жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы. Оның ішінде жылдамдықты шамадан тыс үдету немесе түрлі оқыс қимыл жасап, басқа көлік­терге жол бермеу жағдайлары жиі тіркеледі. Бірер жыл бұрын Алматылық полицейлер жүргізушілерге сабақ болсын деген мақ­сатпен, жантүршігерлік апатқа ұшырап, тас-тал­қаны шыққан көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Олар мұндай шара арқылы жүр­гізу­­шілерді жолда абай болып, сақ жүруге ша­қыр­ған еді. Өкініштісі, бұдан сабақ алып жатқан­дар аз.

Мегаполисте жол қауіпсіздігін күшейтуге және жол-көлік оқиға­лары кезінде адам өлімін азайтуға бағыт­талған іс-қимылдар жыл сайын пысықталып келеді. Деген­мен кейінгі жылдары мопед, электрлі-самокат, скутер секілді микро­мобильдер санының артуы мәселені ушықтырып отыр. Осы жылдың алғашқы екі тоқсанында қос дөңгелекті көліктердің қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 500 адам зардап шеккен.

Сараптама көрсеткендей, жол апат­тары негізінен төрт және одан да көпжолақты күре жолдарда және жол қозғалысы кезінде оқыс қимыл жасауға мүмк­індік бермейтін елді мекендерде орын алатыны анықталған. Маман­дар жаяу жүргіншілердің қаты­сы бар жол-көлік оқиғалары кө­бі­несе жұма күні, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта жиі бола­тынын айтады. Vision Zero-ның жаһандық концепциясына сал­сақ, жаяу жүргінші – жол-көлік оқи­ға­сына қатысушы. Бұл қала тұр­ғындары үшін жеке авто­кө­лік­терден гөрі түрлі қоғам­дық кө­ліктің қызметін пайда­лану тиімді екенін көрсетеді. Зерт­теу бойынша, қоғамдық көлік да­мы­ған аудандардың тұр­ғын­дары автомобильденген орта­дағы адамдарға қарағанда жол-көлік апатына бес есе аз түсетін көрінеді.

«Жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында әлемдік тәжірибені ескере отырып, түрлі қадам жасалып жатыр. ЖКО жиі болатын учаскелерге зерттеу жүргізілді. Қауіп тудыратын проблемалы бұрылыстарда жол қозғалысы өзгертілді. Бекеттік, тро­туарлық және қолдан жасал­ған кедір-бұдырларды, боллардтар тегістелді, көзге кері әсер ететін визуалды элементтер саны азайтылды, адамдар көп жиналатын өтпелі жерлерге кнопкалы бағдаршамдар орнатылды, диодты жарық шамдар қойылды. Жаңа әдіс­терді енгізу арқылы жаяу жүргіншілер қауіп­­­сіздігі арта түскенін байқап отырмыз. «Қауіп­сіз қала», «Қауіпсіз көше», «Қауіпсіз жыл­­дам­дық», «Қауіпсіз қоғамдық көлік», «Жол қоз­ға­лысын бақылаудың интеллектуалды жүйесі», «Барлық қызметті үйлестіру» жоба­­­лары осы бағытта қолға алынған», дейді Алматы қаласы Мобильділік басқармасының маман­дары.

Халықтың өсіміне, ел эконо­ми­касына орасан зиян келті­ре­тін қайғылы оқиғалар қа­шан азаяды? Кейбір желі қол­дану­­шы­­лары мас күйінде көлік тізгі­ніне отырғандарды 7 жыл­ға ғана емес, өмір бойы көлік жүр­гізу құқығынан айыру керек деп есеп­тейді. Әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқы­ғы­нан айырылып, үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылатын көрінеді. Ал Қытай мен Таиландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін. Жапонияда ішімдік ішкен жанның көлігіне отырған кез келген жолаушыға үлкен көлемде айыппұл салынады. Ережені мың жерден күшейткенмен, әр азамат жауапкершіліктің салмағын сезінбесе қиын-ақ.

 

АЛМАТЫ