Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2024

Көлік қозғалысы әуеден бақыланады

72 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының республикалық маңызы бар жолдарындағы көлік қозғалысы ұшқышсыз әуе құрылғыларының көмегімен бақылана бастады. Облыс прокуратурасы, ТЖД, полиция қызметкерлері бірлесіп қолға алып отырған жаңа жоба көлік апаты жиі болатын жол учаскелерінде сынақтан өтті.

Көлік қозғалысы әуеден бақыланады

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шараларына Поли­ция департаменті мен Төтенше жағдай қызметінің дрондары пайдаланылады. Ұшқышсыз әуе аппараты 50 шақырымға дейін бара алады. Жылдамдығы сағатына 100 км-ға дейін жетеді. Жол ережесін бұзған көліктің нөмірін 2 шақырым қашықтықтан анықтап, жадына тіркеп қояды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, дрондар әуеде жұмыс істеген екі күн ішінде рұқсат етілмейтін жерде қарсы жолға шығып кеткен 6 жүргізуші ұсталған. Оның біреуі заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысып жүргені анықталды. Жол тәртібін бұзғандардың бәрі алты ай мерзімге дейін жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

сми

«Мысалы, 15 қыркүйек күні түстен кейін квадрокоптер қарсы жолаққа шығып кеткен «Jac Sanray» автокөлігін тіркеді. Жол ережесін бұзған 35 жастағы жүргізушіге қатыс­ты материалды полицейлер сотқа фото және бейне­дәлел­­дер­мен бірге жіберді», дейді облыстық ПД баспасөз хат­шысы Карина Базарбаева.

Сонымен қатар дрондар қауіпсіздік белдігін тақпайтын, жол сызығы мен жол белгілерін ескермейтін, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесетін жүргізушілерді де анықтайды.

Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді мұ­қият болуға, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

 

Қостанай облысы